Қазақстанның ЖІӨ-сі қызмет көрсету саласы есебінен 5,6% өсті

Жарияланды
Қазақстанның ЖІӨ-сі өсті. Фото: shutterstock.com

Биылғы қаңтарда Қазақстанның экономикалық өсімі 5,6%-ды көрсетті. Бұл туралы үкімет отырысында Ұлттық экономика вице-министрі Тимур Жақсылықов мәлімдеді.

Оның айтуынша, нақты сектордағы өсім 2,3%, ал қызмет көрсету саласында – 7,6% көрсетті.

«Барлық негізгі сала бойынша оң динамика байқалады. Сауда, ақпарат және байланыс, сондай-ақ құрылыс саласы ең жоғарғы өсуді көрсетті. Инвестициялар ағыны өнеркәсіпте – 9,2%, оның ішінде тау-кен өндіру өнеркәсібінде – 12,6%, ауыл шаруашылығында – 33,7%, жылжымайтын мүлікке қатысты операцияларда – 33,7%, көлік және қойма – 31,8% өсті», – деді Тимур Жақсылықов.

Өңірлер арасында Алматы, Ұлытау, Жамбыл және Маңғыстау облыстары көш бастап тұр.

«Өңдеу өнеркәсібінде өндіріс көлемі 1,6%-ға өсті. Оң өсім 14 өңірде тіркелді. Ең жоғарғы өсім Қызылорда, Алматы және Солтүстік Қазақстан облыстарында байқалады», – деді Ұлттық экономика вице-министрі.

Өңдеу өнеркәсібі салалары бөлінісінде машина жасау өндірісі 12,1%-ға өсті, оның ішінде автомобиль жасау – 27,5%, компьютерлер мен жабдықтар жасау 29,6% өсті.

Сондай-ақ экономикалық өсім азық-түлік өндірісі (9,8%), мұнай өңдеу өнімдері (11,1%), химия өнеркәсібі (10,6%), сусындар өндірісі (33,2%), фармацевтика өндірісі (51%), жеңіл өнеркәсіп (11,3%) саласында байқалады.

Тау-кен өнеркәсібінде өндіріс көлемі 1,2%-ға ұлғайып, кейінгі 4 айдан бері алғаш рет оң динамиканы көрсетті.

Сондай-ақ оқыңыз