Блинкен Қазақстанға қандай талап қоймақ?

Жарияланды

АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкин Фото: azh.kz

АҚШ Мемхатшысының Орталық Азияға сапары басталды. Бүгін АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен Қазақстанға ресми сапармен келеді. Мемхатшы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен және Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердімен кездесу өткізбек. Сарапшылар Блинкен сапарының маңызы зор деп санайды. Жоғарыда айтылған кездесулермен қатар Астанада Орталық Азия елдерінің сыртқы істер ведомстволарының басшыларымен С5+1 форматында жиын болады. Бұл да әрине, тектен текке ұйымдастырылмаса керек. Кездесуде өңірлік ынтымақтастықты дамыту мәселелері және АҚШ серіктестігі сөз болмақ.

Қазіргідей геосаяси жағдайда Орталық Азияға, соның ішінде Қазақстанға АҚШ Мемхатшысының келуін – аса тосын демесек те, құпияға толы сапар деп сипаттасақ болғандай. Bloomberg басылымы Блинкен Орталық Азия мен Үндістанға сапары барысында Ресейге қысым көрсетеді деп жазады. Сонымен қатар басылым аталған үш елдің (Қазақстан, Өзбекстан, Үндістан) БҰҰ-да Украина бойынша дауыс беру кезінде тартынып қалған мемлекеттер екенін де атап өтеді. Бұл ретте олар «АҚШ шенеунігі Ресеймен ауыр да азапты қарым-қатынасқа «мүдделі» дегенді аңғартады. 

Саясаттанушы Ғазиз Әбішевтің айтуынша, Блинкеннің сапары барысындағы басты тақырып Путин болады.

«Бір жыл бұрын АҚШ Мемхатшысы Орталық Азиядағы (Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Түрікменстан) әріптестерімен онлайн-форматта кездесу өткізген еді. Биыл жеке өзі Астанаға келуді дұрыс деп шешіпті. Америкалық дипломатия басшысы Ресейдің ортаазиялық одақтастарына/серіктестеріне ұжымдық батыстың Путинге қатысты қандай шешім қабылдағанын естіртуге келді деген конспирологиялық болжам бар. Бұл әрине тағы біраз сұрақты тудырады. Ал айдан анық нәрсе – Блинкеннің тағы да Орталық Азияның егемендігін, тәуелсіздігін және аумақтық тұтастығын қолдайтынын мәлімдеп, аймақ мемлекеттеріне Мәскеу мен Бейжіңнің ізіне түсудің қажеті жоқ дегенді меңзейтіні. Әсіресе, Украина мәселесі бойынша», дейді саясаттанушы.

Оның сөзінше, аймақтағы мемлекеттердің Ресей Федерациясы мен Қытайды қолдаудағы шамадан тыс құлшыныс АҚШ-пен қарым-қатынасқа тікелей болмаса да белгілі бір деңгейде әсер етуі мүмкін.

«Қазақстан үшін бірнеше жағдай өте маңызды: Америка қауіпсіздіктің қосымша кепілі іспетті. Кепіл ешқашан артық болмайды. Вашингтон – халықаралық экономикалық санкциялардың негізгі көзі. Ресейге қолданылған шектеулер Қазақстанға да әсер етеді. Біз әрине, азырақ әсер еткенін қалар едік. АҚШ Қазақстан экономикасы қатты мұқтаж халықаралық инвестициялардың қайнар көзі ретінде кезекті рет өз алдына өнеркәсіптік және технологиялық қайта құруды түпкілікті іске қосу міндетін қойды. Блинкен сапарынан кейін не қазақстандық дипломаттар Бейжің мен Мәскеуге жинала бастайды, не ресейлік және қытайлық дипломаттар шұғыл түрде Астанаға ұшып келе бастайды. Жоғары лауазымды шенеуніктер арасында телефон арқылы келіссөз міндетті түрде болады. Айтпақшы, Астана – Блинкеннің өңірдегі сапарының жалғыз нүктесі емес. Мемхатшы Қазақстан астанасынан кейін Ташкентке аялдайды», дейді сарапшы.

Экс-дипломат, саясаттанушы Қазбек Бейсебаев Блинкен Қазақстанға сапары аясында санкция мәселесін талқылайды деп ойлайды.

«Ресми хабарламаға сүйенсек, олар бізбен және Орталық Азия елдерімен АҚШ ынтымақтастығы мәселелерін талқылауды жоспарлап отыр. Күн тәртібінде Ресейге қарсы салынып жатқан санкция да болады деп санаймын. Білетініміздей, бізден Ресей Федерациясына көптеген тауар жеткізіліп жатыр. Мемхатшы осы әрекетті тоқтатуды өтінетін сияқты. Олай болмаған жағдайда санкция бізге де салынуы ықтимал. Ал біз ондай қатаң шектеуге дайын емеспіз. Сондықтан ахуалды алаңдатарлық деп бағалауға болады», дейді Қазбек Бейсебаев.

Айта кетейік, бұл Энтони Блинкеннің Мемхатшы ретіндегі Қазақстанға жасап отырған алғашқы сапары. АҚШ өкілі бұдан кейін Өзбекстанға, одан әрі Үндістанға сапарлайды. Мемхатшы Үндістанда G20 кездесуіне қатыспақ.

Сондай-ақ оқыңыз