Жаңалықтар

2022 жылы такси қызметін ұсынатын компаниялар 5 млрд теңге тапқан

Такси компанияларының табысы артты. Фото: shutterstock.com

2022 жылы Қазақстанда такси қызметін ұсынатын компаниялардың табысы 16% өсіп, 5 млрд теңгеге жетті. Бір жылда такси ақысы 12,2% қымбаттаған деп жазады, Energyprom.kz.

Өңірлер бойынша алсақ, Атырау облысында қатты қымбаттап, бір жылда бірден 37,5% өскен. Одан кейін Жетісу және Абай облыстары келеді: 33% және 31,2%.

Ақмола облысында аса қымбаттамаған: 0,5%. Қарағанды, Түркістан және Ұлытауда баға бір жыл бұрынғы деңгейде қалған.

Қай елде такси арзан?

Numbeo дерегі бойынша, 1 шақырымға ең арзан тасымал қызметі Египет (0,16 АҚШ доллары), Пәкістан (0,19 АҚШ доллары) және Беларусьте (0,2 АҚШ доллары) тіркелген.

Арзан елдер ондығына ТМД-дан Армения мен Өзбекстан (әрқайсысы 0,26 АҚШ доллары), Украина, Молдова және Ресей (әрқайсысы 0,27 АҚШ доллары) кірді. Қазақстан (0,44 АҚШ доллары) мен Әзірбайжанда (0,59 АҚШ доллары) такси қызметі қымбатырақ.

Швейцария (4,25 АҚШ доллары), Кувейт (3,27 АҚШ доллары) және Ямайкада (3,26 АҚШ доллары) қымбат.

Қанша табыс түсті?

2022 жылы Қазақстанда такси қызметін ұсынатын компаниялардың табысы 16% өсіп, 5 млрд теңгеге жетті.

Ең жоғары көрсеткіш Қарағанды облысында байқалды, бұл саладағы компаниялардың табысы бір жыл ішінде 49,5% өсіп, 2,1 млрд теңгеге жетті. Үздік үштікке сондай-ақ елорда (1,1 млрд теңге, 0,2% көбейген) және Алматы (1 млрд теңге, 0,9% азайған) кірді..