Атырауда 3,5 мың литрге жуық заңсыз алкоголь өнімдері тәркіленді
Атыраулық полицейлер 3,5 мың литрге жуық заңсыз алкоголь өнімдерін тәркіледі, – деп хабарлайды Polisia.kz сайты.
![](https://cdn-kz.kursiv.media/wp-content/uploads/2023/02/341ad8f0-03a9-4f65-9b2e-5bb01f37b5cb.jpg)
Атырау облысы полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары кезінде Жылыой ауданы Құлсары қаласында орналасқан қоймалардың бірінен алкогольдік спирттік өнімдерін заңсыз сақтаған тұлғаны анықтаған. Қала аумағындағы қойманы тексеру кезінде 3,194 литрды құрайтын 6600-ден астам шыны бөтелкеге құйылған жалпы құны 7 млн теңгеге жуық арақ өнімдері табылды. Аталған қылмысқа қатысты 51 жастағы күдікті анықталып, ұсталды.
Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша ҚР ҚК-нің 233-бабының 2-бөлігімен (Акцизделетiн тауарларды сәйкестендіру құралдарымен және (немесе) есепке алу-бақылау маркаларымен таңбалаудың тәртiбi мен қағидаларын бұзу, сәйкестендіру құралдарын және (немесе) есепке алу-бақылау маркаларын қолдан жасау және пайдалану) қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.