Жаңалықтар

Қазақстанда корпоративті төлемдер сервисі іске қосылды

Бұндай төлем 1-2 күнде түседі. Фото: shutterstock.com

Freedom Bank блокчейн технологияларына негізделген, корпоративті төлемдерге арналған картасыз сервисті іске қосты. Енді бизнес бұндай төлемді Қазақстаннан 107 елге жылдам әрі қауіпсіз жасай алады, деп хабарлады банктің баспасөз қызметі.

Visa B2B Connect сервисі Visa төлем жүйесімен бірлесе отырып әзірленген. Қаржы институтының мәліметінше, төлем жасалған елге байланысты, ақша 1-2 күн ішінде түседі.

«Visa B2B Connect платформасына қосылу қазақстандық бизнесті нығайтады және заңды тұлғаларға арналған қаржы қызметінің экожүйесін қалыптастырады», деді Freedom Bank директорлар кеңесі төрағасының кеңесшісі Айдос Жұмағұлов.

Оның пікірінше, корпоративті трансшекаралық төлемдер шетелдік серіктестермен табысты іскерлік ынтымақтастыққа алып келеді. Қаржы институтының мәліметінше, Visa B2B Connect қызметіне қосылған қаржы ұйымдарының қатары артып келеді.

Осы орайда Орталық Азия және Әзірбайжан бойынша Visa аймақтық менеджері, вице-президент Кристика Дорош:

«Қазақстан Орталық Азиядағы Visa B2B Connect инновациялық төлем қызметін іске қосқан бірінші мемлекет болды. Корпоративті төлемдерге арналған бұл картасыз шешім блокчейн технологиялары негізінде жұмыс істейді», деді.

Оның айтуынша, банкпен бірлесе осы технологияны іске қосу ел экономикасының одан әрі дамуына септігін тигізеді.

Freedom Bank 15 елде жұмыс істейтін Freedom Holding құрамына кіреді. Холдингтің штаб-пәтері Қазақстанда орналасқан. 2022 қаржылық жылдың үшінші тоқсанында оның тоқсандық кірісі 38%-ға өсіп, 214,5 млн долларды құрады. Оған сауда портфелінің өсуі және ондағы облигациялар үлесінің кеңеюі, сондай-ақ маржалық несие бойынша пайыздық кіріс себеп болған.

Ақпан айының ортасында қаржы институты америкалдық «Maxim Group LLC» инвестициялық банкін сатып алу ниетін жариялады, осыған байланысты холдинг акцияларының құны бейсенбі, 16 ақпандағы сауда-саттық қорытындысы бойынша бірден 23,9%-ға өсті. Компания бұл мәміле холдингтің АҚШ пен басқа елдердегі қызметін дамытуға көмектеседі деп есептейді.