Брекешов пен Хасанов «ҚазМұнайГаз» АҚ басқарма құрамына енді

Жарияланды
ҚазМұнайГаз басқарма құрамы өзгерді. Фото: .kursiv.media

«ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ басқарма құрамы жаңарды. Басқарма құрамынан Құрманғазы Исқазиев шығарылып, Серіққали Брекешов, Дәулетжан Хасанов және Қуаныш Құдайбергенов енген.

Бұл шешім «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ-ның 2023 жылдың 8 ақпанында өткен директорлар кеңесінде шығарылған. Компанияның бағалы қағаздары Қазақстан қор биржасының ресми тізімінде тұрғандықтан, басшылық құрамның өзгергені туралы қорға хабарланған.

«Енгізілген өзгерістерді ескере отырып, «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ Басқармасы тоғыз адамнан тұрады: Мырзағалиев М.М., Қарабаев Д.С., Абдұлғафаров Д.Е., Қайрденов А.К., Закиров Б.К., Лавренов В.С., Брекешев С.А., Хасанов Д.К., Құдайбергенов К.М», делінген хабарламада.

Бұрынғы экология министрі осы айдың басында «ҚазМұнайГазға» қызметке келген.  Серікқали Брекешев газ жобаларын дамыту бағытына жетекшілік ететін болады.

Айта кетейік, 2022 жылдың жетоқсан айында ҚМГ акцияларының IPO-сы өтті. «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» АҚ 30,5 млн жай акциясын сатылымға шығарған. IPO барысында қазақстандықтар «ҚазМұнайГаздың» акцияларын сатып алуға 128,7 мың өтінім берген.

Жеке инвесторлар акция құнына қарай 8,8 миллионнан астам акцияға өтінім берді. Жалпы осы IPO аясында жалпы құны 256,4 млрд теңгені құрайтын 30,5 млн жай акция ұсынылған. Осылайша, жеке инвесторлардың сұранысы саудаға шығарылған акциялардың шамамен 30%-ын құрады.

Салыстыру үшін айтсақ, 2012 жылы «Халықтық IPO» аясында «ҚазТрансОйлдың» акцияларына 59,4 млрд теңгеге 34 687 өтінім түскен. 2014 жылы «KEGOC» АҚ-ның қор биржасындағы листингі шеңберінде акция сатып алуға берілген өтінімдердің саны 40 мыңнан асқан.

Сондай-ақ оқыңыз