Кейінгі кездері интернетті белсенді пайдаланушылар арасында ChatGPT тақырыбы жиі талқыланып жүр. Қолданып көрмегендердің өзі бұл бот туралы естіген болып шығады. Бүгінгі материалымызда көпшіліктің аузында жүрген чат-бот туралы айтамыз.
ChatGPT деген не?
ChatGPT деген — тапсырмаңызға байланысты жұмыс әзірлеп беретін чат-бот. Оның қолынан көп нәрсе келеді. Мысалы сізбен диалог жүргізіп, кодта кеткен қателерді тауып, белгілі бір тақырыпқа эссе не өлең жазып шыға алады. Мұны OpenA компаниясының GPT-3,5 тілі моделінің негізінде Azure AI суперкомьютерінде әзірлеген. Чат-бот адамның айтқанын түсінуі үшін оған интернеттегі миллиондаған мәтінді оқытып үйреткен. Reinforcement Learning from Human Feedback негізінде адаммен кері байланысқа түсуге баулыған. Мұның бәрі бір сәтте бола қоймайтыны белгілі. Нейрон желісін бірнеше рет қайта оқытып, жауабы барынша нақты, барынша дұрыс болуы үшін көп күш салған. Бағдарламалаушылар чат-ботты шама келгенше адамға ұқсатуға тырысқанын айтады.
Bloomberg сарапшыларының сөзіне сүйенсек, ChatGPT-дің өзге нейрон желілерінен айырмашылығы сол — ол түрлі салаға байланысты тапсырмаларды орындай алатынында. Одан бөлек, чат-бот базалық бағдарламалау кодын жазып шыға алады, қаржылық анализ жасай алады, техникалық мақалалар мен ғылыми концепцияларға резюме жасай алады, түрлі тақырыпта кеңес беріп, болжам жасауды үйренген. Қойылған сұрақтарға әдепті жауап беретіні тағы бар. Қолданушымен диалог жасау кезінде кей тұстарды нақтылау керек болса, нақтылап алады. Айтысып-тартыспайды.
Болашақта OpenAI ChatGPT-ді API ретінде істегісі келеді. Осылайша бағдарламалаушылар чат-ботты уеб-сайттарына немесе қолданбаларына енгізіп қоя алады. Бұған дейін британиялық DeepMind компаниясы ChatGPT-ге ұқсас жасанды интеллект жүйесін таныстырған еді. Оның атауы — Gato. Нейрон желісіне 604 түрлі тапсырма орындауды үйреткен. Оның ішінде суреттердің астына сипаттама жазу, диалогтар құру, ойын ойнау дегендер бар. Бұл OpenAI-дың GPT-3 түріне ұқсас трансформер нейрон желісі. Бірақ мұны екінің бірі қолдана алмайды.
ChatGPT-дің қолынан не келеді?
- Код жаза алады. Чат-бот операция не процесті қалай атқару керегін айтып, жол көрсете алады. Багтарды табуға көмектеседі. Бір бағдарламалау тілінен екіншісіне аударуға қабілетті.
- Қиын сауалдарға жауап бере алады. Қолданушылардың айтуынша, боттың берген жауабы Google-дағыдан әлдеқайда нақты, әлдеқайда түсінікті.
- Сценарий құра алады. ChatGPT арқылы ескі сериалдарына жаңаша эпизод жасауға болады. Болмаса, фильм кейіпкерлеріне тапсырмалар беріп, генерация жасауға мүмкіндік бар. Фильм желісіне қарай ойын жасап шығуға да болады.
- Әннің мәтінін жазып, ноталарға салып береді.
- Денсаулыққа қатысты кеңес бере алады. Мысалы, басыңыз қалай ауырып тұрғанын айтсаңыз, ол бірнеше кеңес береді де, соңында міндетті түрде дәрігерден кеңес алу керегін айтады.
- Жоспар құрып, есеп жасап бере алады. Оның жасай алатын жоспарының бағыты сан түрлі. Айталық, сіз арықтағыңыз келіп жүр. Чат-бот сізге жеке жоспар жасап береді. Дегенмен ол жасанды интеллект болғандықтан, кейде қателесуі мүмкін. Сондықтан есепке келгенде оны үстінен бір тексеріп шыққан абзал.
- Эссе не шығарма жазып бере алады.
- Басқа нейрон желілеріне арналған сұраныс жасай алады. Чат-ботқа Midjourney сынды желілерге нақты сұраныс жасауға қауқарлы. Соған қарап генрация жасалады.
Қандай шектеулер бар?
Чат-боттың аздаған шектеулері һәм кемшіліктері бар. Оны жұмыс барысында ескеру маңызды. Мәселен, кейде ChatGPT берген жауап шындыққа жанасатындай көрінгенімен, шынында ешқандай мәні жоқ не қате жауап болып шығуы мүмкін. Сондықтан форум әкімшілігі Stack Overflow айтишниктеріне чат-бот жауаптарын орналастыруды уақытша тоқтатып қойған. Чат-бот сұрақты сәл өзгертіп не сол сұрақты қайта қойғанда өте сезімтал. Мысалы, сіз бір сұрақты қоя берсеңіз «бұл сұраққа жауап бере алмаймын» деуі мүмкін. Ал енді сол сауалды сәл өңін өзгертсеңіз, қалаған жауабыңызды алып қалуыңыз ғажап емес. Бұдан бөлек, белгілі бір сөздерді не сөз тіркестерін оңды-солды қолданатын кездері болады. ChatGPT дұрыс нәтиже алу үшін нақтылауыш сұрақтар қоймайды, бірақ қолданушының не айтпақ болғанын болжауға тырысады. Чат-боттың ішінде модерация механизмі бар. Ол қауіпсіз не келеңсіз контентті бұғаттап тұрады. Әрине, кей қолданушылар айласын асырып кетіп жатады.
Қалай қолданамыз?
ChatGPT сервисі тегін. Оны қалаған адам қолдана алады. Ол үшін:
- chat.openai.com сайтына кіресіз;
- ChatGPT бетіне өтіп, Sign Up батырмасын басыңыз;
- Одан соң электрон пошта адресін жазып, телефон нөміріңізді көрсетіңіз;
- Келген кодты енгізіп, тіркеуді растаңыз.
Осымен тіркеу процесі аяқталды. Сізді ChatGPT-дің бастапқы бетіне жібереді. Ол жерде ортада мүмкіндіктер, шектеулер мен сұраныс жасау үлгілері бұрады. Ал сұраныс жасайтын жол уеб-беттің төменгі жағында орналасқан. Басқа боттардағыдай мұнда да әлденіне қайта сұрап, нақтылап, толықтыруға болады. Интерфейсінде ешқандай артық элемент жоқ. Бар болғаны бір тақырып табыңыз да, оны барынша түсінікті етіп сөйлем ретінде құрап шығыңыз. Кәдімгі тірі жанға қалай айтасыз — солай жеткізіңіз. Айталық, география пәнінен бір жоба жасатуыңыз мүмкін. Болмаса, әннің мәтіні мен аккордын жасап беруді сұрай аласыз. Бағдарламаңызға код жазып беруін тапсырсаңыз болады. Жазатын мәтінді арнайы жолға енгізіңіз де, болған соң Enter басыңыз. Сіз қай тілде жазсаңыз, ChatGPT сол тілде жауап жинай бастайды. Әрмен қарай толықтыруға да, басқа тақырыпқа ауысуға да болады. Өйткені оның берген жауабы көңіліңізден шықпаса, басқаша жеткізіп көре аласыз. Егер еш өзгертпей бір сөйлемді жібере берсеңіз, чат-бот та бұрынғы жауабын шығара береді.
Тегін нұсқасын алсам ба, әлде жазылып алған жөн бе?
Көпшілік көкейінде жүретін сауалдардың бірі осындай. ChatGPT диалог терезесіндегі чат секілді жұмыс істейді. Нейрон желісін тегін қолдана алатыныңызды айттық. Яғни бар болғаны OpenAI сайтына тіркелсеңіз жеткілікті. Бірақ 2022 жылдың 1 ақпаныан бастап OpenAI командасы ChatGPT Plus қосты. Айына 20 доллар төлеп қолданатындарға мынадай қосымша мүмкіндіктер беріледі:
- Сайтта қолданушы тым көп болып жатса да, сізге бірінші қызмет көрсетіледі. Көбіне сайтта жүктеме көбейіп кеткенде сервисті жауып тастайтыны бар.
- Сәйкесінше, сіздің сұранысыңыз айтарлықтай жылдам өңделеді.
- Жаңа функцияларды алғашқылардың бірі болып байқап көресіз.
- Әзірге бұл ChatGPT Plus функциясын Америка тұрғындары ғана қолдана алады. Дегенмен алдағы уақытта басқа елдерге де қосылады деседі.
Жақтаушылар мен даттаушылар ойы
Әрине, кез келген сервиске қатысты екіұшты ой болады. Мысалы, ChatGPT-ді жақтырмайтындар чат-боттың көп заң бұзуы мүмкін екенін айтады. Яғни осылай жалғаса берсе, алдағы уақытта сот прецеденті көбеюі ғажап емес деседі. Ол жасанды интеллект болғандықтан, авторлық құқық бұзылады дейді. Ал енді жақтаушы тараптың бойынша, ChatGPT біраз процесті түбегейлі өзгертуге қауқарлы. Айталық, соның арқасында оқу процесіне жаңа бағыт қосылуы мүмкін дегендей. Демек, дәстүрлі көп дүние осы чат-боттың арқасында заманға лайықталады-мыс. Одан қала берді, бұл технология болашақта қазіргі Google сынды іздеу жүйелерінің орнын басуы мүмкін деген болжам да бар. Өйткені ChatGPT мүмкіндігі де, әлеуеті де мол. Қазіргі іздеу жүйелері көбіне компаниялардың бизнес-моделіне тәуелді.