Астана әкімдігі LRT құрылысына тағы 50 млрд теңге алатын болды

Жарияланды
LRT құрылысына тағы 50 млрд теңге бөлінеді. Фотоkursiv.media

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Астанадағы LRT құрылысына қосымша 50 млрд теңге бөлмек. Министр Марат Қарабаевтың айтуынша, қаржыны биыл сәуір айында әкімдікке беру жоспарланып отыр.

«LRT салынып бітеді. Қала әкімдігімен құрылысты талқыладық. Жұмыс ең алдымен әуежай жақтан басталады. Ал қаржының бір бөлігі вагон сатып алуға жұмсалатын болады», – деді Қарабаев үкімет отырысында.

Тағы 50 миллиард теңге бөлу республикалық бюджет комиссиясының отырысында мақұлданды. Осыдан кейін құжат Парламентке жіберіледі.

«Сәуірдің басына қарай қаржыны (астана) әкімдікке аударамыз деп ойлаймын», – деп қосты министр.

Астана әкімі Жеңіс Қасымбек оны 2024 жылдың соңына дейін іске қосуға уәде берген еді Ол кезде жобаның қолға алынғанына 19 жыл болады.

2023 жылдың қаңтар айының соңында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев LRT құрылысын аяқтау керек деп мәлімдеді. Оның ойынша, қоғамдық көлік кептелесі мен оған жұмсалған қаржыны ескере отырып, елорданың басқа амалы жоқ.

2022 жылдың желтоқсанында Жеңіс Қасымбек қаржыландыруға байланысты құрылыс екі-үш жылдың ішінде аяқталатынын айтты.

Бұл жоба бірнеше рет Президент сынына ұшырады. Үш жыл бұрын Тоқаев бұл жобаның үкіметке «ауыртпалық» түсіріп тұрғанын, бірақ кеткен шығынды ескере отырып, жұмысты жалғастырып, құрылысты аяқтауды тапсырған.

2022 жылдың қыркүйегінде Астананың экс-әкімі Алтай Көлгінов қытайлық компаниялардың бірі LRT құрылысын екі жылда аяқтайтынын мәлімдеді. Бұл қосымша 577 миллион долларды қажет етеді.

Сондай-ақ оқыңыз