Тұрақтандыру қорлары инфляцияға тоқтау бола ала ма?

Жарияланды
Қазастанда инфляцияны төмендету шаралы қолға алынды. Фото: shutterstock.com

Тұрақтандыру қорлары арқылы Қазақстанда инфляцияны төмендетуге арналған іс-шаралар басталды. Инфляцияға тікелей әсер ететін азық-түлкітің бағасын төмендету үшін ақпан-сәуір аралығында резервтегі қор шығарыла бастайды.

Қаңтар айында азық-түлік бағасы қатты көтерілді. Мәселен пияз – 22,5%, күріш – 5,2%, қырыққабат – 4,1%, сүт және сәбіз – 3,1%, картоп – 3% қымбаттаған. Билік бағаны ұстап тұру үшін әлеуметтік маңызы бар 19 түрлі азық-түлік түріне ең төменгі көтерме баға енгізуді ұсынды. Яғни халық көп тұтынатын ұн, нан, мүйіз, жұмыртқа, қарақұмық, күріш, қант, күнбағыс және май, сиыр еті, тауық еті, сүт, айран, сүзбе, картоп, сәбіз, пияз, қырыққабат және тұз сынды өнім түрлері 90 күн бойы билік бекіткен бағамен сатылуы керек еді. Алайда, көп жерлерде баға негізсіз көтерілген. Әсіресе, Маңғыстау, Ұлытау облыстары мен Астана қаласында әлеуметтік маңызы бар 10 түрлі тауар айтарлықтай қымбаттаған. Биліктің бұлайша баға тұрақтандырудағы саясатына пияз бағасының өсуі ауыр соққы болды. Пиязды экспортқа шығаруға тыйым салған аптада-ақ баға 5,5 пайызға көтерілді. Уақыт өте келе өнім құны 2-2,5 есеге артты. Естеріңізде болса, осы мәселені көтеріп,  пияз бағасының көтерілу қаупі бар ма, жоқ па білу үшін Сауда және интеграция министрлігіне сауал жолдағанбыз

Сонда министрлік өкілдері алаңдауға еш негіз жоқ екенін, бұл мәселе толық министрліктің қадағалауында тұрғанын айтқан еді. Ал сол кезде фискалдық деректер операторларының көрсеткіштерінде бір келі  пияздың орташа құны 169 теңге болса, ең жоғары көрсеткіш ШҚО-да 238 теңге, ал  Алматыда ең төменгі құны 111 теңге болған еді. Ал қазір Алматыда көтерме бағада сататын нүктелерде пияз құны 250 теңге болса, қала дүкендерінде 280-330 теңге аралығында сатылып жатыр.

Пияз мәселесі үкімет отырысында талқыланып, әкімдіктер ескерту алды.

«Әкімдерге бағаны ұстап тұру үшін барлық қажетті тетіктер берілді, қаржы ресурстары бөлінді, бірақ баға әлі де көтеріліп жатыр. Әкімдіктер жұмысы тиімсіз боп тұр. Мәселен, өңірлерге пиязға келісім-шарт жасау тапсырылды. Әкiмдер өз аймақтарына қажетті өнімнің жеткілікті екенін айып, есеп бердi. Бірақ пияз неге сонша қымбат? Елімізде пияз жеткілікті мөлшерде өсіріледі, алайда оның бағасының өсуін төмендету үшін біз төтенше шаралар қабылдауға, экспортқа тыйым салуға мәжбүр болдық»,  деп Смайылов әкімдіктердің жұмысын сынға алған еді.

Содан кейін тұрақтандыру қорлары базасындағы азық-түлікті шығаруды тапсырған еді. Билік енді азық-түлік бағасына түскен салмақты осындай тетік арқылы азайтып, екі ай ішінде қымбатшылықтың алдын алуды жоспарлап отыр.

Сауда және интеграция министрлігі ақпан айының ортасынан бастап, тұрақтандыру қорындағы азық-түлік шығарылса, баға біраз реттеледі деп  болжап отыр.

«Біз азық-түлікті график бойынша шығарамыз. Өйткені біз бұл қорды өткен жылы форвардтық схема арқылы, жақсы бағада сатып алдық. Әсіресе, картоп, сәбіз, пияз, қырыққабат сынды инфляцияға әсер ететін негізгі өнімдердің бағасы өспеуі тиіс», деді журналистерге арналған брифингте Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин. Сондай-ақ қымбатшылықтың қолдан жасалмауы үшін аталмыш өнімдерді  кассалық аппарат арқылы сату мәселесі қарастырылап жатқанын, есеп айырысу  электронды жүйеде жүгізілетінін айтты.

Министр бүгінгі күннің «рекордсмені» – пияздың да жағдайына тоқталып өтті.

«Пияз бағасының көтерілуі өндірушілерге байланысты. Қазіргі таңда олар экспортты ашады деген үмітпен қоймаларындағы пиязды шығарғысы келмей отыр. Бұлай істеген дұрыс емес. Себебі сәуір-мамыр айларында Өзбекстан мен Тәжікстаннан бекітілген келісімшарт бойынша ерте пияз келіп қалады», деді. Журналистерге берген жауабында Ауылшаруашылығы министрі Ерболат Қарашөкеев те пияздың бағасын дүрбелең «көтеріп» жібергенін айтты. 

«Жамбыл облысында 100 мың тонна пияз бар. Бұл бізге келесі маусымға дейін толық жетеді. Өндірушілерде пияздың көтерме бағасы бір келіге 150-230 теңгеге жуық. Бағаның бұлай шарықтау себебі логистикалық мәселелермен байланысты болуы да мүмкін. Тұрақтандыру қорындағы пиязды шығарсақ, баға бірнеше айда реттеледі» деді министр.

Сондай-ақ ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, республикамызда 1 миллион тоннадан астам әлеуметтік маңызы бар тауар бар. Оның ішінде кәсіпорындарда, көкөніс қоймаларында – 519 мың тонна, қоймаларда (ORC, TLC) – 194,7 мың тонна, сауда желілерінде – 183,3 мың тонна, тұрақтандыру қорларында – 24,4 мың тонна. Бұл қор өткен жылдың күзінде жиналып, биылғы жылдың маусымаралық кезеңіне арнайы сақталған екен. Ерболат Қарашөкеев еліміз азық-түлікпен өзін толық қамтамсыз ете алатынын, бұл орайда билік тарапынан көкөніс сақтайтын қоймалар желісін кеңейту мәселесі қарастырылып жатқанын, келесі жылы қоймалардың сыйымдылығын 105 мың тоннаға жеткізу жоспарланып отырғанын айтты. Бұл өз кезегінде өнім түрлерін молынан әрі ұзағырақ сақтауға мүмкіндік тудырады.  Ал әзірше, республика бойынша пияз қорының деңгейі – 130%, картоп бойынша – 118%, сәбіз – 103%, қырыққабат – 74% құрайды екен.

Дулат Әбенұлы, Қазақстан фермерлері қауымдастығы, Жамбыл облысы филиалының төрағасы:

«Жамбыл облысы өткен жылы 1,1 миллион тонна пияз өндірді. Алайда бұл көрсеткішке қарамастан, пияздың құны Жамбылдың өзінде де қымбаттап кетті. Соған қарағанда, экспортқа тыйым салғанға дейін бұл өнімнің көп бөлігі шетелге шығып үлгерген болу керек. Мұндай көрсеткіштермен бағаның өсуі күмәнді. Сондай-ақ мұнда айта кетерлік тағы бір мәселе бар, ол – статистиканың туралығы. Бізде статистиканың қалай жасалатынын өзіңіз де білесіз. Кейде жер игерілгенін көрсету үшін  екпегенді «екті» деп жіберетін тұстар жоқ емес. Біздің қауымдастық статистиканы туралау мәселесін барлық деңгейде, министрлік алдында да  көтерді. Әлі де айтып келеді. Көп мөлшерде өнім ектік, жақсы түсім алдық деп статисикада көрсеткенімен,  артынша баға қымбаттап кетеді. Мұның барлығы статистикада тәртіптің жоқ екенін көрсетеді. Сондықтан бізге ең бірінші туралық керек, нақты, шын статистика қажет. Пияздың төңірегіндегі мәселе де, былтырғы қанттың жағдайы  секілді болып тұр. Сондықтан пияздың бағасы тез түседі деп айту қиын», дейді.

Сондай-ақ оқыңыз