Бидай бәсекесі: Ресейден келетін арзан бидай біз үшін неге тиімсіз?

Жарияланды
Бидай арзандап барады. Фото: shutterstock.com

Қазақстанның астық өңдеушілері ресейлік ұн транзитіне тарифті көтеруді ұсынды. Неге десеңіз, Ресейден келген ұнға экспорттық баж салығы салынбайды. Ал мамандар алдағы уақытта Ресейден келетін ұн мөлшері арта түспесе, кемімейді деп болжап отыр.

Жалпы, Ресейден келетін ұн мен бидайдың Қазақстан бидайының экспорты мен оның бағасына тікелей әсері бар. Күні кеше ғана 2021-2022 жылдар аралығында жалған құжаттармен Өзбекстан, Ауғанстан және Тәжікстанға 8,3 мың тонна ресейлік бидай 1 млрд теңгеге экспортталғаны белгілі болды. Транзиттік тарифтен жалтарған олар «ҚТЖ жүк тасымалдау» саласына 150 млн теңгеге жуық шығын әкелген.

Екіншіден, соңғы кезде Қазақстан бидайы күн сайын арзандап барады. Мамандар оған Ресейден келетін арзан бидай өз әсерін тигізіп жатқанын айтады. Бұған дәлел, 2022 жылдың наурызында Ресей астық экспортын уақытша тоқтатқан кезде, Қазақстанда бидай қымбаттап, бағасы 50 пайызға артты. Сол кезде тоннасы 120 мың теңгеден 180 мыңға дейін көтерілді. Ал қазіргі таңда бидайдың тоннасы экспортқа 110-125 мың теңгемен жөнелтіліп жатыр.  

Бұл жағдай Қазақстан дихандары мен диірменшілері үшін тиімсіз болып тұр. Көршілердің арзан бидайы дихандар үшін тиімсіз болса, диірменшілер үшін де Ресейден экспорттық баж салығы салынбай келетін ұн айтарлықтай кедергі. Мамандар жыл сайын астықтан жақсы өнім алатын Ресейден алдағы уақытта бидай көптеп келе бастайтынын айтады. Соған қарағанда, еліміздің астық өңдеушелерінің алаңдауына негіз бар. Егер, осылай жалғаса берсе, Қазақсан бидайының орнын Ресейдің арзан өнімі алмастырып, еліміз бұл бағытта бәсекелесе алмай қалуы мүмкін.

«Бүгінгі күні Орталық Азия мен Ауғанстан нарығында астық пен ұн тасымалдауда ұсыныстар көбейген. Бұл Қазақстан ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорттық бағасының төмендеуіне әкеледі. Егер бұл жағдайды қазірден қолға алмаса, бүтін бір елдің экономикалық қауіпсіздігіне қауіп төнуі мүмкін. Біздің елдің ұны Орталық Азия нарығынан шығып қалса, диірмендер банкротқа ұшырап қана қоймай, егістік алқаптарының қысқарып, ауылдағы жұмыс орындарының азаюына әкелуі мүмкін. Оған қоса Қазақстанның бұл саладағы қаржылық табысы да азаюы мүмкін», дейді Қазақстан астық өңдеушілері одағының президенті Әлихан Талғатбек.

Қазақстан астық өңдеушілері одағы келтірген мәліметтерге сүйенсек, осыдан төрт жыл бұрын Ресей Федерациясынан Орталық Азияға ұн экспорттау – экономикалық тұрғыдан тиімсіз болған. Алайда 2020 жылдан бастап жағдай өзгерді. Оған қоса, көрші елге салынған санкциялар да бұл елдің экспорттық нарығына өзгеріс енгізді. Мәселен, 2020 жылы бұл елден 169,9 мың тонна ұн экспортталса, 2021 жылы 169,6 мың тонна, 2022 жылы екі есеге артып, 310,7 мың тоннаға өскен.  Яғни, жалпы алғанда, соңғы үш жылда Қазақстан нарығына 650 мың тоннаға жуық ресейлік ұн жөнелтілген.

Ресейден келетін ұнның бұлайша арта түсуіне бірінші кезекте экспорттық баж салығының болмауы себеп болса, екіншіден, ҚТЖ-ның темір жол транзиттеріне былтыр 50 пайыз жеңілдік жасауы шешуші рөл атқарған. 2023 жылдың басынан бері бұл жеңілдік алынып тасталды. Десе де, Қазақстанның астық өңдеушілері алдағы уақытта мұндай  жеңілдіктерден бас тартып, транзиттік тарифті көтеру қажет деп санайды. Бұл қадамдар еліміздің экономикалық әлеуетіне тікелей әсер етеді деген сенімде.

Ал 2022 жылы Қазақстан 2,3 миллион тонна ұн экспорттаған. Оның негізгі бөлігі яғни, 2 миллион тоннасы Орталық Азия елдеріне жөнелтілсе, 300 мың тоннасы Қытайға жіберілген. 2021 жылы бұл көрсеткіштер өте төмен болған. Оған Қытайдағы COVID-19-ға байланысты шектеулер әсер еткені белгілі. Десе де, былтырдан бастап Қазақстан бұл елге өз ұнын қайта экспорттай бастаған. Көршілер қойған талаптарға сәйкес ұн тек контейнерлерде тасымалдана бастаған. Бұл әдіс жабық вагондарда жеткізуден әлдеқайда қымбатқа шыққанымен, экспорттаушылар Қытаймен жұмысты қайта бастағанына қуанған. Әйтсе де, мұндай шектеулер екі ел арасындағы саудада біраз қиындық тудырып отыр. Ұн өңдеушілер екі арадағы шектеулерді алып, экспорттың дәстүрлі әдісі жолға қойылуы керек деп санайды. Себебі, бұл бағыт қазақстандық диірменлшілер үшін аса маңызды.

Жыл сайын бидайдан рекордтық түсім алатын Ресей кез-келген нарыққа өзінің арзан бағасымен еркін еніп кете алады. Сол үшін астық өңдеушілер Қазақстанда экспорттық тасымалдауға кедергі келтіретін барлық шектеулерді алып тастау қажетін айтады.

«Ал әзірге Қазақстан Қытайға жылына 400 мың тоннаға дейін ұн жеткізуге дайын. Бірақ ол үшін ел үкіметі Қытайдағы әріптестерімен пандемия кезінде қойылған тауар қабылдауға қатысты  қойылған шектеулерді алып тастауы керек, немесе жеңілдету туралы келіссөздер жүргізуі керек» дейді диірменшілер.            

Сондай-ақ Қазақстанның астық өңдеушілер ұн мен бидайды экспорттауда басқа бағыттарды да қарастыра бастаған жөн деп санайды. Себебі алдағы уақытта бәсекелесу қиынға соғуы мүмкін. Сол үшін еліміз Қытайдан басқа, Таяу Шығыс елдеріне, яғни Катар, Иран, Пәкістан сынды елдерге транзиттік тасымал жолдарын ашуы керек.

Сондай-ақ оқыңыз