Әділет министрлігі Digital Justice аясында Мүлік иелері бірлестігін цифрландырмақ

Жарияланды
Фото: kursiv.media

Әділет министрлігі азаматтарға қолайлы болуы үшін әзірленген және көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға бағытталған Digital Justice – цифрландырудың 7 жобасын іске асырып жатыр.

Әділет вице-министрі Бекболат Молдабековтың айтуынша,министрлік Мүлік иелерінің бірлестігін (МИБ) цифрландыруды да көздеп отыр. Пилоттық жоба 2023 жылдың I тоқсанында іске қосылмақ. Бекболат Молдабековтың айтуынша, жоба тұрғындардың қолын жинауға және МИБ-ті тіркеуге қатысты барлық даулы мәселелерді шешуге мүмкіндік береді.

«МИБ төрағасын тіркеу онлайн режимде жүргізіледі. Мобильді қосымша арқылы азаматтарға ыңғайлы болуына қарай биометрия немесе ЭЦҚ арқылы қол қойылады. Біз ЭЦҚ тізімін тексереміз. Басқа азаматтар сіздің үйіңізге дауыс бере алмайды. Біз осы тұрғын үй кешенінде тұратын тұрғындарды база бойынша тексеретін боламыз», деді спикер ол.

Бекболат Молдабековтың сөзінше, жаңа жылжымайтын мүлік иелеріне коммуналдық қызметтермен шарттар жасасу тәртібі оңтайландырылды, яғни тұрғын үй сатып алғаннан кейін жаңа жылжымайтын мүлік иесіне коммуналдық қызметтермен шарт жасасу ұсынысымен СМС келіп түседі.

«Жылжымайтын мүлік иесінің деректерін автоматты түрде өзгерту және құрылтайшының немесе заңды тұлға басшысының деректерін аты-жөні өзгергеннен кейін өзгерту бойынша проактивті қызмет іске асырылуда. Ал құрылыс салушының сайты арқылы банктік кепіл шарттарын және жылжымайтын мүлікті сатып алуды тіркеу;  «Отбасы банктің» сайты арқылы жалға берілетін тұрғын үйді субсидиялауға өтінімдерді қабылдау және тұрғын үйді жалға алу шартын жылжымайтын мүлік тіркелімі мемлекеттік деректер қорында электрондық тіркеу жобалары композиттік форматта ұсынылады», деді.

Қазіргі уақытта 53 мемлекеттік қызметтің egovMobile мобильді қосымшасында 28 мемлекеттік қызметі, 13 сервис және 5 цифрлық құжат қолжетімді.

«Мұнымен тоқтап қалмай, Әділет министрлігі мемлекеттік қызметтерді мобильді қосымшаларға көшіру бойынша жұмыстарды белсенді жүргізіп жатыр. Бүгінде бірқатар қызметтер банктердің мобильді қосымшаларында қол жетімді. Атап айтқанда, Halyk Homebank арқылы некені тіркеу; Bereke Bank «B-Business» мобильді қосымшасы арқылы ЖШС тіркеу; Kaspi kz және Halyk Homebank арқылы баланың туу туралы куәлігін алу; Halyk Homebank арқылы заңды тұлғалар және жылжымайтын мүлік туралы мәліметтер алу және тағы басқа. Осы бағыттағы жұмыс жалғасатын болады», деді ол.

Қазіргі уақытта ата-анасының келісімі бойынша бала туылғаннан кейін бір тәулік өткен соң куәлік беруді көздейтін баланың тууын тіркеу; жылжымайтын мүлік иесінің мекенжайын автоматты түрде өзгерту қызметі проактивті форматта қолжетімді.

«Аттестаттау реинжинирингі» – Әділет министрлігі әзірлеп жатқан Digital Justice цифрлық жобаларының бірі. Аумақтық әділет органдарында комиссиямен бетпе-бет әңгімелесу алынып тасталып, оның орнына компьютерлік тестілеуден және ситуациялық кейстерден өту қарастырылған. Пилоттық жобаны  2023 жылдың бірінші тоқсанының соңында іске қосу жоспарланып отыр.

Вице-министрдің сөзінше, қазір адвокат, нотариус, сот сарапшысы немесе жеке сот орындаушысы лицензиясын алу үшін бірнеше кезеңнен өту керек: осы салалардың бірінің белгілі бір палатасында тәжірибе, кейін Әділет департаментінде тестілеуден өтіп, содан соң комиссия алдында қорғау керек.  Нәтиже теріс болған жағдайда, кем дегенде үш айдан кейін екінші рет тапсыруға болады.

«Бұл процесс толығымен цифрландырылмақ. Процесс толығымен онлайн болады. Енді алқалар жоқ. Бұл практикадан және тағылымдамадан кейін бірден компьютерде онлайн тест, кейс сұрақтарын тапсыруға және бірден лицензия алуға мүмкіндік береді. Егер азамат тест тапсыра алмаса, онда бір аптадан кейін оған екінші мүмкіндік беріледі», деді.

Бекболат Молдабековтың айтуынша, халық үшін аса маңызды жобалардың бірі – «Е-заң көмек». Жоба адвокаттардың, заң кеңесшілерінің қызметін, олардың процеске қатысушылармен және басқа да мүдделі тараптармен онлайн өзара іс-қимылын автоматтандыруға бағытталған.

«Біз азаматтар мен адвокаттарға көмектесетін ақпараттық жүйе әзірледік. Бұл көмек көрсетілуі тиіс адамдарға қандай адвокат қандай көмек көрсеткенін тіркейтін жүйе. Сондай-ақ қазір заң кеңесшілері деген ұғым бар. Бірінші тоқсанда бұл жүйені осы жүйе, мобильді қосымша арқылы кеңес алуға болатындай етіп жетілдіреміз. Біз авторизация мен қол қоюдың Face ID арқылы болғанын қалаймыз, сондықтан қолдан жасау деген болмайды», дейді министрлік өкілі.

Айтуынша, азамат белгілі бір адвокатты немесе заң кеңесшісін қалай таңдауға болатынын түсінуі үшін адвокаттардың, заң кеңесшілерінің рейтингі түзіледі. Азаматтар заңгерлік кеңесті 1414 байланыс орталығы арқылы да ала алады.

Сондай-ақ оқыңыз