Қоғамда бұрын-соңды болмаған саяси белсенділік байқалады

Жарияланды
Экономика сарапшысы Уәлихан Төлешовпен сұхбат.Фото:av.kaznu.kz

«Елбасы мәртебесі» туралы заңның күшін жоюы. Елдегі және шетелдегі заңсыз активтерді мемлекет меншігіне қайтару.  Реформа алдындағы банк секторы. Шетелдегі «Elge Qaitaru» қоры. Осы тақырыптар бүгіндері мұхиттың арғы жағында тұрып жатқан саясаттанушы, халықаралық экономика сарапшысы Уәлихан Төлешовпен болған төмендегі сұқбатта талқыланды.

– Шетелде жүрген соң елдегі жағдай сырттан әлдеқайда айқын байқалатын болар. Қазір Қазақстанда болып жатқан жайттарға қатысты не айта аласыз? Мәселен,  жуырда Бас прокуратура Қазақстанның экс-президентінің інісі Болат Назарбаевқа тиесілі 244 гектардың 59 жер телімін анықтады. Қазір оны мемлекет меншігіне қайтару шаралары жүргізіліп жатыр. Жалпы, Сіздіңше, бұл нені білдіреді?

Назарбаев авторитарлы жүйенің басшысы болды. Ал авторитарлы көшбасшы барлық заңды өзіне ыңғайлы етіп жасайтыны белгілі. Онда да өз билігін нығайта түсу үшін, өміршең болуы үшін. Расында, Назарбаев билікте өте ұзақ отырды. Бұл – ақиқат. Қазақстан экономикасын өз бетінше билеп-төстеп, белгілі бір деңгейде халықты қанағаны да рас. Сондықтан ел азаматтарының Назарбаевтың билігінсіз өмір жақсы болуы тиіс деп қабылдауы түсінікті.

Қазір экономикада, саяси тұрғыда қайта жіліктеу жүріп жатыр деп айтуға болады. Қазақстан экономикасын, саясатын демократиялық реформалар арқылы «тазартуы» керек. Бұл – ең бастысы. Қазір осы бағытта қадамдар жасалып жатыр.

Күні кеше Мемлекет басшысы ҚР Тұңғыш Президенті туралы Конституциялық заңның күшін ресми түрде жойды. Бұл жәй басы ғана. Алда атқарылатын жұмыстар шаш етектен. Менің білуімде, кем дегенде 500-600 заң нормативтеріне өзгерістер мен түзетулер енгізілуі қажет. Бір сөзбен айтқанда, Конституциядан бастап, қолданыстағы бар барлық заңнаманың әрбір жолын қайта сүзіп қарап шығу керек. Қай жерінде Қазақстан азаматына емес, Назарбаевқа ыңғайлы етіліп жасалған, соны анықтап, оны түзеу қажет болады.

Өйткені ол антидемократиялық құрылымдарға жол беріп, Қазақстан азаматының өз құқығын, бостандығын, экономикалық мүмкіндігін белгілі бір деңгейде шектеп отырды. Әрине, заңсыз иеленген дүниелер кері халыққа, Қазақстанға қайтарылуы тиіс. Ол бақ-қуатты қоғам құруда өте маңызды.

– Иә, алда тарқауы тиіс Мәжіліс «Елбасы мәртебесі туралы» заңның күшін жойды. Бұл жайт қандай өзгерістерден хабар бере алады?

– Мүмкін, әу баста, Назарбаев «Қазақстан халқы жер байлығын игере алмайды, басқа да елдік міндеттермен айналысуға қауқары жоқ» деп жаңсақ ойлап, бүкіл жауапкершілікті өз мойнына алып алған болар. Енді соның барлығын өткізіп беретін уақыт келді.

Алғашқы қолға алынған саяси реформаның өзі күткен нәтижені берді. Қазақстан халқы 100 пайыз өзгеріске дайын екенін көрсетті. Белсенді азаматтарды қазір өте көп байқап отырмын. Саяси мәдениет жақсы қалыптасып келеді. Елде Мәжіліс сайлауы өтетін күн белгіленіп, кандидаттар тізімі жасақталып жатыр. Соған қарап-ақ көп нәрсені аңғаруға болады. Партиядан бөлек, өз-өзін ұсынғысы келетін өте белсенді түрлі сала адамдарын көруге болады. Құрылыстан бастап экономикаға дейін.

Назарбаев – ол да адам баласы. Өз билігінің былық тұстарын жақсы біледі. Тек соны көріп, өзін сол тұрғыда тарихта сипаттамас үшін ол кісі көзі тірісінде аталған өзгерістерге оң қарауы қажет деп санаймын. Қазіргі саяси реформалар өз атын тазалауға бағытталып жатқанын жақсы біліп отыр деп ойлаймын. Қалай дегенмен де Нұрсұлтан Назарбаев ел тарихында қалатын елеулі есім. Оның балалары, немерелері үшін де Қазақстанның нақты даму жолына түскені, демократиялық мемлекетке айналғаны керек деп ойлаймын. Қазір бүкіл ел азаматының аңсап, күйттеп отырғаны осы, негізі.

Қазақтар үшін ұят, абырой маңызды. Ал абыройымызды сақтау үшін тарихтан сабақ алған жөн. Сондықтан, меніңше, ол кісі көзі тірісінде халқы үшін адал қызмет еткенін паш ету үшін қайбір жерлерде қателікке жол бергенін мойындап, оны түзеп беруі керек, соған дайын болуы тиіс.

Нақты бір саланы алсақ, мысалы банк секторын. Кезінде «дағдарысқа қарсы күрес» деген желеумен бұл секторға өте көп ақша құйылды. Жалпы, Елбасыдан кейін бұл саланы көз алдыңызға қалай елестете аласыз?

– Банк секторы да үлкен реформаны қажет етеді. Бұл да ол кісінің уысында болған сала. Әбілязовтың ісі мұны баяғыда жақсылап айқындап берді, одан көпшілік хабардар. Ең бастысы, банк шаруашылығында экономикалық монополиядан арылту шарасы жүргізілуі керек. Бір жерде ұлттыққа айналдыру керек болады, керісінше тағы бір жерінде ұлттықтан ажырату қажет болады дегендей. Белгілі бір олигархиялық топтың өзінше билеп-төстеуіне жол бермейтіндей етіп саяси ықпалдан арылту үшін банк секторын қайта бөліп қарастыру қажет болады. Өз ішінде бәсекеге қабелітті орта ретінде оны қайта қалыптастыру керек. Яғни, банк секторы өздігінен аяғынан тік тұрып, өз бетімен өмір сүре алатындай қалыпта болуы тиіс. Осы күнге дейін халықтың ақшасынан мемлекет «ауқаттандырып» келгендей емес. «Құтқару» операциясы деп банк секторына аямай ақша құйғаны, рас. Ұлттық әл-ауқат қорының ақшасы көбіне осы салаға кетіп жатты. Жалпы, бұл кезінде қабылданған қате шаралар. Банк секторы кез келген тығырықтан өзі шығуы керек. Дағдарыстық жағдайларды мемлекет емес, банк секторы өздері шешуі тиіс.

Қалай дегенмен де бұл саладағы өзгерістер ашық, жария жүруі тиіс деп ойлаймын. Еуропалық одақ стандарттары бойынша реттеуге жол беретіндей салалық заңнамаларға өзгерістер енгізілуі қажет. Бұл – тығырықтан шығар ең тиімді жол болар еді. Ондай жағдайда орталықсыздандыруға жол беріледі.

Еуропалық банктер шынымен де бәсекеге қабілетті. Батыстың банк жүйесі либеральды болып келеді. Олар бізге жетіспейтін бәсекелестік алаңда өте сауатты жұмыс істейді. Бізде осы ішкі бәсекеге қабеліттілік деген жоқ. Сондықтан біздің банк секторы әлжуаз. Қазір жағдай ақырындап түзеліп келеді. Менің білуімде, саяси реформалардан кейін осының барлығы кезек-кезек қолға алынайын деп тұр, негізі.

– Өзгеруге адамдар дайын болғанымен, іс-қимыл сылбыр сияқты ма, қалай?..

Ең бастысы, саяси реформалар қалай қолға алынды, солай ол өзімен бірге көп дүниені тартып сүйрей бастады. Бұл – өте жағымды әрі құптарлық көрініс. Жан-жақтан түрлі салада белсенді адамдар төбе көрсете бастады. Банк секторында, құрылыс саласында, экологияда, ауылшаруашылығында, спортта және тағы басқасында бастамашыл топтар пайда болды. Осының өзі көңіліңізге қуаныш сыйлап, жүрегіңізге үміт ұялатады. Осындай кері байланыс, қоғам тарапынан білдірілетін қосымша күш айқын білініп жатыр. Өзгеріс дегенде ешкім тысқары қалғысы жоқ. Бұл – тамаша фактор. Бір сөзбен айтқанда, қазіргі саяси реформа адамдарға ел ісіне араласуға күш-қуат беруде.

Яғни, қоғамда бұрын-соңды болмаған саяси белсенділік байқалады. Ал бұл жағдайды сауықтыру бағытында бірден бір керек дүние, негізі. Бұл аталған жүйелердің бәсекеге қабілетті ортаға айналуына мүмкін береді. Адамның құқықтары мен еркіндігі мейілінше ескерілетіндей болады дегенді білдіреді. Билік те азаматтық қоғамға басқаша қарай бастайды, санаса бастайды. Яғни, талап, ұсыныс, белсенділік бар жерде. Бұл қазіргі жағдайда өте маңызды жайттар.

– Шетелдегі заңсыз активтерді қайтару бойынша да үлкен жұмыстар атқарылып жатыр. Бұл ретте не айта аласыз?

– Қазақстанның шетелдегі бюросы да елеулі еңбектер атқарып жатыр. Ол арада бір төбе адам отыр. Жалпы, Қазақстанның құзырлы органдары бұл бағытта кешенді іс-қимылдар қабылдап жатыр. Ал шетелдегі Оразалы Ержанов басқаратын «Elge Qaitaru» қоры – ол өз алдына тәуелсіз құрылым. Қосымша күш. Жақында ондағылардың қатарына Болат Әбілов келіп қосылды деп естідім. Бұл да бір жақсы нышан. Саяси элита ішінде жүрген адам ғой, сыбайлас жемқорлық бойынша заңсыз иемделген активтерді сыртқа жылыстату жолдарын анықтауда ол өзіндік үлесін қоса алады деп ойлаймын. Бұл да Қазақстан жүйесін саралап, қайта түзу жолындағы әрекет етуші маңызды бағыт.

– «Әкежан Қажыгелдиннің елге оралуы мүмкін» деген сыбыс бар. Бұған не дейсіз?

– Аталған қор аясында Әкежан Қажыгелдиннің де еңбегі орасан зор деп айтар едім. Сондықтан ол кісінің елге оралуына мүмкіндік берілуі керек деп ойлаймын. Шетелдегі заңсыз активтерді анықтау, оны елге қайтару үлкен жұмыстарды қамтиды. Әсіресе, заң тұрғысында.

Батыс елдері заңсыз жолмен алынған активтерді Қазақстанға қайтаруға қуана-қуана келіседі. Өйткені оларға шетелден жылжымалы мүлік, тағысын тағы сатып алынған ұрланған, күмәнді ақшалардың керегі жоқ. Сол секілді осындай ақшаларға өз елінде, мысалы бөтен елді жақтайтын топтардың қалыптасқаны мүлде қажеті жоқ. Ондай құбылыс та бар. Оның барлығы ерен еңбекпен келген, өздері мақтан ететін Батыстың демократиялық құрылымына селкеу түсіріп, жұмысын бұзады.

Бұл – біздің қоғам үздіксіз күресуі тиіс заңсыз іс-қимылдардан тұратын бүтін сала.

Әңгімеңізге рақмет!

Сондай-ақ оқыңыз