Сенат көппәтерлі тұрғын үйлерді күтіп ұстауға қатысты заңды мақұлдады

Жарияланды
Фото: kursiv.media

Елімізде пәтер саны аз үйлерді басқарудың жаңа тәртібі енгізіледі. Жоғары Палата «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды қабылдады.

Заң көппәтерлі тұрғын үйлерді басқару тетігін жақсартуға және тұрғын үй қатынастары субъектілерінің кейбір функцияларын нақтылауға бағытталған.Сенатор Бауыржан Қаниевтің сөзінше, 2019 жылы қабылданған мүлік меншік иелерінің бірлестігіне көшу жөніндегі нормалар әлі толық көлемде іске асырылмаған.

«Басқарудың жаңа нысандарына көшу реформасы шеңберінде көппәтерлі тұрғын үйлердің 85%-ы жай серіктестік нысанына көшті, ал мүлік меншік иелерінің бірлестігін небәрі 11,5% -ы таңдады. Сонымен қатар 1 436 көппәтерлі тұрғын үй әлі күнге дейін басқарудың ешқандай түрін таңдаған жоқ. Осыған байланысты заңда қарапайым серіктестік құру кезінде пәтерлер саны бойынша – 30 пәтерге дейін шектеу көзделеді», – деді сенатор.

Республика бойынша шамамен 10 211 аз пәтерлі үйлер бар. Сенатордың сөзінше, мұндай үйлерде пәтерлердің санының аз болуы мүлік меншік иелерінің бірлестігіне немесе қарапайым серіктестікке тиімсіз.

«Осыған байланысты басқарудың жаңа нысаны – тікелей бірлескен басқару ұсынылады. Бұл нысанды пәтерлер саны 16-ға дейінгі үйлер үшін жасауға болады. Заң арқылы тұрғындар арасында басқару нысанын таңдау туралы келісімге қол жеткізілмеген немесе олардың ауысуға дайын еместігі бойынша мәселе де шешіледі. Мысалы, жергілікті атқарушы органдардың тұрғын үй инспекциясына бір жылға дейінгі мерзімге уақытша басқарушы компанияны анықтауға мүмкіндік беру туралы норма енгізіліп жатыр», – деді Бауыржан Қаниев.

Сенатор Гауез Нурмухамбетов көппәтерлі тұрғын үйді басқару және күтіп ұстауға бағытталған ұсыныстарға тоқталды.

«Көппәтерлі тұрғын үйге тапсырыс берушінің жобалау-сметалық құжаттамаға сәйкес көппәтерлі тұрғын үйді тіркеген сәттен бастап алты ай ішінде сыртқы инженерлік желілер мен көппәтерлі тұрғын үй құрылыстарын коммуналдық меншікке беру міндеті көрсетілген», – деді сенатор.

Сондай-ақ тұрақ, қойманың меншік иелерінің конституциялық құқығын сақтау мақсатында нормалар енгізіледі. Соған сәйкес тұрақ орындары мен қоймалардың меншік иелері мүлікті күтіп ұстау мәселелері бойынша шешімдер қабылдайды.

Сондай-ақ оқыңыз