Елімізде тауарлық газ өндірісін ұлғайту үшін Қашағанда зауыттар салу жоспарлануда

Жарияланды

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен кеңесте ішкі нарық үшін тауарлық газ өндірісін ұлғайту жөніндегі жоспар қаралды. Бұл туралы primeminister.kz баспасөз қызметі хабарлады.

Фото:primeminister.kz

Үкіметтің баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, жиынға қатысушылар Қашаған кен орнында жаңа жобаларды іске асыру, атап айтқанда қуаты 1 млрд м3 газ өңдеу зауытын салу мәселелерін талқылады.
«Қазіргі уақытта ол жерде құрылыс-монтаждау жұмыстары белсенді түрде жүргізілуде, қажетті жабдықтармен қамтамасыз етіліп отыр. Кәсіпорын 2025 жылы іске қосылады деп күтілуде», делінген хабарламада.

Сондай-ақ, мұнымен бірге кен орнында мұнай өндіру көлемін ұлғайту аясында қуаты 4 млрд м3 болатын тағы бір ірі газ зауытының құрылысы пысықталып жатыр. Ақпаратқа сәйкес, жобаны екі кезеңде, яғни 2 млрд м3-ден екі желі бойынша іске асыру жоспарланып отыр.

«Премьер-Министр дайындық жұмыстарын жеделдетіп, жақын арада жаңа газ зауыты бойынша Жол картасына қол қою қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар кеңесте газ транзиті мен импортының кейбір мәселелері қаралды», делінген хабарламада.

Сондай-ақ оқыңыз