Орал әуежайы сенімгерлік басқаруда – Жамаубаев

Жарияланды
Орал әуежайын ресейлік холдинг сатып алғаны хабарланған. Фото: www.uralskweek.kz

Премьер-министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Орал қаласындағы әуежайдың құрылтайшысы өзгергеруіне қатысты пікір білдірді.

«Орал әуежайы республикалық меншіктегі нысан емес. Бұл жерде ұшып-қону жолағы ғана стратегиялық маңызы бар нысан саналады. Алайда әуежайдың өзі, яғни ғимараты мен қоймалары, тағы басқасы жергілікті органға тиесілі объектілер және «Ақжайық» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына тиесілі», деді Ерұлан Жамаубаев Үкімет отырысынан кейін.

Сондай-ақ қаржы министрі осы мәселеге қатысты қосымша ақпарат беретінін айтты.

«Мемлекеттік мүлікті басқару комитетіне тиісті тапсырма беремін», – деді ол.

Премьер-министрдің тағы бір орынбасары Алтай Көлгіновтің айтуынша, стратегиялық нысан әуежайдағы жаңа терминалды жөндеу және салумен айналысқан мемлекетке тиесілі.

«Бірақ бұл жеке инвестор… оны инвестор деп айта да алмаймыз. Ол ұшу-қону жолағын да, терминалды да жөндеуге бір тиын да салған жоқ, оның бәрін мемлекет жасады. Сондықтан бұл мәселені анықтауымыз керек», – деді Алтай Көлгінов.

Вице-премьер бұл мәселе оның құзыретіне кірмейтінін айтып, толық жауап бере алмады.

Бұған дейін Ресей аумағында өңірлік әуежайларды басқаратын «Аэропорты регионов» компаниясы қазақстандық серіктестерімен бірлесіп «Орал «халықаралық әуежайы» ЖШС-ны сатып алу жөніндегі келісімшартқа отырғаны туралы ақпарат тарады.

Компанияның ресми хабарламасында холдинг қазақстандық серіктестермен бірлесіп «Орал халықаралық аэропорты» ЖШС-ын сатып алуды аяқтағынан жазылған.

Әуежайдың жолаушылар тасымалы жылына 300 мыңнан асады.

Shishkin like телеграм арнасының жазуынша, қазір «Орал халықаралық аэропорты» ЖШС-нің иелері  – қазақстандық кәсіпкер Дәулетхан Қилыбаев, «Ресей ретранс» АҚ мен Caspian Solar компаниясының иесі Сергей Артюгинге тиесілі «Уральск менеджмент» ЖШС. Дәулетхан Қилыбаев Қазақстанның Даму банкінде, «Қазазот» АҚ-да басшылық қызметтерде болған.

Айта кетейік, 2022 жылдың наурызында Үкімет қаулысымен халықаралық әуежайға Мәншүк Мәметова есімі берілді.

Сондай-ақ оқыңыз