Қазақстан 5G игілігін қашан көреді?

Жарияланды
5G – мүлдем басқа деңгей. Фото: Shutterstock

Қазақстанда интернет сапасы нашар. Тіпті елорданың қақ ортасындағы қымбат нысандардың өзінде байланыс сапасының тым-тым төмен екені жиі байқалады. Әрине, бұлай салыстыру қисынсыз да болар, бірақ шындық екені тағы даусыз. Астананың жайы осындай болған соң, шалғайдағы ауыл тұрғындары интернет игілігін көріп жатыр деу орынсыз болар. Былтырдан бері мемлекет 5G, яғни ұялы байланыстың бесінші буыны туралы жиі сөз қозғай бастады. Айтуларынша, 5G – мүлде басқа деңгей.

Қазір жаһанның мыңнан астам шаһары 5G қызметін тұтынып отырған көрінеді. Statista мәліметі бойынша, байланыстың әзірге ең жоғарғы буынын пайдалану бойынша Қытай мен АҚШ көш басында. Қытайдың – 356, АҚШ-тың 296 қаласында аталған жүйе енгізіліп қойған. 5G-ді қосу жағынан бестікке Филиппин (98 қаласы), Оңтүстік Корея (85 қаласы) және Канада (84 қаласы) кіреді. Үздік ондықта Испания, Италия, Ұлыбритания, Сауд Арабиясы елдері бар. 

Сарапшылардың айтуынша, пандемиядан кейінгі қалыпқа келу жылдарында 5G-дің қосар үлесі үлкен болмақ. Бұл байланыс буыны экономикалық процестерді сапалы әрі жедел өткеруге әсер етіп, бүкіл әлем бойынша экономикалық өсімді ынталандыратын факторға айналмақ. Бұл орайда саладағы сарапшылардың ортақ болжамы мен талдауына құлақ асудың да қызығы көп. Айтуларынша, 5G-ге өту әр елде әр алуан жылдамдықпен жүзеге асып жатыр. Мысалы, 2025 жылға таман дамыған Азия-Тынық мұхиты өңірінде 5G-дің билік құруы көрсеткіші 64 пайызға жетсе, Солтүстік Америкада – 63, Қытайда – 52, Араб елдерінде – 49, Еуропада 44 пайызды құрайды екен. Осылайша, байланыстың бесінші буынын иелену дамыған елдердің басты басымдығына айналмақ.

Ал ТМД елдерінің бұл тұрғыдағы көрсеткіші тым төмен күйде қалып отыр. 2025 жылдың соңына таман ТМД елдеріндегі бесінші буынмен жарақтану көрсеткіші небәрі 9 пайызға жетпек. Соның ішінде, Қазақстанда байланыс буынын қосу бойынша алғышарттар жасалып жатыр. Еліміздің бірнеше қаласында 5G сынақтан өткізіліп, радиожиілікті саудалауға арналған аукцион да өткізілді. Айта кетейік, жиілікке арнап аукцион өткізу – жиілікті әділ бөлістірудің әділ практикасы болып саналады.

Біздің аукцион gosreestr.kz сайтында барлық ашықтық талаптарын сақтай отыра өткізілді. Бірінші лот барысында 3600-3700 МГц (100 МГц) радиожиілік ұсынылса, екіншісі 3700-3800 МГц (100 МГц) диапазонында ұсынылды. Әр лоттың бастапқы бағасы 1 761 225 000 теңге болды.

Нәтижесінде, бірінші лоттың бағасы 62,7 млрд теңгеге дейін жетсе, екінші лот үшін максималды ұсынылған баға 93,4 млрд теңге болды. Нарықта «Теле 2» және «Алтел» брендтерімен танылған «Кселл» АҚ және «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС консорциумы жеңімпаз атанды. Аукционға қатысқан тағы бір ұялы байланыс операторы – Beeline бірде бір баға ұсынған жоқ.

Finprom сарапшылары өткізілген аукционға қарап бірнеше ой-түйін жасауға болатынын айтады.

«Біріншіден, мұндай аукцион біздің елде алғаш рет өткізілді, соған сәйкес лоттың бастапқы бағасы да төмен болды. Түпкілікті бағаның бірнеше дүркін өсуі нарықтық жағдайға орай қалыптасқан әділ құнның анықталуына жол ашады. Сәйкесінше, өткен сауданың нәтижелерін келесі аукционның негізі ретінде қарастыруға болады.

Екіншіден, біз қатысушылар тарапынан ұсынылған бағаның өскеніне куә болып отырмыз: бірінші аукционда сома 62,7 млрд теңге болса, екіншіде – 93,4 млрд теңге. Бұл нарық қатысушылары тарапынан үлкен сұраныс бар дегенді білдіреді. Сонымен қатар мұндай сұраныс радиожиілік ұлттық ресурсының шектеулі екендігімен де байланысты: Цифрлық даму министрлігінің хабарлауынша, сондықтан 5G-ге арналған радиожиілікті бөлістіру тікелей сауда-саттық тәсілі арқылы өткізілді.

Үшіншіден, жиілікке деген жоғары сұраныс 5G желісінің жаһандық деңгейде үлкен қарқынмен дамуымен және оның перспективасымен байланысты», дейді сарапшылар.

Аукционнан түскен қаржы «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында телекоммуникация саласын дамытуға бағытталмақ. Бұл жоба үш мыңға жуық ауылды талшықты-оптикалық байланыс желілерімен қамтамасыз етуді, республикалық және облыстық жолдар бойымен «оптика» салуды, антенна-діңгек құрылыстарын салуды, шалғайдағы және жету қиын ауылдарға электр энергиясын жеткізуді және тағы басқа мақсаттарды көздейді.

Телекоммуникация комитетінің басшысы Ержан Мейрамовтың айтуынша, 2027 жылы 5G еліміздің 75 пайызын қамтиды. Бірақ бұған 1,2 трлн теңге көлемінде қаражат керек.

«Қолжетімді интернет» ұлттық жобасын жүзеге асыруға 1,2 трлн теңге керек. соның 500 млрд теңгесі – мемлекеттік бюджеттен. Қалғаны – ұялы байланыс операторларының қаржысы. Онда көптеген жоба бар. Ірі жобаның бірі – үш мыңнан астам ауылға оптика жеткізу. Біз жобаны Дүниежүзілік банкпен бірлесіп қарастырамыз. Кіші және шағын операторлар ауылдарға оптика жеткізу үшін оларға 48 млрд теңге субсидия беру қаралады», дейді Ержан Мейрамов.

«Кселл» АҚ және «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС консорциумы биыл Астана, Алматы және Шымкентте 391 базалық станция орнатуы керек. Одан кейін төрт жыл ішінде облыс орталықтары мен республикалық маңызы бар қалаларда 784 станция салуға міндетті. Екі операторда да 5G орнату бойынша тәжірибе бар. Kcell 2021 жылы Түркістанда бесінші буын байланысын іске қосса, Tele2/Altel 2021 жылдың күзінде Алматыда 5G-ді тестілік пайдалануға шығарды.

5G – бұл технологиялық дамудың жаңа деңгейі, ол азаматтардың интернетке қолжеткізу мүмкіндігін әлдеқайда арттырады. Әлемде 5G-ді алғаш болып Оңтүстік Корея енгізді. Қазір ол елде 200 мың базалық станция орнатылып, бесінші буын жабыны республиканың 85 қаласын қамтыған. Бесінші буынды сәтті енгізген Жапония елі қазір тіпті 6G байланыс буынының алғышарттарын жасай бастапты.

2021 жылы жеке операторларға Нұр-Сұлтан, Алматы мен Шымкентте 5G технологиясын тестілеу құқығы берілген еді. Жүргізілген сынақтар жақсы нәтиже көрсетікен: жиілікті қамтудың тиімді аймағы – 10 шаршы км астам, жылдамдық көрсеткіші – 1,6 Гбит/с дейін, кідіріс деңгейі – 10 мс кем болған.

Сондай-ақ оқыңыз