Түркия қиын сәтте көрсеткен көмекті ұмытпайды, деді Президент Режеп Тайып Ердоған Дүниежүзілік үкімет саммитіне қатысушыларға арнаған бейне үндеуінде. Бұл туралы Анадолу сайты хабарлады.
Мемлекет басшысы бұған дейін саммитке жеке қатысуды жоспарлағанын, бірақ 6 ақпанда болған 7,7 және 7,6 балдық жер сілкінісіне байланысты жоспарлар қайта қаралғанын атап өтті.
«Ірі ауқымды апаттардың салдарын Түркияның он провинциясында 13,5 миллион адам сезінді. Жерасты дүмпулері 500 шақырым аумақта сезілді. Өкінішке орай, жаппай қирау болды. Ғалымдар бұл дүмпулер 500 атом бомбасының жарылуына тең энергия бөлгенін айтты», – деді Ердоған.
Саясаткер халықтың қолдауының арқасында ел аз уақыт ішінде бұл апаттың салдарын жоя алатынына сенім білдірді.
Түрік басшысы жойқын жер сілкінісінің салдары кезінде Түркияға көмекке асыққан барлық елдерге алғысын білдірді.