Қазақстандағы халал инвестициялар нарығының халі қандай?

Жарияланды
Халал қорлар тізімі және адал инвестиция түсінігі

Қазіргі ахуалды ескере келе, бір ғана жалақыны місе тұту аз екенін байқап жүрміз. Сондықтан көпшілігі инвестициялау әліппесімен танысып, қаражатын сақтау мен көбейтудің қамына кіріскен. Ал мұсылмандарға инвестициямен айналысуға бола ма? Шариғат шеңберінде жүзеге асырудың жолдары қандай? Халал инвестиция түсінігі туралы не білуіңіз керек? Осы жайлы бүгінгі материалда түсіндіреміз.

 Айтқандай, мұсылмандардың басым көпшілігі ислам талаптарына қайшы келетін қаржы құралын алудан қорқып, брокерлік шоттарға мүлдем жоламайды. Бұл бірінші кезекте, биржада сауда-саттық жасау арқылы шариғат шеңберінен шығып кетпеудің амалы екені белгілі. Осы орайда мұсылман қауымға арналған пайдалы ақпарат айта кеткенді жөн көріп отырмыз. Халал инвестицияның кәдімгі инвестициядан айырмашылығы қандай?

Исламда өсімге және қарыз пайызын қолдануға тыйым салынған. Осылайша пайызға қатысты дүниенің бәрі — мұсылман баласына харам. Заман ағымынан да қалмай, шариғатқа да бәрін сәйкестендіру үшін ислам банктері табыс табудың өзге жолдарын қарастырып, көзін іздейді. Айталық, бизнесті табыстың белгілі бір бөлігі үшін қаржыландыру (мушарака, мудараба және кард-әл-хасан), кейін толық сатып алуға мүмкіндік беретін мүлікке ие болу (иджара), сатып алу және сату (мурабаха), ислам құнды қағаздарын шығару (сукук), дүние мүлікке салынатын салық (зекет). 

Қандай тыйымдар бар?

Исламда қаржыға қатысты бірнеше негізгі термин бар. Соның ішінде тыйым салынатын, бүгінгі тақырыпқа сай түрлеріне түсініктеме берсек. «Риба» — өсім. Бұған кредиттер мен депозиттер, кәдімгі облигациялар сатып алу кіреді. «Гарар» — араб тілінен аударғанда белгісіздік, алдау дегенді білдіреді. Мысал ретінде әлі жиналмаған дақылды не ауланбаған балықты сату деп түсіндіруге болады. Шариғатта бұған тыйым салынған. Өйткені белгісіз әрі тараптардың кез келгеніне қатысты әділетсіздік орнауы мүмкін.

Қалай іріктеледі?

Құнды қағаздарды индекске іріктеу процедурасы былай жүреді: алдымен исламға сәйкес келмейтін салаларды сызып тастаймыз. Яғни ішімдік, темекі, есірткі, қару-жарақ, шошқа не өзге де харам ет өндірісі, қаржылық ұйымдар, құмар ойындарымен айналыспауы керек. Айталық, MSCI World Islamic Index аталған салалармен айналысатын немесе табысының 5 пайыздан артығын солардан көретін компанияларды тізіміне кіргізбейді. Талаптарға сай келетіні-келмейтіні үнемі жіті тексеріліп тұрады. Егер мониторинг кезінде талап бұзылғаны байқалса, индекстен дереу шығарылады.

Одан кейін қаржылық көрсеткіштер қаралады. Көбіне активтерді кепілге алып, қарызға брокер беретін қаражаты көлемі жоғары болса, ондай компаниялар да тізімге қосылмайды. Бір қызығы, Валенсия университетінің зерттеушілері ислами индекстердің экономикалық кризис кезінде әлдеқайда жақсырақ жұмыс істейтінін байқап, таң-тамаша болыпты. Сонымен қатар, компанияларды зерттеп, скрининг жасаған кезде мынадай үш қаржылық коэффициентке анализ жасалады:

  1. Жалпы қарыз көлемінің жалпы активтерге қатынасы;
  2. Компанияның қаржы құралдары мен пайыздық құнды қағаздары сомасының жалпы активтерге қатынасы;
  3. Компаниялардың дебиторлық қарызы мен қаржы құралдары сомасының жалпы активтерге қатынасы.

     Осы есепке сәйкес, аталған қаржылық коэффициенттер 33,33 пайыздан аспауы керек. Бір қарағанда, мұндай талапқа сай келетін компания табу қиын сияқты көрінуі мүмкін. Дегенмен қазір біразын табуға болады. Соның ішінде мұнай-газ, тұтынушылық сектор, металлургия, энергетика сынды салаларда көп.

Қандай компаниялар халал?

Шариғат талаптарын бұзбайтын инвесторлар аталған компаниялардың құнды қағаздар қоржынын өздігімен жасап алса болады. Мынадай индекстерге кіретін компанияларды мамандар тексеріп, халал инвестиция екеніне кепілдік берген.

  • Dow Jones Islamic Market Index, 
  • MSCI World Islamic Index, 
  • S&P 500 Sharia, 
  • S&P Europe 350 Sharia, 
  • S&P Japan 500 Sharia, 
  • S&P Pan Asia Sharia, 
  • S&P GCC Sharia, 
  • S&P BRIC Shariah Index. 

     Бұдан соң инвесторлар компания көрсеткішін мұқият қарап шығып, нарық конъюктурасын зерттеуі керек. Содан кейін барып қандай да бір акцияны сатып алуды көздесе болады. Бұл ретте, әлбетте, инвестиция жүрген жерде диверсификация мен  түрлі тәуекелдің қатар жүретінін ескеру керек.

Отандық сарапшылар қазақстандық нарық туралы

«Қазақстанда халал инвестциялардың нарығы ауқымды деуге келмейді. Иә, елдегі мұсылмандар үлесі жоғары. Бірақ шариғат шеңберінде талаптарды сақтайтындары онша көп емес. Дегенмен ислами қаражат елдегі қаржы саласының қарқынды дамып келе жатқан сегменті екенін атап өту керек. Халал инвестиция нарығы Қазақстанда бары сөзсіз. Тіпті ESG-мен иық тіресіп қалады десе де болады. Өйткені екеуінде де бастысы — әділдік пен адамгершілік. Жалпы алғанда бұл жерде мәселе тек дінде емес, бизнес этикасында деген дұрысырақ болар. Сондықтан біз мобайл қолданбамызда Halal модельдік портфелін жасақтадық. Яғни кім осыған қызықса, соларға қолайлы болсын деген ниетпен жинақтағанбыз» дейді Jusan Invest АҚ аналитикалық зерттеулер басқармасының сарапшысы Айғаным Орымбекова.

Алданып қалмаудың амалдары

Сауда-саттық жасайтын құралдар туралы біршама ақпарат бердік. Десе де, таңдау жасаған кезде маңызды сол ғана емес. Бұдан бөлек, брокер таңдаған кезде де мұқият болған жөн. Себебі қазір нарықта қызметін тықпалап, біреудің білместігін пайдаланып кететін алаяқтар аз емес. Мысалы мынадай болуы мүмкін. Айталық бір брокерлік компания сізге исламдық сауда шотын ұсынады. Айтуынша, ол шот мұсылмандардың Форексте сауда жасауына мүмкіндік береді. Ал негізі бұған тыйым салынған. Алаяқтар осылай жұмыс істей береді. Көбіне салған ақшаңызды қайтару да мүмкін болмайды. Сонымен бірге алаяқтықтың соңғы кездері жиі кездесіп жүрген тағы бір мынадай түрі бар. Брокерлердің сенімді не сенімсіз екенін анықтын сайт болады-мыс. Сөйтіп сол сайт арқылы тексергендерге қай компанияның атауын жазса да, «халықаралық қара тізімде» деп шығарып береді. Одан кейін телефон нөміріңіз бен атыңызды сұрайды. Кейін сол деректер база үшін сатылуы мүмкін. Немесе сол қаскүнемнің өзі «құрыққа түскен адамға» қауіпсіз шотқа ақшасын аударуға көмектесетінін айтып, шынында тіпті қажеті жоқ заңгерлік қызмет ұсынады. Сондықтан абай болу қажет. Жалпы бұл салада білімсіздік кешірілмейді. Бәрін анықтап, нақтылап, түсініп алғасын барып кірісу қажет. 

Сондай-ақ оқыңыз