Балалар психологы Гүлмира Ғабитқызы: Ата-ананы баланың сабақ үлгерімі ғана қызықтырмауы керек

Жарияланды
Бала буллинг құрбаны болмас үшін не істеу қажет?

Буллинг – балаға жасалған психологиялық және физикалық қысым. Біздің қоғамда буллинг тек мектепте орын алады деген ой қалыптасқан. Бірақ кемсіту іс-әрекеттері мектеп қабырғасынан бөлек, үйде, жұмыс орнында болуы әбден мүмкін. Психолог Гүлмира Ғабитқызының айтуынша, баланың мектептегі сабақ үлгерімін ғана бақыламай, оның достары мен қоршаған ортасына да мән берген дұрыс.

– Гүлмира, әрбір ата-ана буллинг жайлы нені білгені дұрыс?

– Буллинг бұрыннан бар нәрсе. Қазіргі кезде атауы жаңарғанмен, ол қоғам дерті десек болады. Буллинг – әлімжеттік көрсету, бопсалау, қорқыту, кемсіту сияқты іс-әрекеттердің атауы. Бұл әрекеттерді оқушылар ғана емес, ересек адамдар арасында да жиі кездестіруге болады. Буллинг бастауыш сынып кезінде басталып, мектеп бітіргенше жалғаса беруі мүмкін. Жасөспірімдер арасында топқа бөлініп алып, әлімжеттік көрсетіп, мазақтау мен кемсіту әрекеттері арқылы әлсіздерді қорлайды.

– Ата-ана баласының буллинг құрбаны болмас үшін не істеу қажет?

– Егер балаңыз осы буллингтің құрбанына айналса, оны отбасы мүшелеріне ашық айта алмаса, көрген қысымы мен қорлау басым болса, бала тығырыққа тіреліп, түрлі теріс әрекеттерді жасауға мәжбүр болады. Ең алдымен, баламен әрқашан ашық сөйлесе білу қажет. Ата-ана баласының достары туралы хабардар болуы керек. Ата–ананы тек баланың сабақ үлгерімі ғана қызықтырмағаны  маңызды. Буллингтің негізгі төрт түрі бар.

  1. Сөзбен қорлау. Әлімжеттіктің бұл түрі адамды сөзбен қорлау, қорқыту және мазақтау болып табылады. Мысалға  адамның сыртқы келбетін, дінін, ұлтын немесе киім үлгісін мазақ ету. Оның намысына тию, сыртынан ол туралы өтірік айту, өсек тарату, дөрекі сөйлеу, жәбірлеу сөз түріндегі буллингке жатады.
  2. Күшпен қорлау. Физикалық қорлауға ұру, итеру, түкіру, заттарды тартып алу сияқты іс-әрекеттер жатады. Бұл қорлаудың ең көп таралған түрі. Күш көрсету — өлімге апаруы мүмкін өте қауіпті қорлау түрі.
  3. Әлеуметтік-психологиялық қорлау. Өсек пен қауесет, елемеу, топтан және ортақ істерден шығару, келеке ету, бойкот жасау. Бұл буллинг түрі барлық жастағы адамдарға қатысты. Бірақ басқаларға қарағанда жиі байқалмайды. Сонымен қатар, дәл осы түрі жәбірленушінің ең қатты эмоционалды күйзелісін тудырады.
  4. Әлеуметтік желі арқылы қорқыту. Интернет, әлеуметтік желі, түрлі сайт арқылы қорқыту. Жәбірлеуші ұялы телефонмен хабарласып немесе әлеуметтік желіде жазып, адамды қорқыта алады. Кибербуллинг жасаушы ауызша немесе фото мен видео жариялап қорлауы мүмкін.

– Ата-ана баласының буллинг құрбаны болғаның қалай анықтай алады?

– Негізгі факторларға тоқталып кетсем:

  • Ұйқысыздық;
  • Кенеттен салмақ қосу немесе азып кету;
  • Кекештену: ( еріксіз бас, қол, иық, т.б қозғалысы) пайда болады.
  • Энурез (дәретін жіберіп қою), іш ауруы, асқазан мен бас ауруы.
  • Оқшаулану әрекеттері;
  • Жиі көзі жасаурап немесе агрессия пайда болады.

– Ана-ана балаға қандай көмек көрсете алады?

– Егер балаңыз буллинг құрбаны екені анықталса, әлімжеттік жасап, қорлап отырған балалардың ата-анасымен жеке-жеке сөйлесіңіз. Егерде одан ешқандай нәтиже шықпаса, демек сынып жетекшісі мен мектеп директоры, психолог, учаскелік полициямен жұмыс жасаған дұрыс. Балаңызбен ашық сөйлесу арқылы оны ешкімнің қорқытуына, физикалық және психикалық күш көрсетуіне ешкімнің қақысы жоқ екенің түсіндіріңіз. Оған оны қорғайтын және қолдайтын отбасы бар екенін айтыңыз.

– Бала буллинг құрбаны болса, оған психологиялық кеңес алу қажет пе?

Балалар арасында қазіргі кезде «суицид» белең алып барады. Оған себеп ата-ана мен бала қарым-қатынасының бұзылуы және қоғамның әсері десек болады. Мектеп қабырғасындағы буллинг деген агрессияға толы қысымның белең алып жатқанын жасырғанмен, ол қазіргі дерт. Қазіргі заман ағымы басқа, компьютер, телефонсыз өмірді елестету қиын. Осы техника құралы арқылы баланың намысына тиіп, қорлап, қорқытып, оны тығырыққа тіреп жатады. Ал бала одан  өзі жалғыз шыға алмайды. Егерде отбасында да ыстық қарым-қатынас болмаса, бала сенетін, оны түсінетін, қорғайтын адамдардың жылуын сезінбесе, әрине, тұңғиық түбіне түсіп кетеді. Өзін шырмауыққа шырмалғандай, жоғалтып алады. Міне, осындай күйзелісте жүрген баланың жан дүниесіне жара салмай, мамандарға апарған дұрыс. Балалар психологы қазір кезде өте қажет мамандардың бірі. Психолог маман балаға бұл тығырықтан шығу жолын дұрыс және жеңіл түсіндіреді.

– Егер баланың өзі жәбірлеуші болса, не істеу қажет?

Бала бойындағы агрессия ересектер тарапынан болады. Егерде сіз баланы дұрыс тыңдай және түсіне алмасаңыз бала бойындағы теріс іс-әрекеттердің туындауына себепші боласыз.

  • Қорқыту. Егер баланы жиі қорқыта берсеңіз, оның бойындағы агрессияны басуға емес, ұлғайтуға алып келесіз.
  • Баланы басыну. Сонымен қатар, баланы басына берсеңіз, оның әрбір қателігіне айқайлап, ұрысу арқылы баланың тұйықталуына себепші боласыз.
  • Баланың достарына теріс баға беру. Ата-ана баланың достарына теріс баға беру арқылы оның өзін бағалауын төмендетіп, ашуын оятады.
  • Кемсіту және қол көтеру. Баланы кемсіту арқылы сіз оның өзіне деген сенімділігін жоясыз. Ал балаға физикалық күш көрсетілсе, ол бұл жағдайды қалыпты деп қабылайды. Осы айтып өткен барлық іс-әрекеттер бала бойындағы жәбірлеуші, әлімжеттік көрсету сияқты мінез-құлықты тудырады. Баланы ұрып-соғу, оған ұруды үйретеді. Бала бойындағы теріс іс-әрекеттерге кінәлі – ата-ана. Ол үшін балаға дұрыс тәрбие берген өте маңызды.

– Сұхбатыңызға рақмет.

Сондай-ақ оқыңыз