Жаңалықтар

Елімізде қазақ тілінде білім беретін балабақшаларға сұраныс артты

Елімізде мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында қазақ тілінде оқытатын топтарға сұраныс артып келеді. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінің «Балаларды ерте дамыту институты» РММ директоры Манара Адамова айтты. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады.

Фото:aikyn.kz

Министрлік мәліметіне қарағанда, Қазақстанда 11 мың 104 мектепке дейінгі ұйымда 1,1 млн-нан астам бала қамтылып отыр. Соның арасында балабақшалардың 70 пайызға жуығы қазақ тілінде оқып жатыр.

Қалған 30 пайызы аралас балабақша болып саналады.

«Балабақшаларда қазақ тілінде білім алуға қатысты сұраныс артып келеді. Әсіресе, жас ата-аналар жағынан сұраныс көбейіп келеді. 2022 жылы жаңа оқу бағдарламасы енгізілген еді. Онда әр жастағы топтарға арналған тиісті норма ескерілген», – деді М. Адамова Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында

ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Мектепке дейінгі білім департаментінің директоры Наталья Жұмаділдаева былтыр ашылған балабақшалардың 98 пайызы қазақ тілінде білім беріп жатқанын айтты.

«Осы орайда қазақ тілінде оқытатын білім беру ұйымдарына сұраныс артып келеді. Егер бала кішкентайынан қазақ тіліндегі сөздерді меңгере бастаса, онда ол отбасындағы басқа да адамдарға ықпал ететіні белгілі», – деді департамент басшысы.