Газ, теміржол және құрылыс: «Самұрық-Қазынаның» ең қымбат тендерлері

Жарияланды 12 Қараша 2026 12:50

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Business news бөлімінің аға журналисі nursultankaseke@gmail.com
фото: NY

Жүздеген миллиард теңге. «Самұрық-Қазына» тобының бір ғана шарты осынша тұруы мүмкін. 2026 жылы ең ірі келісімдер кімдерге бұйырды және ұлттық компаниялар қандай тауарлар мен қызметтерге қомақты қаржы жұмсамақ? Kursiv.Media сатып алу деректерін саралап көрді.

Тізімнің басында Өріктау кен орнының шикі газын өңдеу жұмыстары тұр. Сатып алу бюджеті – 195,12 млрд теңге. Порталда атауы мен сомасы бірдей төрт хабарландыру кездеседі.

№Тендер атауыСомасы, млрд ₸Сілтеме
1Өріктау газын өңдеу195,121209764
2«Құмкөл», «Жәйрем» станцияларын салу164,571237730
3Атырау МӨЗ: кокс камераларын салу90,281236991
4Кешенді құрылыс жұмыстары¹67,011226239
5Теміржол жолдарын жөндеу63,491183848
6Жүк вагондарын деполық жөндеу56,101199171
7Бекітпесі бар шпалдар46,871226313
8Павлодар МХЗ кеңейту жобасын әзірлеу45,631204228
9«С. Нұржанов»: газ қондырғысын пайдалану44,781249991
10ҚТЖ: кешенді құрылыс жұмыстары¹44,751223890

Екінші орында «Сарыарқа» магистральдық газ құбырының «Құмкөл» және «Жәйрем» компрессорлық станцияларын жобалау және салу тендері орналасқан. Оған 164,57 млрд теңге қарастырылған. Үшінші орында – Атырау мұнай өңдеу зауытында кокс камералары блогын салу жұмыстары. Бұл сатып алудың сомасы 90,28 млрд теңгеге жетеді.

Алғашқы үштікке газ бен мұнай өңдеу саласындағы жобалар кірсе, одан кейінгі орындарда құрылыс және теміржолға қатысты сатып алулар тұр. «Кілтпен тапсыру» шартымен кешенді құрылыс жұмыстарына 67,01 млрд теңге, 1-сыныптағы теміржол жолдарын жөндеу және реконструкциялауға 63,49 млрд теңге бөлінген. Алғашқы құрылыс тендерінің қысқаша атауында нысан нақтыланбаған.

Жүк вагондарын деполық жөндеу тендерінің бюджеті – 56,10 млрд теңге. Бекітпесі бар шпалдарды сатып алуға тағы 46,87 млрд теңге қарастырылған.

Сегізінші орында Павлодар мұнай-химия зауытының өңдеу қуатын жылына 9 млн тоннаға дейін ұлғайту жобасына қатысты сатып алу тұр. Техникалық-экономикалық негіздеме, инженерлік жобалау және жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу жұмыстарының бюджеті – 45,63 млрд теңге.

Тоғызыншы орынға «С. Нұржанов» кен орнындағы газды кешенді дайындау қондырғысына қызмет көрсету және оны пайдалану тендері шыққан – 44,78 млрд теңге. Ал ондықты «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ның 44,75 млрд теңгелік кешенді құрылыс тендері түйіндейді. Оның да қысқаша атауында құрылыс нысаны көрсетілмеген.

Рейтингке қалай іріктедік?

Тізімге өтінім қабылдауы 2026 жылғы 1 қаңтардан басталған және 12 қарашадағы жағдай бойынша порталда «аяқталды» мәртебесі тұрған сатып алулар енгізілді. Тендерлер ҚҚС-сыз бюджеті бойынша кему ретімен орналастырылды.

Айта кетейік, «Самұрық-Қазына» мен ҚТЖ басшылары пара алу ісі бойынша ұсталған болатын.

Сондай-ақ оқыңыз