Жаңалықтар

Jusan Bank Бас прокуратураның мәлімдемесіне қатысты пікір білдірді

Jusan Bank өз пікірін жариялады. Фото: Офелия Жакаева

Бас прокуратура «Назарбаев Университеті» мен «Назарбаев Зияткерлік мектептерінің» он мыңдаған студенті мен оқушыларының мүддесін қорғау мақсатында» Jusan тобы активтерін бақылауды Қазақстанға қайтаруға ниетті екенін мәлімдеген еді.

Бостандық аудандық соты Алматы қаласы прокурорының талап арызы бойынша азаматтық іс қозғаған. Алматы қаласының прокурорлары сотқа «Pioneer Capital Invest» ЖШС мен Jusan Technologies Ltd арасындағы «First Heartland Jusan Bank» АҚ-ның, сондай-ақ онымен байланысты ұйымдардың активтерін шетелдік юрисдикцияларға беру туралы мәмілені жарамсыз деп тану туралы талап-арыз берген.

Бас прокуратура қаржы жымқыру әрекеті қоғамдық мүддеге, оның ішінде «Назарбаев Университеті» мен «Назарбаев Зияткерлік мектептерінің» ондаған мың қазақстандық студенттері мен оқушыларының мүдделеріне қауіп төндірді» деп тұжырымдайды.

Осы орайда банк Бас прокуратураның мәлімдемесіне қатысты пікір білдірді:

«Jusan Bank – Қазақстанның ең сенімді, қарқынды дамып келе жатқан және қаржылық жағынан тұрақты банктердің бірі. Jusan Bank Банк пен оның негізгі акционерлері – Қазақстан Республикасының азаматтары. Қаржы институты реттеушінің және ұлттық заңнаманың барлық талаптарын орындайды. Сондықтан Бас прокуратура «Jusan» тобына қатысты іс бойынша ақпараттық хабарламасында атап өткендей, Jusan Bank қызметі бұл талқылаулардың нысаны емес екенін ескерген жөн».

Сонымен қатар бспасөз қызметі таратқан ақпаратта Jusan Bank – елдегі ең ірі банктердің бірі екені жазылған. Ол Қазақстандағы ең ірі банктердің арасында капиталдың активтерге шаққандағы көрсеткіші бойынша 1-орында және меншікті капиталы бойынша 3-орында тұр.

Банктің қазіргі көрсеткіштері пруденциалдық нормативтерінен айтарлықтай жоғары, бұл оның қаржылық жағдайы жоғары деңгейде және ұйымның несие тәуекелі төменгі деңгейде екенін көрсетеді.

Банктің меншікті капиталы 542 млрд теңгеге тең. Бұл ретте капитал резерві 395 млрд теңгеге жетеді. Банктің кешіктірілген несиені жабу резервінің деңгейі жоғары, бұл қолданыстағы қарыздарды 225%-ға өтейді. Банктің ликвидті активтері 1,5 трлн теңгеге жетеді, бұл клиенттердің қолданыстағы қаражатын толық көлемде өтейді.

Банк белсенді түрде ел экономикасын несиелендіруде. 2022 жылы клиенттерге берілген несие көлемі 12%-ға артты. Өткен жылы клиенттердің жалпы базасы 55%-ға артып, бүгінде Қазақстан бойынша жеке және заңды тұлғалардың саны 3 миллионға жетті.

Жалпы, Банк бизнесті жүргізудің ашықтық қағидатын ұстанып, қазақстандықтардың өмір сапасын жақсартуды жалғастыра бермек. Jusan Bank қызметін қалыпты режимде жалғастырады, клиенттер алдындағы барлық міндеттер орындалады.