Қазақстан мұнайы жоспарлы мерзімде Германияға жөнелтілмеді

Жарияланды

Ақпан айының басында жоспарланған 20 мың тонна көлеміндегі мұнайдың алғашқы партиясы Германияға жөнелтілген жоқ. Бұл туралы «ҚазТрансОйл» Ұлттық компаниясы ішкі коммуникациялар және қоғаммен байланыс департаментінің директоры Шыңғыс Ілиясов мәлімдеді.

«Бүгінгі жағдай бойынша, «Дружба» мұнай құбыры арқылы қазақстандық мұнайды ары қарай Германияға жеткізу үшін, «Адамова заставасы» мұнай өткізу пунктіне дейін жеткізу жүзеге асырылған жоқ», деді Илиясов.

Компания жөнелтілуі ықтимал мерзім туралы да мәлімет берген жоқ.

Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі де Германияға экспорт мерзімі туралы сауалға пікір білдірмеді.

Бұған дейін ақпан айының бірінші жартысында Қазақстан мұнайы Германияға жеткізілетіні туралы мәлімделген болатын.

Сондай-ақ оқыңыз