Қазақстанның басты сауда серіктесі Ресейде жылдық инфляция баяулап жатыр. Қазақстанда 2023 жылдың қаңтарындағы инфляция деңгейі 2022 жылдың қаңтарымен салыстырғанда 20,7 пайызға өскен еді. Бір айлық өсімі 1,1 пайызды құраған. Жалпы баға деңгейінің шарықтап кетуіне ең үлкен үлесті бүкіл әңгімеміздің темірқазығы болып отырған азық-түлік қосып отыр: бір жылдағы өсімі – 25,7 пайыз.
Қазіргі таңда мемлекет нарыққа тікелей араласып, тым құрығанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыруға тырысып отыр. Десе де әр өңірдегі бағаны біркелкі етіп қадағалау да оңайға түспесі анық. Оның үстіне логистикалық қызметтердің қымбаттауы, Қазақстан қалалары арасындағы арақашықтық және жол сапасы да баға құнына әсер етуші факторлар болып саналады.
Астанадағы «Шарын» көтерме сауда базары қызметкерлерінің айтуынша, саудагердің жолына да кесе-көлденең тұратын түйткілдер көп.
«Біздің өнімдеріміздің негізгі көлемі тез бұзылатын тауарлар қатарына жатады. Біздің міндетіміз – тез жеткізуді ұйымдастыру және сатып алушылар үшін тауардың сапасын қамтамасыз ету. Бағалар неге жоғары деп сұрасаңыз, бұған себеп – біздің ақылы жолдарымыз, қымбат қысқы жанар-жағармай, олар да бағаның қалыптасуына белгілі бір әсер етеді. Қалада жанар-жағармай бағасы басқа, қаладан тыс жерлерде мүлдем басқа», дейді проблемасын ашына жеткізген қызметкер.
«Шарын» базарының тағы бір өкілі мүмкіндігінше салық салынатын базаның шекті мөлшерін қарастыруды, жеңілдетілген схема бойынша жұмыс істеуге мүмкіндік беруді ұсынды.
Сауда-саттыққа жәрдемдесу қауымдастығының вице-президенті Нұрлан Нұрмағамбетов ӘМАТ тауар өндірушілері үшін электр энергиясының тарифтері төмендетілуі қажет деп санайды.
«2022 жылы заңды тұлғаларға арналған электр энергиясының тарифтері 2015 жылмен салыстырғанда өсті. Жыл сайын коммуналдық қызметтердің құны өсуде, ал кәсіпкерлердің пайдасы өзгермейді және олардың едәуір бөлігі қызметтер үшін берілуі керек. Электр энергиясына шығындар түпкілікті тұтынушыға түседі және бағаның өсуіне әсер етеді», дейді Нұрлан Нұрмағамбетов.
Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Арман Шакқалиевтің айтуынша, ең алдымен бағаны тұрақтандыру алып маңызды. Сондай-ақ дүрбелең сұраныс тудырмау да керек деп атап өтті ол.
«Біз бүгін көтерме бөліктен, яғни жүк көлігінен сатудан өркениетті нарық форматына дейін өттік. Көтерме саудагерлерді де, бөлшек саудагерлерді де көлеңкеден шығуға ынталандыратын көптеген салық ұсыныстары айтылды. Сауда субъектілерін қамтуды ұлғайту арқылы салық салынатын базаны ұлғайту біз үшін маңызды. Сондай-ақ, фитосанитариялық және ветеринариялық блоктың проблемалық мәселелері қозғалды, көптеген сындарлы ұсыныстар айтылды. Барлық қатысушыларды жаңа айналым схемасы қызықтырды, біз өндірушілерді тікелей қаржыландырамыз, олар тікелей делдалдарсыз және қайта сатып алушыларсыз көтерме саудагерлерге шығады, ал олар өз кезегінде тауарды бөлшек саудада артық салымсыз сатады. Бизнестің бізді осы бағытта қолдайтынын есту өте қуанышты», деді вице-министр базар өкілдерімен кездесуінде.
Жалпы, азық-түлікке қатысты баға саясаты – өте шетін мәселе. Бұған дейін Премьер-министрдің бірінші орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин бағаны тұрақтандыруға елдегі барлық сауда желілері қатысуы керек деп айтқан болатын. Оның сөзінше, Мемлекет басшысының бағаны тұрақтандыру құралдарын қайта қарау туралы тапсырмасы негізінде бірқатар жұмыс атқарылды.
Атап айтқанда:
- Тікелей өндірушіге займ беру бойынша тәсіл өзгерді. Қазір қант зауыттары үшін шикізат қаржыландырылып жатыр;
- Тұрақтандыру қорларын қалыптастыру механизмі өзгерді. Қазір егін жинау алдында сатып алу жүзеге асырылады (нарықта бәсекелі баға болып тұрған кезде). Ал қорлар өнімдерді маусым аралық кезеңде сатуға шығарады;
- Форвардтық сатып алу тетігі енгізілді. Бұл тауарды өткізу сәтіне дейін өнімді сақтау бойынша өндірушілермен келісім-шартқа отыруға мүмкіндік береді.
Applied Economics Research Centre (AERC) сарапшыларының болжауынша, Қазақстандағы инфляция өзінің шырқау шегіне осы ақпан айында жетіп, деңгейі 21,06 пайызды көрсетуі ықтимал. Дегенмен, алдағы уақытта инфляция қарқыны баяулай бастайды деп күтеді эксперттер. Олар инфляцияны төмендетуші факторларды былай тізеді:
- Инфляция әлем бойынша баяулайды. Халықаралық валюта қоры World Economic Outlook сараптауынша, көптеген дамушы және дамыған елдер инфляцияның шырқау шегін 2022 жылдың қарашасына дейін өткеріп қойды;
- Әлемде азық-түлік инфляциясының төмендеуі жалғасып жатыр. БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылық ұйымының азық-түлік бағасы индексі 2023 жылдың қаңтарында 131,2 тармақ болды, бұл 2022 жылдың желтоқсанынан 0,8 пайызға төмен. Осылайша, индекстің төмендеуі 10-шы ай қатарынан байқалып отыр;
- Қазақстанның басты сауда серіктесі Ресейде де жылдық инфляция баяулады. Росстат мәліметі бойынша, 2023 жылдың қаңтарында инфляция 11,5 пайызды құрады (2022 жылдың қаңтарымен салыстырғанда). Импорттық тауарлардың басым бөлігі Ресейден келетінін ескерсек, ресейлік инфляцияның Қазақстанға әсер ететіні түсінікті. Алайда Ресейге салынған батыс санкцияларына байланысты қайталама санкцияның Қазақстанға салдарын азайту мақсатында қазір Ресей экономикасымен сауда-саттық «абайлап» жүргізілуде. Бұл Қазақстанның жалпы импортындағы Ресей үлесінің төмендеуіне алып келді: 2021 жылдың 11 айында ресейлік импорт үлесі 42,5 пайыз болса, 2022 жылдың 11 айында 35,5 пайыз болды.