АӨК кәсіпкерлері субсидия рәсімдей алмай отыр: оның салдары қандай болады?

Жарияланды
Шаруалар субсидия ала алмай отыр. Фото: shutterstock.com

Еліміздегі шаруа қожалықтары биылғы егіс жұмыстарына дайындалып үлгермей қалуы мүмкін. Өйткені, 1 ақпаннан бастап іске қосылған «Агрөнеркәсіп кешенін субсидиялаудың бірыңғай мемлекеттік ақпараттық жүйесінің» (СБМАЖ) жұмысында қате көп.   

Негізінде билік бұл жүйені фермерлерді қағазбастылық пен шашыраңқылықтан құтқару үшін қолданысқа енгізген болатын.  Автоматтандырылған жүйемен кәсіпкерлер gosagro.kz  веб-порталында субсидияға өтінім рәсімдеуі тиіс еді. Алайда, керісінше СБМАЖ шаруалардың көктемгі науқанға дайындығын кешіктіріп, қиындықтар туғызған.  

Мәселен, тыңайтқыштар, пестицидтер мен тұқымдарға субсидия алуға өтініш беру үшін шаруалар егістік жерлерінің картасын ұсынуы керек.  Бірақ AgroOpen сервисі шаруаларға тиесілі жер телімдері туралы деректерді қате шығарып жатыр. Нәтижесінде, шаруалар дәнді-дақылдар себілетін егістік алқаптары, тыңайған жерлер туралы дұрыс ақпарат көрсете алмай отыр. Оның үстіне, шаруалар электронды портал әр күні әртүрлі ақпарат шығаратынын, жүйе жұмысында біркелкілік жоқтығын айтады.

«Атамекен» ҰКП Агроөнеркәсіптік кешені және тамақ өнеркәсібі департаментінің маманы Жұлдызай Әубәкірова журналистерге берген сұхбатында шаруалардан күн сайын осы мәселелер бойынша көптеген шағымдар түсіп жатқанын, мұндай қателіктер субсидиялаудың барлық салаларында бар екенін айтады.

«Қазір тыңайтқыштарға өтінім қабылдау басталды. Өкінішке қарай, өтініш берудің әр кезеңінде қате шығады. Алғашқыда кадастрлық нөмірлер қате шықты. Одан кейін электронды шот-фактуралар, стандарттар дұрыс көрсетілмеді. Әр кезең кәсіпкерлер үшін қиындық тудырып жатыр», дейді маман.

Жағдайды қаржы институттарына gosagro жүйесіне тіркейтін код пен кілтсөздері де берілмегендігі де қиындатып отыр. Нәтижесінде, жұмыс алға жылжымай, жаңа өтініштермен қоса бұрын жолданған өтініштер де қабылданбаған күйі порталда тұр. Сонымен бірге, шаруалар жүйенің дұрыс жұмыс істемеуі салдарынан 24 пайыздық мөлшерлемемен алған несиелерін жаба алмай отыр. Мөлшерлемесі жоғары несиенің жарты құнын мемлекеттік субсидия негізінде төлеп жүрген шаруалар жүйедегі ақауға байланысты  мелекеттен бөлінетін қаражатты алмаған. Солайша несие сомасын толықтай өздері төлеуге мәжбүр. Ал несие төлеуді кешіктірсе, фермерлерге айыппұл салынып, шарт бұзылса, мемлекеттік субсидиялау бағдарламасынан шығып қалуы да мүмкін екен.

СБМАЖ қолданудың күрделілігі шаруаларды бұдан өзге де шығындарға ұшыратуы мүмкін. Мамандардың айтуынша, өтініш беру жолдары қиындап кеткендіктен, фермерлер порталда жұмыс істей алатын мамандар жалдайды. Субсидия алу мүмкіндігінен айырылып қалмау үшін олар мұндай көмекшілерге қосымша қаражат төлеуге мәжбүр.  Бұл – бір. Екіншеден, бұл жағдай құпиялылық мәселесіне қауіп төндіреді. Өйткені кәсіпкер атынан порталға бөтен адамдар кіріп, ЭЦҚ кілтін алады, негізгі деректері ашылады.  

Осылайша Ауыл шаруашылығы министрлігі уәде еткен бірнеше тетікті басу арқылы өтініш беруге болатын оңтайлы жүйесі керісінше, шаруалардың жұмысын көбейтіп, бүтіндей бір елдің егіс науқанына кедергі келтіріп отырған көрінеді.

«Егіс науқаны басталып кетті, жабдықтар мен техника сатып алынып жатыр. Бірақ мемлекеттен қолдау жоқ. Ауыл шаруашылығы өнімдері, соның ішінде астықтың бағасы күрт төмендегенін ескерсек, шаруаларға жаңа науқанға кірісуіне қаражат жетіспейді», дейді Жұлдызай Әубәкірова.

Атамекен» кәсіпкерлер палатасы бұл мәселені көтеріп, Ауыл шаруашылығы министрлігіне талай хат жолдаған екен. Бірақ жауап әлі де келмеген, мәселе шешілмеген.

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы берген мәліметтерге сенсек, бүгінде жүйенің дұрыс жұмыс істемеуі салдарынан бірнеше миллиард теңгеге өтінім қабылдау тоқтаған. Ал Ауыл шаруашылығы министрлігі берген ақпаратта 63 миллион теңге көлемінде ақша бөлінгені айтылған. Алайда бекітілген бұл сома, аталмыш салаға жұмсалатын қаражаттың аз ғана бөлігін құрайды екен. Үш апта өтсе де, билік бұл мәселеге айтарлықтай мән беріп отырған жоқ. Күні кеше осы мәселені Сенат депутаттары да көтеріп, Gosagro.kz жүйесінің жұмысына қатыты сауал жолдады.

«Жаңа ақпараттық жүйенің дұрыс жұмыс істемеуі және техникалық ақауларға байланысты ауыл шаруашылығы тауарларын өндіретін фермерлерден шағымдар түсіп жатыр. Олар бірнеше бағыттар бойынша субсидия алуға мүмкіндік ала алмай отыр. Жүйе субсидия алуға қажетті құжаттарды толық  қабылдамайды. Мәселен, құны 30 миллион теңгеден сәл асатын жаңбырлату машинасын сатып алуға өтініш берген кезде gosagro.kz 46 миллиард теңге көлеміндегі субсидия сомасын есептейді. Мұндай қате өтініштер, әрине қабыданбайды. Қателерді түзетеміз деп уәде берілген, бірақ ешқандай өзгеріс жоқ», дейді сенатор Евгений Больгерт.

Бұл ақпарттық жүйе қолданысқа енгізілмей тұрып, шаруалар Qoldau цифрлық платформасын пайдаланған. Ескі жүйенің кемшіліктері болып, оның жұмысына да шаруалардан үнемі шағым түсіп отырған. Десе де, жаңа жүйенің осал тұстары одан да көп болып шықты. Көпшіліктің айтуынша, ескі платформада дәл қазіргідей техникалық ақаулар болмаған. Сонымен бірге ауыл шаруашылық өнімдерін өндіретін шаруаларға арналған бұл жобаның ең олқы тұсы – ауылдық жерлерде интернет желісінің толық жетпегенінде боп тұр. Депутаттың айтуынша, бүгінде республика бойынша 1300-ге жуық ауыл әлі де сапалы интернетке қол жеткізе алмай отыр, бұл мәселені одан әрі ушықтыра түскен.

«Gosagro ақпараттық жүйесі жұмысындағы барлық техникалық кемшіліктерді жойылуы керек. 2023 жылғы егіс науқанының бұзылуына жол бермеу үшін техникалық ақауларды түзету мүмкін болмаса, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерге жаңа Gosagro жүйесімен қатар субсидия алуға өтініш беру үшін Qoldau платформасын уақытша пайдалану мүмкіндігін беру қажет», дейді Евгений Больгерт.

Сондай-ақ оқыңыз