Пәтер қабылдап алғанда не нәрсеге мән беру керек?

Жарияланды
Жаңа пәтер алғанша ескерер жайттар бар. Фото: shutterstock.com

Жап-жаңа тұрғын-үй кешенінен пәтер алдыңыз. Құрылыс аяқталды. Енді қалғаны — пәтерді қабылдап алу. Артынша қоныстой жасап, тума-туысты шақырамын деп жоспарлап қойдыңыз. Баспаналы болу — керемет сезім. Әйтсе де, үйді қабылдап алған кезде эмоцияны жиып қойып, бәрін тәптіштеп қарап алу қажет. Бүгінгі материалымызда жаңа салынған үйді қалай қабылдап алуға қатысты нұсқаулық ұсынамыз.

Процесс қалай жүреді?

Пәтерді қабылдап алу деген — құрылыс компаниясының жаңа жылжымайтын мүлікті сатып алушыға беретін процесс. Үлескер нысанды қарап, құрылыс компаниясының тарапынан барлық міндет дұрыс орындалды да, эксплуатация нормаларына толықтай сай келе ме — соны қарап, тексеріп шығады. Қабылдап алу процедурасы кезінде мынадай ережелерді есте ұстау керек:

  • Құрылыс компаниясы сатып алушыға қабылдап алатын күн туралы алдын-ала хабарлап, күнін белгілейді; 
  • Қабылдап алатын күні құрылыс компаниясының қызметкері мен сатып алушы сол алатын пәтерде кездеседі;
  • Егер бәрі дұрыс деп табылса, онда қабылдап алу және өткізу актісін толтырады;
  • Содан соң құжаттар реестрге тіркеуге жолданады;
  • Ал енді әлдебір кемшілік болса, онда дефектілерді тізіп шығады да, қашан түзелетін күнін белгілеп, тиісті акт толтырылады.

Өзіңізбен не ала баруыңыз керек?

Келісілген күні сатып алушы қолына барлық құжат пен жоспар, экспликацияны алып, пәтерге барады. Пәтер иесі қабылдап алуға өте жауапты қарағаны абзал. Өйткені еш дефект жоғына көз жеткізу керек. Қабылдап алғанда «бәрі дұрыс» деп белгілеп қойсаңыз, онда кейін кемшілік бола қалса, жауапкершілік өзіңізде болады. Осыны ескеріңіз. Өзіңізбен мына заттарды ала баруға кеңес береміз: 

  • Қалам мен қойындәптер. Өлшемдерді жазып алып, кемшіліктер болса соларды түртіп алуға керек.
  • Камерасы жақсы смартфон. Әлдебір дефектілер болса, соны суретке түсіріп аласыз.
  • Шам. Егер үйге әлі электр желісі қосылмаған болса, онда шам қажет болады.
  • Тепловизор. Үйдің ішіне тексеріс жасап шығасыз.
  • Құрылыста қолданылатын деңгей өлшеуіш құрал. Қабырға, еден, төбенің тегіс жасалғанына көз жеткізу қажет. Өйткені кей құрылысшылар тез аяқтау үшін мұндай сәттерді назардан тыс қалдырып, қисық-қисық күйде тапсырады.
  • Майшам. Вентиляция, есік-терезелердің тығыздығын тексеруге қажет.
  • Рулетка. Пәтерді өлшеуге керек болады.
  • Вольтметр. Барлық розетка істеп тұр ма — соны тексеріп аласыз.

Тексеріс кезінде көрінген барлық кемшілікті тізіп, жазып алу керек. Суретке түсіріп алыңыз. Өйткені дефектілер актісін жасаған кезде осылар қажет болады. Яғни кемшілік барын нақтылау үшін.

Жаңа салынған үйден пәтер қабылдағанда

Келісімшарт түріне қарай пәтер комплектациясы әртүрлі болады. Көппәтерлі тұрғын-үйлер көбіне үш түрлі әрлеу жүреді:

  1. «Черновой». Бұл дегеніміз құрылыс компаниясы тұрғын-үйдің ішінде ең минимал жұмысты істеп береді. Яғни су мен электр жүргізіп береді. Еден құйып, терезелерді қояды. Осымен тәмам.
  2. «Предчистовой». Бұл алдыңғыға қарағанда жақсартылған нұсқа десек болады. Өйткені оған қосымша жұмыстар жасалады. Қабырға мен төбе тегістеледі, жылу радиаторларын орнатады, розеткалар салынады.
  3. Дайын немесе «чистовой». Бұл — бірден көшіп баруға болатын әрлеу түрі. Сіз тек қабылдап алып, егер кемшілік болмаса, тұра берсеңіз болады. Пәтер қабылдау процесі комплектацияға тікелей байланысты. Келісімшартта не жазылса, соның бәрі орындалуы міндетті. 

Не нәрсеге мән беру қажет?

Конструкция сапасы үлестік қатысу шартында көрсетілгендей болуы керек. Ең алдымен пәтердің ауданын тексеруден бастаңыз. Ол үшін қарапайым рулетке қолдансаңыз болады. Ал лазер қашықтық өлшеуіш жұмысты тіпті жеңілдетеді. Пәтердің сызбанұсқасына қараңыз. Ол жерде бөлмелер арасы қалай бөлінетіні көрсетілген. Қабылдап алғанда оның дәл сәйкес келетініне мұқият қарап алыңыз. Сонымен қатар, Терезе блоктарының, есік пен коммуникациялардың сапасын да тексеріп алу қажет. Жоба құжатымен сәйкес келе ме осылай қарайсыз. Одан кейін қабырға, еден мен төбеге мән береміз. Қабырғада жарық жоқ па, арматура шығып тұрған жоқ па, бәрі тегіс пе, ылғал іздер жоқ па — жақсылап қарап шығыңыз. Розеткаларды қараңыз, бәрі істеп тұр ма? Электр өткізгіш изоляциясын да қарап алған абзал. Индикаторлық бұрағыш немесе вольтметр арқылы розеткалардың кернеуін қараңыз.   

Егер сіз «черновой» нұсқада алатын болсаңыз, онда мына нәрсеге мән беріңіз:

  1. Конструкцияларды қарап шығыңыз. Бір жерде жел кіріп тұратындай тесік болса, онда көшені жылытып отырасыз. Қабырғаларда жарық болмасын.   
  2. Тезере мен есіктердің блоктарын қараңыз. Ашылып-жабылғанда әлдене кедергі болып тұрған жоқ па? Тығыздығын тексеру үшін кәдімгі бір парақ қағаз алып, оны жақтау мен белдік арасына қыстырып көріңіз. Терезені жабыңыз да, әлгі парақты тартыңыз. Егер тартқанда алынбай қойса, демек тығыздығы жақсы. Ал парақ алынып қалса, демек арасынан жел үрлейді деген сөз.  
  3. Үлестік қатысым келісімшартында тұрғын-үй ауданы қандай деп көрсетілсе, дәл соған сәйкес келуі керек. Бөлмелердің ауданын өлшеп, есептеп шығыңыз. Бәрін қосқанда шығып тұр ма? Сәйкес келмесе, жазып алыңыз.
  4. Электр желісі. Барлық ток изоляцияланған болуға тиіс. Кабель қалқанға жетіп тұруы керек.
  5. Сумен жабдықтау, жылу өткізу және канализация. Конструкциялар ырғалып-жырғалып тұрасын. Күні ертең көршілерді су алып кетпес үшін осыған мұқият болыңыз. Болашақ шығындарды қазірден бастап алдын алыңыз.  
  6. Вентиляция. Кей құрылыс компаниялары пәтерді өткізуге асығады. Сөйтіп сапасы сын көтермейтін ғимарат соғады. Соның ішінде вентиляция жүйесінде қате жіберетін жағдай жиі кездеседі. Соның салдарынан бөлме кейін көгеріп, ауасы ылғал болып кетеді. Тексеріп алу үшін мынадай тәсілді қолданыңыз: майшам жағып, вентиляция терезесіне қарай апарыңыз. Егер жалын бағыты өзгермесе, тарту күші жоқ деген сөз. Газы бар үйлерде қағаз парақ қолданып тексеруге болады. Тарту күші бар-жоғын тексеру үшін оны вентиляциялык тесікке қою керек. 
  7. Подъезд. Кім болса да, жаңа үйге көшкен соң кіреберістің тап-таза болғанын қалайды. Өзіңіз ойлап көріңізші, қоныстойға келе жатсыз, бірақ баспалдағы сынған, қабырғасы қисық, исі мүңкіп тұрса қалай болады? Ондай болмас үшін барлығын тексеріп алу керек. Әлдебір жарық қабырға көрсеңіз, тепкішек сынық болса, бірден суретке түсіріп алыңыз.
  8. Лифт. Бұған қойылатын талаптар келісімшартта көрсетіледі. Құжатта көрсетілген өндірушімен сәйкес келе ме? Негізі лифтіге қатысты мәселелер тез шешіледі. Өйткені оны сырттан компаниялар жасайтындықтан, жедел реттеп береді.   
  9. Электр щит. Орнатылған автоматтар сапалы болуға тиіс. Өндірушіге мән беріңіз. Бренд атауы тумблерде жазылып тұрады. Қалқанда схема болуы керек. Яғни қай коммутатор не нәрсеге жауап беретіні көрсетіліп тұрсын. Электрпештікі қайсысы, қайсысы бөлмедегі розеткалардыкі дегендей. Бұл қажет кезде өшіріп-қосуға қолайлы.
  10. Газ жабдықтары. Тиісті датчик бар ма, соны нақтылап алыңыз.
  11. Пәтер. Жоғарыда аталған нәрсенің бәрін қарап шыққан соң, пәтердің ішіне ауысасыз. Ол үшін бәрін жүйелі түрде қараған абзал. Егер ескертпелеріңіз болса, онда актіге қол қоймайтыныңызды айтыңыз. Реттеп, сосын барып қабылдап аласыз. Дефектілерді көрсеткен актінің көшірмесін жасап алып, құрылыс компаниясының өкіліне қол қойғызыңыз. Құжаттың бір данасы сізде қалады, бір данасы — компания өкілінде. Кейін бәрін түзеп, қайта қабылдауға келгенде соны тізім бойынша тексеріп аласыз.   
Сондай-ақ оқыңыз