Ми-8 типті тікұшағы бар әуе компанияларына жоспардан тыс тексеру жүргізіледі

Жарияланды
вертолет
МИ-8 тікұшағын пайдаланатын компаниялар қызметіне тексеріс жүргізіледі Фото: ҚР ТЖМ

Қазақстанның авиациялық әкімшілігі Ми-8 типті тікұшағын пайдаланатын әуе компанияларының қызметіне жоспардан тыс тексеру жүргізеді. Бұл жайында ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитеті хабарлайды.

«Тексеру нәтижесінде жүйелі заң бұзу анықталған жағдайда, ұшу қауіпсіздігінің барлық мәселелер шешілгенге дейін тиісті сертификаттар мен куәлік уақыты тоқталады», делінген хабарламада.

Policia.kz хабарлауынша, қазіргі уақытта ҚР Бас көлік прокуратурасының қадағалауымен осы іс бойынша тиісті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Төтенше жағдайлар министрлігі 2023 жылғы 23 ақпанда Батыс Қазақстан облысының аумағында авиациялық оқиға кезінде қаза тапқандардың тізімін жариялады.

Төтенше жағдай министрлігінің ресми өкілі Руслан Иманқұловтың айтуынша, апат салдарынан «Қазавиақұтқару» жетекші инженері Сергей Щеглов және «ҚазТрансОйл» өкілі Ерғалиев та зардап шекті. Олар түрлі жарақатпен Орал қаласының көпсалалы ауруханасына жеткізілді.

«23 ақпанда Астана уақыты бойынша сағат 15:48-де дағдарыс жағдайларында басқару орталығына Орал қаласынан 54 км жерде Батыс Қазақстан облысы Бәйтерек ауданы Чапурино кентінің ашық аумағында Ми-8 ТЖМ «Қазавиақұтқару» тікұшағы қонуға мәжбүрлі болғаны туралы ақпарат түсті. Тікұшақ «Атырау-Орал-Атырау» бағыты бойынша ұшқан. Сағат 10:40-та «ҚазТрансОйл» АҚ өтінімі бойынша Атыраудан ұшып шықты, бортта 6 адам – 5 экипаж мүшесі және «ҚазТрансОйл» АҚ-ның 1 өкілі болды», деді Иманқұлов.

«ҚазТрансОйл» АҚ өтінімі бойынша тікұшақ «Өзен-Атырау-Самара» магистральдық мұнай құбырын бойлай ұшқан.

Апатқа ұшыраған тікұшақ 2021 жылы жасап шығарылған. Ми-8 тікұшағының әуеде ұшуы 250 сағатты құрайды. 2023 жылдың 17 қаңтарында Атырау қаласында мерзімді техникалық қызмет көрсетуден өткен.

«2030 жылы әуе кемесі алғашқы күрделі жөндеуден өтуі тиіс болатын. Тікұшақ пайдаланылған сәттен бастап ұшуға жарамдылығына әсер ететін ақаулар мен ескертулер болған жоқ», деді министрліктің ресми өкілі.

Айтуынша, бүгін тікұшақты әзірлеген зауыт өкілдері оқиға орнына барады.

«Оқиғаның мән-жайын тергеумен ІІМ көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері мен индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің көліктегі оқиғалар мен инциденттерді тергеу департаментінің қызметкерлері айналысады», деді Руслан Иманқұлов.

Сондай-ақ оқыңыз