Мемлекет Jusan Bank-ке берген ақшасын қайтарып ала ма?

Жарияланды
Мемлекет көмегін алған банктердің акционерлерге дивиденд төлеуіне тыйым салынады

Бірер күн бұрын Қаржы нарығын реттеу және дамыту Агенттігінің бастамасымен мемлекет көмегін алған банктердің акционерлерге дивиденд төлеуіне тыйым салатын қаулысының жобасы жарияланып, жария талқыға ұсынылды. Жария талқылау 15 қаңтарға дейін жалғасады. Сарапшылардың айтуынша, аталмыш қаулыны жасауға былтыр жыл соңында мәжіліс депутаттарының Jusan Bank-ке қатысты жасаған депутаттық сауалы себеп болуы мүмкін. Олар депутаттық сауалды Бас Прокурор Берік Асылов пен Жемқорлыққа қарсы күрес Агенттігінің басшысы Олжас Бектеновке жолдаған.  

«…Жүйе құраушы банктерді сатып алуға байланысты жағдайлар біз үшін түсініксіз күйінде қалып отыр. Бұған кішкентай Жусан банктің екі ірі банк – АТФ пен Цеснаны жұтып алуы да қосылады. Мәселе банктердің бірінің дивиденд құқығын теріс пайдалануында ғана емес, проблема бұдан да ауқымды әрі терең болып шықты. Уақытша мемлекеттік қаржылық көмектен ешқандай табыс түспейтіндігіне қарамастан Жусан Банктің ақырғы бенефициары Jusan Technologies-тің аудиттелген есебінде Цесна мен АТФ-ты сатып алғаннан 1 млрд 350 млн доллар табыс түскені көрсетілген. Соның ішінде, мемлекеттік займды қайта құрылымдаудан небәрі 300 млн доллар түскен. Мұндай капиталды Жусанға кім, қалай сыйлап жүр. Цесна Банктің активтерін бағалап, провизиясын қалыптастырушылар Жусан Банктің жұтып алу туралы келісімі бойынша небәрі 1 теңгеге аталған провизияларды қалыптастырғаннан 241 млрд теңге табыс алуға мүмкіндік берген. Мәжілістің қаржы және бюджет бойынша комитетіндегі тыңдауда Қаржы нарығын реттеу және дамыту Агенттігі қызметтік пайдалануға арналған шекті келісім туралы ақпарат беруден бас тартты. «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобы және «Аманат» партиясы қызметтік пайдалануға арналған келісімшарттарға депутаттардың қолжетімділігі болуы керек деп есептейді. Бюджеттен тыс мемлекеттік көмектің жеке қалталарға түсіп кетпеуі үшін Үкімет, Ұлттық банк және реттеушінің жұмысы қайта құрылуы тиіс», делінген сауалда.

Агенттік ұсынған қаулыға жобасына сәйкес, егер банктің пайдасы мемлекеттің қаражатын пайдаланусыз, таза банк қызметі арқылы қалыптасса, сондай-ақ Standard & Poor’s Financial Services LLC, Fitch Ratings Inc., Moody’s Investors Service, KPMG және Boston Consulting Group сияқты халықаралық ұйымдардың бірінің қорытындысы болса, онда банк дивиденд есептеп, сонымен қатар өз акциясына кері сатып алу жүргізе алады.

«Бөлінбеген пайданы қалыптастыру кезінде қаржылық орнықтылығын қамтамасыз ету және (немесе) қалыпқа келтіру үшін мемлекет қаражаты пайдаланылатын басқа банктің акцияларын сатып алуға  және (немесе) оларды Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртіппен қосылу нысанында қайта ұйымдастыруға байланысты бөлінбеген пайданы ұлғайтуға оң әсер еткен, қаржылық орнықтылығын қамтамасыз ету және (немесе) қалыпқа келтіру үшін мемлекет қаражаты пайдаланылатын банктің капиталына өзгерістер қосылмайды», делінген қаулы мәтінінде.

Бұл мәселеге орай Премьер-министр Әлихан Смайылов пікір білдірді. Оның айтуынша, Jusan Bank біртіндеп мемлекет ақшасын қайтаруға міндеттеледі.

«Қазір Jusan Bank-те минималды талаптардан асатын капиталдандыру және өтімділік көрсеткіштері бар. Капитал мен өтімділік қоры 311 млрд теңге және 1,2 трлн теңгені құрайды. Банктің жеткілікті капитал және өтімділік қорын ескере отырып қазіргі уақытта мемлекеттік қолдау шараларын біртіндеп қайтару мәселесі қарастырылып жатыр. 2020 жылы «First Heartland Jusan Bank» АҚ-ның (Jusan Bank) «АТФ Банк» АҚ-ны сатып алу мәмілесі өзара бірігу және жұтылу арқылы жүзеге асты. Банк активтерін тәуелсіз бағалау (Due Diligence) нәтижесінде анықталған «АТФ Банктің» шығыны «АТФ Банктің» 124 млрд теңге көлеміндегі меншікті капиталын есептен шығару есебінен жабылды. Мәміле аясында «АТФ Банк» пен Jusan Bank-тің бұрын шығарылған облигациялары мерзімдерді ұзарту және пайыздық мөлшерлемелерді 4 пайыздан 0,1 пайызға төмендету арқылы өзгертілді. Банк облигацияларын солай өзгерту нәтижесінде Jusan Bank балансы жеңілдетілген және нарықтық пайыздық мөлшерлемелер арасындағы айырмадан 126 млрд теңге сомасында кіріс әкелді, ол толығымен «АТФ Банктің» залалдарын жабуға бағытталды.Сонымен қатар, Jusan Bank акционерлері «АТФ Банкке» 97 млрд теңге көлемінде қосымша капиталдандыру жасады», деді Үкімет басшысы.

Мәселеге байланысты Jusan Bank те ресми мәлімдеме жасады. Олардың айтуынша, мемлекеттік қолдау проблемалық «Цесна Банк» пен «АТФ Банкке» (Jusan тобы сатып алмас бұрын) сол кезде қаржы институттары өз клиенттері алдындағы міндеттемелерін орындауда елеулі қаржылық қиындықтарға тап болғанына байланысты көрсетілді.

«Өз кезегінде, бенефициар ауысқанына қарамастан, «Цесна Банк» пен «АТФ Банкке» көрсетілген мемлекеттік қолдау сол уақытта ҚР басқа да екінші деңгейлі банктеріне (ЕДБ) көрсетілген мемлекеттік қолдау секілді қайтарымды екенін хабарлағымыз келеді. Тиісінше, қаражатты қайтару бойынша барлық міндеттемелер мирасқорларға өтті және қатаң түрде заңға сәйкес орындалады. Айта кетсек, қазіргі уақытта Jusan Bank – Қазақстан Республикасының қаржы жағынан ең тұрақты ЕДБ-нің бірі. Банк қаржы нарығының жауапты қатысушысы және мемлекеттік қолдауға ие болған жоғарыда аталған банктердің мирасқоры ретінде заңнамада белгіленген мерзімде мемлекеттік қолдау қаражатын қайтару бойынша проблемалық ЕДБ-дан берілген міндеттемелерді толығымен орындайды», делінген мәлімдемеде.

Банк басшылығының хабарлауынша, Jusan Bank өз қызметін банк қызметін туралы заңнаманың барлық талаптарына сай бола отырып, Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңының шеңберінде және қаржы реттеушілерінің қатаң қадағалауымен жүзеге асырады.  

Сондай-ақ оқыңыз