Инвестиция

Қазақстанға шетелдік инвестициялар қайта келе бастады – АҚШ басылымы

Forbes USA жазуынша, инветиция көлемі артпақ. Фото: Shutterstock.com

Forbes USA басылымы Қазақстандағы жағдайға талдау жасап көрген. Олар Foreign Policy журналына сілтеме жасай отыра, өткен жылдың басында елдің бірнеше қаласында болған шеру кезінде 238 адамның қаза тауып, 7000 адамның тұтқындалғанын, 2000 адамның жауапкершілікке тартылғанын жазады. Келтірілген шығын 3 млрд долларға бағаланған. Іле-шала басталған Ресей-Украина соғысы Қазақстан үшін сыртқы қысымды арттыра түсті деп жазады журналист Кеннет Рапоза.

Қазақстандағы былтырғы қаңтар оқиғасы бүкіл әлем көз тігіп, құлақ түрді десек артық айтқандық емес. Оның үш айтулы себебі бар деп топшылаймыз. Бірі – Қазақстанның әлемнің геосаяси картасында өзіндік бет-беделінің қалыптасуынан. Қазақстан – ірі мұнай өндіруші саналады және жаһандық саяси бастамаларға әркез үн қатады. Мәселен, әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін өткізуі, Сирия мәселесі бойынша келіссөз алаңын ұсынуы, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына (OSCE)төрағалық етуі осының дәлелі.

Екіншісі – инвесторлардың алаңдауы. Бізде жер қойнауын пайдалану бойынша бірнеше әлемдік компания жұмыс істейді және олар үшін Қазақстанда тыныштық пен тұрақтылықтың болуы өте маңызды.

Үшіншісі – Орталық Азия факторы. Қазақстанда саяси-экономикалық ахуалдың ушығуы Орталық Азиядағы берекені шайқалтуы бек ықтимал. Бұл әрине, Орталық Азияны экономикалық және саяси хаб ретінде пайдаланатын, әрі Ауғанстан факторына тікелей әсер етуші күш ретінде бағалайтын батыс үшін бас ауыртар жағдай болмақ. Сондықтан АҚШ және Еуропа Қазақстандағы тынышсыздыққа алаңдаушылық танытты.

«Қазақстан қайталама санкциялардан қашып Ресей саудасын біршама шектеді. Ресейден Қазақстанға еуропалық тауар жеткізуші ресейлік және белорусиялық жүк тасымалдаушыларынан Еуроодақ берген тасымалға рұқсат қағазы сұралды. Елдегі ірі банк – Halyk Bank ресейлік «Мир» төлем картасын пайдалануды тоқтатты.

Қыркүйекте өткізілген әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының жетінші конгресі елдің қақтығысқа емес, ынтымақтастыққа емеурін білдіретінін айқын аңғартты. Қазақстандағы жағдайды ұдайы бақылап отырушылардың айтуынша, бұл – әу бастан Солтүстік, Оңтүстік, Шығыс, Батысты тең серіктес ретінде көретін ел үкіметінің сыртқы көпвекторлы саясатының көрінісі.

Алыс орналасқанына қарамастан Еуропа Қазақстанға ерекше қызығушылық танытады. Олар Орталық дәліз (Транскаспий халықаралық көлік бағдары – ред.) арқылы өтетін қазақстандық экспорт Ресей экспортына балама болады деп үміттенеді. Италиялық ENI энергетикалық компаниясы және жергілікті QazaqGaz Еуропаға газ жеткізу үшін Қашағандағы газ өңдеу зауытына бірлесе инвестиция салатынын мәлімдеді. Былтыр Еуропалық Одақ 50 млрд доллар сомасына Қазақстанмен жасыл сутегі және шикізат бойынша «стратегиялық серіктестікке» қол қойды. Қазір ЕО Қазақстанға келетін тікелей инвестицияның 60 пайызын ұсынып отыр. Еуропалық қайта құру және даму банкі 800 МВт жаңғыртылған энергия өндірісі бойынша 14 жобаға 500 млн доллардан астам инвестиция жасады», деп жазады.

Eni – италиялық алпауыт мұнай-газ компаниясы. Ол Қазақстанда 1992 жылдан бері жұмыс істейді. Негізінен Батыс Қазақстан облысындағы Қарашығанақ кен орнында жұмыс істеп келді.

Автордың айтуынша, Еуропа инвестиция жасап жатыр. Қытай да қайта оралды. Олар (Қытай – ред.)Қазақстанды өздерінің «Бір белдеу, бір жол» саясатының плацдармына айналдырды деп есептейді. Пандемия паузасынан кейін Қазақстанда Қытай белсенділігі күрт артуы мүмкін. Қытай ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің пандемиядан кейінгі алғаш болып Қазақстанға сапарлатуы, биыл «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы орталығының қайта жандана бастауы да осының дәлелі болса керек.

«2022 жылғы драмаға қарамастан Қазақстан өсім қарқынын 3,1 пайызға көтере алды. Сыртқы сауда айналымы көрсеткіші 111 млрд долларға жетті, саяси тұрғыда да біршама либералдану байқалады. Парламент сайлауы 19 наурызға белгіленген. Бұл елдегі Наурыз мерекесімен тұспа-тұс келеді. Сондай-ақ ол Назарбаевтың 2019 жылғы отставкасымен де сәйкес келіп тұр.

Қазақстанда ақшасы бар америкалық компаниялар қаңтардағы дүрбелеңді өткерді. WSJ хабарлауынша, олар қыркүйекте Қазақстандағы ең ірі инвесторлардың бірі болмақшы. Boeing пен General Electric ол жақта жаңа бизнесі туралы жария етті. Жаңа Орлеандағы Popeyes жедел тамақтану желісі биыл ол жақта алғашқы мейрамханасын ашу жоспары бар екенін мәлімдеді

Popeyes 1973 жылы Жаңа Орлеанда құрылған. Шынайы тағам Popeyes-ге әлемнің 30 елінде 3 900 жылдам қызмет көрсететін мейрамханасы бар әлемдегі ең ірі компаниялардың біріне айналуға мүмкіндік берді. Олардың бірқатарына «Мишлен жұлдыздары» (мейрамханаларға берілетін мәртебе – ред.) мәртебесі берілген.

АҚШ үкіметі Орталық Азия туралы сирек айтады. Алайда Қытаймен стратегиялық бәсекелестік дәуірінде аймақтың Қытай қанатының астына түсуін бақылау, сайып келгенде, америкалық компаниялар үшін мүмкіндіктердің төмендеуіне әкеледі. Қазақстан инвестиция үшін бұрыннан өңірдегі ең қолайлы мемлекет болып саналады. Былтырғы саяси толқулар уақытша дамуға тежеу болғанымен, арада бір жыл өткенде бәрі де артта қалып, инвесторлар қайта оралып жатыр», деп жазады автор.