Үкімет басшысы Әлихан Смайылов Петропавл қаласындағы мектепте болған оқиғаға байланысты министрліктерге тапсырма берді.
Бұған дейін мектепте жасөспірім үш оқушыны жарақаттағаны белгілі болды.
«Бұл өте қауіпті жағдай. Халықтың арасында үлкен алаңдаушылық тудырды. Балалардың қауіпсіздігіне алаңдамайтын отбасы жоқ. Мектептің ішінде де қауіп барын көріп отырмыз. Сондықтан бұл мәселені қайта қарап, оқу орындарына тексеру жүргізу қажет. Бейне камералардың санын көбейтіп, мектептегі кіреберісте бақылауды күшейту мәселесін қарау керек», – деді премьер-министр Үкімет отырысында.
Премьер-министр министрліктерге арнайы тапсырма берді.
«Ішкі істер министрлігі келісілген ұсыныстарды енгізсін. Денсаулық сақтау министрлігі зардап шеккен балаларды ерекше бақылауға алсын. Оқу-ағарту министрлігі, Ішкі істер және Төтенше жағдай министрліктері бірлесіп, қауіпсіздік сабақтарын әзірлеуі қажет. Балалар әртүрлі жағдайда өздерін қалау ұстау керегін нақты білуге тиіс», – деді Смайылов.
Ішкі істер министрінің хабарлауынша, жарақат алған үш оқушының бірі медициналық көмек көрсетілгеннен кейін үйіне жіберілді. Екі оқушы қалалық емханада жатыр. Жағдайы бірқалыпты.
Қылмыстық кодекстің қылмыстық кодекстің 24-бабы 3-бөлігі (қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу) және 99-бабы 2-бөлігі (кісі өлтіруге оқталу) бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Заңды өкілі болып анасы бекітілген.