Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Қазақстан Шенген визасын алудың «қара тізіміне» енді деген ақпаратқа қатысты пікір білдірді.
«1 наурыздан бастап шенген визасын беру кезінде қазақстандықтардан қосымша консультация талап етіледі. Шенген келісімінде «қара» немесе «қызыл» тізім деген ұғым жоқ. Бұл жерде әдеттегі жұмыс процесі туралы айтылған. Мұндай талапты Шенген келісіміне кіретін бір ел сұратқан», – деді Айбек Смадияров.
Министрліктің ресми өкілі мәселенің себебіне де тоқталды. Оның сөзінше, Еуроодақ пен Шенген келісіміне енетін елдер виза алуға өтініш берген үшінші елдің азаматтарына қосымша консультация өткізуге құқығы бар.
«Консультация 7 күнге созылады. Жалпы алғанда Қазақстан азаматтары үшін визаны қарау рәсімінде қандай да бір өзгеріс болмайды. Азаматтарға қатысты қосымша консультация талап етілетін 40 ел кіретін тізім «қара тізім» деп аталмайды»,- деді Смадияров. Министрліктің ресми өкілі бұл тізімге Еуроодақпен тығыз қарым-қатынастағы Әзербайжан, Вьетнам, Армения, Тунис секілді көптеген мемлекет кіретінін айтты.