Арыстанбек Мұхамедиұлын қамауда ұстау мерзімі тағы ұзартылды

Жарияланды
арест
Арыстанбек Мұхамедиұлы 2022 жылдың мамыр айында қамауға алынған. Фото: Аскар Ахметуллин

Ұлттық музейдің бұрынғы басшысы және экс-министр Арыстанбек Мұхамедиұлының қамауда болу мерзімі тағы да 2 айға ұзартылды, деп хабарлайды Астана қалалық сотының баспасөз қызметі.

«2023 жылғы 13 ақпанда Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу соты күдікті А. Мұхамедиұлының қамауда болу мерзімін 2 айға ұзартты», делінген хабарламада.

Қазақстанның бұрынғы мәдениет министрі 2022 жылдың мамыр айында бірден үш айға қамауға алынған еді. Тамыз айында Арыстанбек Мұхамедиұлын қамауға алу мерзімі алғаш рет ұзартылды.

Бастапқыда ол 146 миллион теңге бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінген болатын.

Тамыз айында Антикор оның ісі бойынша мемлекетке келтірілген шығынның алдын ала сомасы 7 миллиард теңгеге дейін өскенін хабарлады.

«Тергеу «Алтын адамның әлем мұражайлары бойынша шеруі» халықаралық көрмесін өткізуге, сондай-ақ «Қазақстанның ұлттық киелі нысандары мен музей қорларын жалпымемлекеттік фотограмметриялық 3D-сканерлеу» және «Қазақстан Республикасының Ұлттық цифрлық киноколлекциясын цифрландыру» жобаларына бөлінген бюджет қаражатын ұрлау фактілері бойынша жүргізілуде», делінген хабарламада.

Бұдан бөлек, А.Мұхамедиұлының мәдениет және спорт министрі лауазымында болған кезінде туыстарының және үлестес тұлғаларының меншігіне «Су және қолданбалы спорт түрлері бойынша Республикалық жоғары спорт шеберлігі мектебі» РМҚК, «Қазақ энциклопедиясы» АҚ және «Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институты» ЖШС заңсыз беруге қатыстылығы тексеріліп жатыр.

Сондай-ақ оқыңыз