Банктегі эквайриң жүйесі деген не?

Жарияланды
доходы
Фото: Аскар Ахметуллин

Қолма-қол ақшасыз төлеу жүйесі «эквайриң» терминімен сипатталады. Өйткені, қалтасынан қолма-қол ақша табылатындар қатары уақыт өткен сайын азайып келеді. Өйткені көпшілігі картамен, телефон арқылы төлеуге көшіп жатыр. Қазақстанда кейінгі екі жылда электрон коммерция нарығы үш есе ұлғайған. Baker Tilly халықаралық компаниясының мәліметі бойынша, 2021 жылы қазақстандық нарық көлемі 1,5 трлн теңгеден асып жығылған. Ал e-commerce өскені электрон төлемге драйвер болатыны белгілі. Соған байланысты интернет-эквайриң көлемі жыл өткен сайын 50-70 пайызға ұлғайып жатыр.

Эквайер-банк төлем қабылдау үшін құрылғыларды баптап, клиенттің төлем шотын ашып, қызмет көрсетеді. Әр транзакциядан сол қызмет үшін пайыз ұсталады. Ақшалай операциялар жасау үшін POS-терминал қолданылады. Банк карталары, смартфон, смарт-сағат және өзге де төлем жасалатын гаджеттермен төлеуге болады. Ал чегі болса, электрон түрде шығады. 

Қандай артықшылықтары бар?

  • Сауда өседі, жаңа клиенттер тартылады. Банк картасы, смартфон сынды гаджеттер арқылы төлем қабылдаған соң бұл тәсіл әрі ыңғайлы, әрі кеңінен танылған. 
  • Инкассацияға әжептәуір үнем. Егер компания қолма-қол төлемнен түбегейлі бас тартса, инкассация қызметі тіпті керек болмайды.
  • Қауіпсіз. Қате есептеп жіберу, ақшаны қайтарғанда дұрыс санамай қалу қаупі жоқ. Сонымен бірге клиент жалған ақша беріп, алдап кете алмайды.
  • Есептеу тәсілі оңай әрі жылдам. Ақша санаулы сағат ішінде ұсталады.
  • Жеке кабинет арқылы анализ жасап отыруға мүмкіндік бар.

Қолайсыз тұстары бар ма?

  • Эквайриңнің техникалық қиындықтары болады. Атап айтқанда, құрылғы интернет арқылы істейді. Егер байланыс нашар болса, не істемей қалса, терминал төлем қабылдай алмайды.
  • Әр транзакциядан пайыз ұсталады. Ал оның көлемі тарифке байланысты әртүрлі.
  • Төлемдерді өңдеуге уақыт кетеді. Байланыс әлсіз болса, көбірек күтіп қалуыңыз мүмкін.
  • Жүйеде қате кетсе, төлем өңделмей қалуы да ғажап емес.

Бұл жүйе қалай жұмыс істейді?

         Негізі схемасы өте қарапайым:

  • Кассир соманы енгізеді;
  • Сатып алушы картасын не гаджетін құрылғыға қояды. 
  • Төлем туралы ақпарат процессиң орталығына жолданады.
  • Егер картада қажет сома болса, онда эмитент-банк растайды да, ақша эквайер-банкке жіберіледі.
  • Одан соң екі чек шығады. Сатушы чектің біреуін өзінде қалдырады да, екіншісін сатып алушыға береді.
  • Ал интернет-дүкен арқылы алынып, төленген болса онда чек эмитенттің электрон поштасына келеді.
  • Эквайер комиссия ұстайды да, ақшаны сатушының шотына аударады      

Эквайриң түрлері:

         Сауда эквайриңі. Тамақтану орындары, дүкендер мен қызмет көрсету саласында қолданылады. Эквайер бүкіл жабдықты береді, кассирлерді үйретеді, тәулік бойы қолдау қызметін ұсынады. Ал бизнес болса, өз тарапынан комиссия төлеп отыруға міндеттеледі. Комиссия мөлшері таңдаған тарифке, айналым мен сауда саласына байланысты.  

         Интернет эквайриң. Тауар не қызмет карта мен электрон ақшалай төленетін интернет-дүкендерде қолданылады. Екі ортадағы төлемнің қауіпсіз екеніне, жеке бас деректері қорғалатынына кепілдік беріледі. Төлем жасар алдында клиент телефонына СМС келеді немесе мобайл қолданбасында ақша шешіп алуға рұқсат беретініңізді растайтын код келеді. Сауда эквайриңіне қарағанда интернет-эквайриңге алынатын пайыз жоғарырақ. Бұл кезде сатушыдан да, сатып алушыдан да ұсталуы мүмкін. Егер сатып алатын Адамда электрон әмиян болса комиссия көбірек болады. Өйткені бұл жағдайда шифр протоколының арнайы түрі қолданылады. Мұндай протокол сатып алушының деректерін ешкім жолда «алып» алмас үшін керек.

         Мобайл эквайриң. Төлемді смартфон не планшетке орнатылған қолданба арқылы қабылдайды. MPOS-терминал тек гаджеттерге арналған. Комиссия мөлшері әртүрлі, карта түріне байланысты.  

Эквайриңге арналған терминал түрлері

         Кәсіп түріне қарай ішіндегі функциялары да әртүрлі құрылғы қажет болады. Төменде бірнеше түрін назарыңызға ұсынып отырмыз.

МоделіЕрекшеліктері
POS-принтерлерҚанша сома шешіп алу керегін кассир қосылып тұрған планшетке мобайл пернетақта арқылы жазып көрсетеді.
Импринтерлер  Төлем картасы арқылы жасалған операцияны растау үшін құжат рәсімдеуге керек. Оны қосу үшін телефон қажет.
Эквайриң функциясы бар касса аппараттарыАлдыңғы айтқан екі құрылғының барлық функциясы бар.

         Терминалдарды қосу үшін Wi-Fi, GPRS, 3G және өзге де ұялы байланыс желілері керек. Сымсыз да, сыммен де қосылуға болады. 

Ақпарат қалай өңделеді?

         Эквайермен серіктесіп жұмыс істейтін төлем жүйелеріне де көп нәрсе байланысты. Мысалы, Қазақстанда халықаралық VISA және Mastercard жиі қолданылады. Ал ақпаратты өңдеу нұсқаларына келсек, мынадай:

  • Жанасатын;
  • Жанаспайтын;
  • Комбинацияланған. 

Эквайриң қосу үшін не істеу керек?

         Эквайриң қосу үшін жұмыс істеп тұрған есепшот керек. Сол жерге саудадан түскен ақша аударылып отырады. Егер сізді есепшот болмаса, эквайер ретінде қай банкті таңдасаңыз, сол жерден ашсаңыз болады. Одан соң мынадай қадамдар жасауыңыз керек:

  1. Банк сайты арқылы өтінім жібересіз;
  2. Келіссөз шарттарын талқылап, барлығын бүге-шүгесіне дейін сұрап алу үшін маманмен хабарласып, кездесесіз;
  3. Сұраған құжаттарын апарасыз;
  4. Жабдықты аласыз, болмаса бағдарламаны баптап бергенін күтесіз.

Эквайер-банк таңдағанда есте ұстау керек жайттар

         Эквайриң қосу үшін банк таңдаған кезде маңыздысы — сіздің не сататыныңыз. Кәсіпкерлер көбіне енді бастап жатқан кеде транзакция үшір ұсталатын комиссияға ғана мән береді. Өйткені неғұрлым комиссия аз ұсталса, соғұрлым табысым көбірек болады, пайда көремін деп ойлайды. Әйтсе де, бұл ұғым — қате. Өйткені комиссиядан үнемдеп тапқан ақшаңыздан гөрі техникалық қолдау қызметі мен ыңғайлы жеке кабинет көбірек табыс әкелуі мүмкін. Банк таңдаған кезде мына нәрсені есте ұстаңыз:

  • Аударымнан ұсталатын комиссия. Бұл маңызды факторлардың бірі екені белгілі. Егер сіз маржасы төмен тауар сататын болсаңыз, онда комиссия мөлшері жоғары болса, сізге пайда аз түседі. 
  • Техникалық қолдау қызметінен жауап тез келе ме, жоқ па? Мысалы сізде сенбі түстен кейін құрылғы істемей қалды делік. Техникалық қолдау қызметі 24/7 істеп, сізге дереу көмектесе ала ма? Тек жұмыс күндері, сағат кешкі 18:00-ге дейін ғана істейтін түрі болып шықса, сенбі-жексенбіңіз босқа кетеді деген сөз. Сондықтан таңдаған кезде мәселеңізді дереу шеше алатынына сенімді болғаныңыз дұрыс.
  • Жеке кабинеті түсінікті, қолдануға ыңғайлы болсын. Интерфейсі тайға таңба басқандай болса, жеке кабинет арқылы контрагенттерге қаражат аударып, қызметкерлерге жалақы жіберіп, салық не басқа да міндеттемелерді оңай төлеп, реттеп отырасыз.
  • Интернет-дүкен немесе мобай қолданбамен интеграцияланғаны дұрыс.
  • Сайтты басқаратын танымал жүйелермен сәйкес келсін.
  • Есепшотқа ақша түсетін уақыт жылдам болғаны дұрыс. Ертесіне-ақ аударатын болса, жақсы. Ал енді одан ұзағырақ болса, қаржылай қиындық туындап қалуы мүмкін.
  • Барынша төлем жүйесінің көп түрін қолдағаны жақсы. Мысалы, банк Apple Pay, Samsung Pay секілді жүйелермен ақша қабылдай алмаса, онда біраз клиенттен айырылып қалуыңыз мүмкін.
  • Транзакцияның қауіпсіздігіне мән беріңіз. Банктердің басым көпшілігінде қос факторлы аутентификация бар. 
  • Халықаралық транзакция жасау мүмкіндігін қосуға қатысты. Егер сіздің шетелдік клиенттеріңіз бар болса, оларға тауар жолдап не соларға қызмет ұсынатын болсаңыз, онда қосып алыңыз. 
  • Жүйені қосу уақыты, күрделілігі мен тәртібі маңызды.
  • Қосымша опцияларын біліп, анықтап алыңыз. Мысалы картаны сақтап, ақшаны резервтеу, жаппай төлем жасау, шот жіберу және т.б.
  • Ең бастысы, келісімшартқа қол қоймас бұрын барлығын тәптіштеп оқып шығыңыз. Олай болмаған жағдайда, қызмет көрсеткені үшін не басқа банктерге аударым жасағаны үшін артық төлеп жүруіңіз мүмкін.
Сондай-ақ оқыңыз