Қымбат қала Астана. Елордадағы инфляция Қазақстан бойынша ең жоғары болып тұр

Жарияланды
Ең қымбат қала Астанада инфляция жоғары. Фото: shutterstock.com

Қазақстан бойынша ең жоғары жылдық инфляция мәні Астана қаласы, Маңғыстау мен Ақмола облыстарында тіркелген. ҰБ Ақша-кредит саясаты департаментінің нақты сектор мониторингі басқармасының бастығы Игорь Осиповтің айтуынша, инфлияция қаңтар айында 19 өңірде жеделдеген. Тек Қарағанды облысында қарқыны баяулатыпты.

2023 жылдың қаңтар айында елде жылдық инфляция 20,7% болып (2022 жылғы желтоқсанда – 20,3%), сәл қарқын ала түсті.

Азық-түлік тауарлары бағасы жылдық мәнде 25,7%-ға (2022 жылғы желтоқсанда – 25,3%) өсті. Осы топтағы тауарлар бағасы Маңғыстау облысында (31,5%) барынша қымбаттаса, ал Алматы облысында (23,8%) қарқыны баяу болған.

Азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының өсу қарқыны ж/ж 20,2%-ға дейін жеделдеді (2022 жылғы желтоқсанда – 19,4%). Ең жоғарғы мән Астана қаласында (31,7%), төменгі мән Алматы облысында (15,9%) тіркелді.

Қаңтарда ақылы қызметтердің бағасы ж/ж 14,2%-ға өсті (2022 жылғы желтоқсанда – 14,1%), бұл ретте Ақмола облысында (18,4%) баға жалпы республикалық деңгейден жоғары, Алматы облысында (11,4%) біршама төмен болды.

2023 жылғы қаңтарда айлық инфляцияның өсімі 1,1%-ды құрады. Бұл соңғы 5 жылдағы (2018-2022 жылдары: 0,6%) қаңтар айындағы инфляцияның орташа мәнінен біршама жоғары.

Бұған дейін ҰСБ азық-түлік тауарларының бағасы 25,7%, азық-түлікке жатпайтын тауарлар 20,2%, ақылы қызметтер 14,2% қымбаттағанын мәлімдеген.

Премьер-министр Әлихан Смайыловтың дерегінше, бірінші тоқсан шеңберінде жылдық инфляция өзі шегіне жетеді.

«Ары қарай наурыз айынан бастап инфляция деңгейі едәуір төмендейді деп күтеміз. Жылдың қорытындысы бойынша, инфляцияны 9,5 пайыз шеңберінде сақтаймыз деген мақсат қойып отырмыз. Сондай-ақ сауда үстемесі мен сыйақыларды, жаңа форматтағы айналым схемасын іске асыруды бақылауды белсенді түрде жүргізу қажет. 2023 жылы инфляция деңгейі 9,5%-тен аспауы тиіс. Бұл – біздің басты міндетіміз», деген еді қаңтарда өткен үкімет отырысында Премьер-министр. 

Сондай-ақ оқыңыз