Жаңалықтар

Нетикетке қатысты ұстану керек 15 ереже

Нетикетті сақтаған абзал. Фото: shutterstock.com

Әдетте біз этикет, яғни көпшілік арасында, елдің көзінше өзіңізді ұстау мәдениеті жайлы жиі айтамыз. Дәл соның онлайндағы қарым-қатынас түрі, яки нетикет ережелері де бар екенін білуші ме едіңіз? Заман ағымына қарай актуал болып отырған осы тақырыпты бүгінгі материалымызда тереңірек қозғаймыз. Әлеуметтік желіде парақшасы бар, интернет қолданатын әр адам ұстануға тиіс 15 ереже жайлы айтамыз.  

Нетикетке көшпес бұрын, Герберт Под Грайстың мынадай төрт максимасын ұстану шарт. Өйткені осы төрт ережені ұстанған адам қарым-қатынас жасағанда әдептен аспайды.

  1. Сан. Яғни әлдекіммен әңгімелескен кезде шамадан тыс сөйлеудің қажеті жоқ. Артық әңгімеге әуес болмаңыз;
  2. Сапа. Айтатын сөзіңіз ақиқат болсын. Өзіңіз сенбейтін, өтірік қосылған сөзді аузыңыздан шығармаңыз;
  3. Қарым-қатынас. Сіздің қайтаратын жауабыңыз адекват болуы керек. Тақырыптан ауытқымаңыз;
  4. Тәсіл. Айтар сөзіңіз нық болсын. Түсініксіз сөздер, көлгірсу дегеннен ада болыңыз.    

   Джеффп Линч әдептің алты максимасын ұстану қажет дейді. Атап айтқанда:

  • Такт максимасы. Арақашықтық сақтау керек. Егер сұхбаттасушы адам жеке өмірі, қалауы, діни ұстанымы, принциптеріне қатысты әңгіме қозғалмағанын қаласа, еркінен тыс бастап кетуге болмайды;
  • Кең пейіл максимасы. Қарсы тарапқа комфорт жағдай тудырыңыз. Ыңғайсыз жағдайға түсіп қалмауын қадағалаңыз;
  • Мақұлдау максимасы. Басқаларға жағымды баға беруді үйреніңіз;
  • Жанашырлық максимасы. Баршаға мейірімді болыңыз;
  • Келісім максимасы. Конфликтінің алдын-алуға тырысыңыз. Тігісін жатқызып сөйлеңіз;
  • Қарапайымдылық максимасы. Өзіңізді біреу өтірік мақтаса, қабылдамаңыз. Баға бергенде адекват болыңыз.

Нетикетке қатысты 15 ереже

  • Онлайннан гөрі офлайнға басымдық беріңіз. Шынайы адамдар приоритетте болсын. Мысалы, құрбыңызбен кездестіңіз. Ол әңгімесін айтып отырғанда сіз телефоныңызға қарағыштап, біресе сағат қарап, біресе мессенжерлерді ашып, алаңдай берсеңіз, мұныңыз ол адамға деген құрмет жоғын білдіреді. Әрине, жұмыстың басым бөлігі онлайн шешілетін заманда алаңдауыңыз қалыпты жағдай деуге болады. Десе де, маңызды қоңырау не хат күтіп отырсаңыз, не жауап беруіңіз қажет болса, жаныңыздағы адамға ескертіңіз. Бұл аса маңызды. Сонымен бірге қоғамдық орындарда телефонмен барынша сөйлеспеген дұрыс. Басқа амал қалмаса, дауысыңызды бәсеңдетіңіз. Автобуста, мейрамханада, дүкенде, тіпті лифтіде тұрғанда да жаныңыздағыларға дискомфорт тудырмаңыз. Шиқылдап хат келе берсе, дыбыссыз режимге ауыстырып қойыңыз.
  •  Аузыңызға абай болыңыз. Онлайн сөйлесіп жатсаңыз да, экранның ар жағында адам отырғанын ұмытпаңыз. Ғадауат тілі деген бар. Яғни өшпенділік тудыратын сөздерді қолданбаңыз. Бетіне айта алмайтынды мәтін қылып жазбаған абзал. Одан қала берді, көңіліне тиген сөз үшін қарсы тарап сізді сотқа бере алады. Интернет дамығалы адамдардың қабылдауы да өзгерді. Мысалы, бас әріптермен жазу, леп белгісі мен сұрақ белгісін қолдануда да абай болу керек. Өйткені оқыған адам оны дұрыс қабылдамай, ұрсып жатыр ма деп қалуы мүмкін. Сонымен бірге «ренжімесеңіз», «кешіріңіз» сынды сыпайы сөздер қолданып, аса таныс адам болмаса «сіз» деп сөйлесіңіз. 
  • Қауіпсіздік шараларын сақтаңыз. Ішіп алған кезде stories салмаңыз, жалаңаш күйдегі суреттеріңізді жүктеуге құмартпаңыз. Өйткені жұмыс берушіңіздің тарапынан бұған қатаң сөгіс жариялануы мүмкін. Жеке деректерді жариялай бермеңіз. Себебі алаяқтар мұндайды қатты пайдаланады. Айталық, сіздің күшігіңіздің аты «Ақтөс» болсын. Оны бірнеше жерде айттыңыз делік. Сөйтіп бір желіге тіркелгенде құпия сұрақтың жауабы деп осыны берген болсаңыз, алаяқтар осы арқылы аккаунтыңызды бұзып алуы ғажап емес. 
  • Жеке кеңістік сақтау керек. Кей адамдар мессенжерлердегі топтар мен чаттарға қосылғысы келмейді. Сондықтан нетикет шарттарының бірі — қолданушының рұқсатын алу.
  • Достық жібергенде жақсылап ойланыңыз. Біреуге Facebook–те достық жібергіңіз келді дейік. Алдағы уақытта онымен тығыз байланыста болғыңыз келе ме — соны шешіп алыңыз. Егер аса қарым-қатынас жасалмайтын болса, бекер қосудың керегі не? Сонымен қатар, байланыс үзілген жағдайда ол адамды өшіріп тастауға болады. Онда тұрған ештеңе жоқ. Ал енді өзгелердің достығын қабылдауға келсек, мұндайда парақшасын жеке мақсатта қолданатындар басқаларды қосқысы келмейтінін, байланыс үшін мессенжерге жазса болатынын айтса болады.  
  • Өзгелердің өміріне құрметпен қараңыз. Біреудің сізге жібергенін келесі бір адамға жібермеңіз. Мәтінді көшіріп алып, скриншотын жіберу де — әдепсіздік. Әсіресе, логин, құпиясөз, сілтемелер, телефон мен карта нөмірлеріне абай болыңыз. Кей адамдар өзінің аты, электрон поштасының басқаларға көрінгенін қаламауы мүмкін. Сурет пен видеоға қатысты да осы ескертуді есте ұстаған абзал. 
  • Желі тазалығын сақтаңыз. Өтірік-өсек айтуға, ақпаратты бұра тартуға болмайды. Фейк ақпарат таратудан аулақ болыңыз. Өзіңіз көз жеткізбеген нәрсеге репост жасарда жақсылап ойланыңыз. Алдымен анық-қанығын біліп алып, сосын барып бөліскен дұрыс болады. Сыни ойлау қабілетін дамытқан жақсы. Сонда желі тазалығы сақталады. Қазір алаяқ қаптап кеткен кезде бұл тіпті маңызды қабілет болып отыр.
  • Спамға жоламаңыз. Бұл термин қарсы тарапқа ұнамайтын хат, хабарлама, қоңырау — бәріне қатысты қолданылады. Мәселен, шаңсорғыш сататын компания база сатып алып, сондағы нөмірлерге хабарласып, өнімін ұсынады. Сіз рұқсат бермесеңіз де, спамдатады. Сол сияқты туысқандар мен достар да чаттарда спам жібереді. Мұнымен көпшілігіңіз таныс боларсыздар? Абзалы, өзіңіз жолдамаңыз. Жіберерден бұрын рұқсат алыңыз. Басқа біреулер жіберген сілтемені бірден ашпаңыз. Соның ішінде, әлдебір белгісіз қолданба жүктеуді ұсынса, тіпті баспаңыз. 
  • Хабарламаларға жауап беріңіз. 1-2 сағат көлемінде жауап беруге уақыт табыңыз. Әсіресе, туыстар мен достардың жазғанын жауапсыз қалдырмаған абзал. Қолыңыз тимей жатса, солай жазып жіберіңіз. Кейін хабарласатыныңызды айтыңыз. Жауаптан қашу проблеманы шешпейді. Қайта керісінше мазасыздық тудырады. Барынша тезірек жауап беріп дағдыланыңыз.
  • Ақпаратты жаңартып тұрыңыз. Желідегі парақшаңыздағы ақпараттар ескіріп қалмасын. Интернет арқылы жұмыс іздеп жүргендер үшін бұл ереже тіпті маңызды. Өйткені болашақ басшыңыз парақшаңызға қарап бағалауы мүмкін.  
  • Ереже бұзбаңыз. Кез келген форум, чатта ереже болады. Көбіне әлдебір топқа қосылғанда оның ережелерін бір хатқа жазып, бекітіп қояды. Оқып шығыңыз, жақсылап танысыңыз. Сосын сол ережелерді сақтаңыз. Әйтпесе, топтан шығарып жіберуі мүмкін.
  • Орфография мен пунктуацияға сақ болыңыз. Жазған хатыңызды бір тексеріп шығыңыз. Қате-қате жазылған хатты қарсы тарап дұрыс қабылдамауы мүмкін. Айталық, сіз бір қызбен танысқыңыз келді. «Салем, калайсын? Не ыстеп жатсын?» деп жазғаннан гөрі «Сәлем, қалайсың? Не істеп жатсың?» жақсырақ көрінеді, солай емес пе?
  • Ойыңызды жинақтап, бәрін бір хат қылып жіберіңіз. Бір сөз жазып — жіберіп, екінші сөзді жазып екінші хат қылып жіберу — әдепсіздік. Не айтқыңыз келеді — бәрін жинақтаңыз да, сосын барып жолдаңыз. Қайта-қайта хабарлама келгені адамды алаңдатады.
  • Дыбыс хабарлама жіберуге құмар болмаңыз. Аса жақын араласатын адамға минуттан жіберсеңіз де жарасады. Ал басқаларына шама келгенше мәтін түрінде жазыңыз. Біріншіден, дыбыс хабарламаны тыңдау қолайсыз. Қоғамдық орында тұрған адамда құлаққап болмаса, басқаларға естіледі. Мәтін жаза алмайтындай жағдай болса, кемінде ол адамның рұқсатын алыңыз. Оның өзінде ойыңызды жинақтап, барынша қысқа жазған дұрыс. Әйтпесе, басқалардың уақытын «імм», «ыы» деп бекер алған жөн емес.  
  • Эмодзи мен скриншотқа қатысты. Интернетте кімнің қандай оймен, тонмен айтқанын түсіну қиындау. Ондай кезде бізге смайлдар көмектеседі. Қатқыл қабылданбас үшін жымиған эмодзи сала салған абзал. Бірақ мұнда да артық қыламын деп тыртық қылып алмау керек. Өйткені шамадан тыс смайл адамның ойын шашыратады. Көзіне қабылдауға қиын болады. Айталық, жұмыс чатында орынсыз қолданбаған дұрыс. Эмодзиді сөздерді емес, эмоцияларды білдіру үшін қолдану керек.