Польшаға кіре алмай қалған қазақстандық жүк көліктерінің мәселесі шешілмек

Жарияланды
Фото; ғаламтор желісінен алынды

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі Польша Республикасының аумағында тұрақтап қалған отандық жүк көліктерінің кедергісіз жүруін қамтамасыз ету үшін ведомство арнайы шараларды қолға алғанын хабарлайды.

Бұл ретте осы жылдың 21-ші ақпанынан бастап Польшаның аумағына Еуропалық одақтан басқа барлық елдің жүк көліктеріне кіруге тыйым салынғанын айта кетейік. Осы шектеудің салдарынан аталған мемлекетте 400-ге жуық қазақстандық жүк көлігі тұрақтап қалған.

«ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі қазақстандық тасымалдаушылар қауымдастығымен бірлесіп, жүк көліктерінің тізімін жасады. Бұл отандық жүк тасымалдаушылардың жол жүрісін қамтамасыз ету үшін қолға алынған шара. Сондай-ақ Варшава мен Вильнюстегі еліміздің елшіліктерімен жұмылып, аталған көліктердің шығып кетуіне рұқсат алу үшін польшалық және литвалық уәкілетті органдармен келіссөздер жүргізілді», деді ҚР ИИДМ өкілдері.

Сонымен қатар 24 ақпанда ведомство Литва Республикасының Көлік және коммуникация министрлігімен Автотасымалдау мәселелері жөніндегі аралас комиссиясының отырысында бас қосып, онда Польшада аялдап тұрған еліміздің жүк көліктерінің Литва аумағы арқылы өту мәселесі келісілді. Бұған қоса жүк тасымалын қамтамасыз ету үшін 2023 жылға арналған өзара алмастырылатын рұқсат бланкілеріне квота белгіленді.

Қазір Литва тарапына қазақстандық көліктердің тізімі беріліп, бұл жүк тасымалдаушылардың кедергісіз жүріп өтуін қамтамасыз етпек.

Сондай-ақ оқыңыз