Еліміздегі 471 гидротехникалық құрылыс жөндеуді қажет етіп тұр

Жарияланды
Гидротехникалық құрылыстар ескіріп тұр. Фото: ғаламтордан

Республика аумағында барлығы 1806 гидротехникалық құрылыс болса, соның ішінде 1322 гидротехникалық құрылыс ғимараты тексерістен өткен. 471 нысан жөндеу және жаңғыртуды  қажет етеді. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрі Зулфия Сүлейменова айтты.

Президент қабылдауына болған министр еліміздегі гидрометеорологиялық жағдай мен су тасқыны кезеңіне дайындық барысы туралы мәлімдеген.

Мнистрдің айтуынша, су тасқыны кезеңінде гидротехникалық нысандардың қауіпсіз пайдаланылуын қамтамасыз ету шаралары қолға алынған. Осы мақсатта ведомство Абай және Шығыс Қазақстан облыстарында тексеру жұмыстарын жуық арада жүргізуді жоспарлап отыр.

Сонымен қатар Зүлфия Сүлейменова броконьерлікке және орман ағашын заңсыз кесуге қарсы күрес шаралары күшейтіліп жатқанын жеткізді. Оның айтуынша, қазіргі таңда министрлік Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елімізде орман шаруашылығын дамыту мәселесін пысықтап жатыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев орталық және жергілікті атқарушы органдардың көктемгі су тасқынына әзірлік жұмыстарын бірлесе жүргізуі керек деді. Сондай-ақ барлық гидротехникалық құрылыстарды құжаттау және түгендеу ісін жыл соңына дейін аяқтауды тапсырды.

Бұған дейін ел үкіметі 255 елді мекен мен 100 мыңнан астам үй қауіпті аймақта тұрғанын хабарлаған болатын.

Сондай-ақ оқыңыз