Ел үкіметі Қаңтар оқиғасы кезінде өртеніп кеткен Алматы әкімдігінің ғимаратын жөндеуге 7 млрд теңге бөлмек. Бұл туралы «Қазақстан Республикасы Үкіметінің резервінен қаражат бөлу туралы» Үкімет қаулысы жобасында жазылған. Құжат Ашық НҚА сайтында жариялып, 2 наурызға дейін ашық тақылауға ұсынылған.
«Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне 2023 жылға арналған республикалық бюджетте көзделген Қазақстан Республикасы үкіметінің шұғыл шығындарға арналған резервінен Алматы қаласы әкімдігінің ғимаратын қайта жөндеуге Алматы қаласы әкімдігіне даму трансферттер түрінде аудару үшін 7 010 773 250 (жеті миллиард он миллион жеті жүз жетпіс үш мың екі жүз елу) теңге сомасында қаражат бөлінсін», – делінген құжатта.
Қаулыда Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігіне заңнамада белгіленген тәртіппен бөлінген қаражаттың нысаналы пайдаланылуын бақылауды қамтамасыз ету тапсырылған.
Ал Алматы қаласы әкімдігі 2023 жылғы 1 желтоқсанға дейін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне бөлінген қаражатты нысаналы пайдалану жөніндегі есеп ұсынуы тиіс.
Қаулының түсіндірме жазбасында Алматы қаласы аппаратының сапалы және уақтылы жұмыс істеуі үшін ғимаратты заманауи стандарттарға сәйкес қалпына келтіру қажеті жазылған.
Жөндеу жұмысы 2023 жылдың мамыр айында аяқталуы тиіс.