Бір айда 102 млрд теңгеге 9 мыңнан аса көлік құрастырылған

Жарияланды
Құрастырылған көлік саны артып келеді. Фото: kursiv.media

2023 жылдың қаңтарында Қазақстанда 9 106 көлік құрастырылған. Бұл көрсеткіш 2022 жылдың алғашқы айымен салыстырғанда 31,6% көп. Автобизнес қауымдастығының дерегі бойынша, соның ішінде 8 379 жеңіл автомобиль (+42,2%), 571 жүк көлігі, 107 автобус, 38 тіркеме мен жартылай тіркеме және 11 арнайы техника бар.

Ұлттық статистика бюросы автоөндірушілер шығарған барлық өнімнің жалпы құны 101,6 млрд тенге құрағанын анықтады, ал машина жасау саласындағы автоөндіріс үлесі 47,9%-ға жеткен.

«Негізгі өндіріс көлемі қаңтарда Қостанайда орналасқан Allur («СарыарқаАвтоПром») (4 836 дана) мен Алматыдағы Hyundai Trans Kazakhstan (3 584 дана) есебінен артты. СемАЗ 128 коммерциялық техника шығарды. Көкшетаудағы КАМАЗ-Инжиниринг зауыты 77 жүк көлігін құрастырды.Қарағанды облысына қарастыСаран қаласында жұмыс істеп жатқан QazTehna зауыты 69 автобус жасады» делінген хабарламада.

Қаңтарда ең көп автомобиль құрастырған – Hyundai (3 584 дана; +49%) мамандары. Алматыдағы кәсіпорын гаммасында Tucson кроссоверінің үлесі көп (1 393).

Брендтерге келер болсақ, өткен айда 2 133 дана Chevrolet конвейерге тұрды. Allur зауыты Chevrolet Onix моделін шанақ бояу және дәнекерлеу, яғни CKD әдісімен құрастыруға қызу дайындалып жатыр.

Kia көліктерінің нарықтағы үлесі артып келеді, өндіріс көлемі де ұлғайған. Қостанайда осы маркаға тиесілі 1 536 автомобиль конвейерден түсті. Қаңтарда бренд бестселлері болған Sportage кроссоверінің 710 данасы құрастырылған.

Қаңтарда Jac өндірісі былтырмен салыстырғанда бес есе артты. 2022 жылы 215 автомобиль жасалса, биыл 1136 модель шықты. Оның 759-ы  J7 лифтбэгі.

2023 жылдың алғашқы айында ресми дилерлер 10 083 жеңіл автокөлік пен жеңіл коммерциялық техника, сонымен қатар 349 жүк көлігі, арнайы техника және автобус сатқан. Ал былтыр жалпы саны 3 916 автомобиль өткен.

Сондай-ақ оқыңыз