Жаңалықтар

Дижитал амнезия: деградация ма, эволюция ма?

Дижитал амнезия деген не? Фото: shutterstock.com

Дижитал амнезия немесе «Google эффектісі» дегенді бұрын-соңды естігенсіз бе? Бұл адамдардың уақыт өте келе жадының нашарлауынан пайда болады. Иә, оның әдеттегі жас ұлғайған кездегі жадтың азаюынан айтарлықтай айырмашылығы бар. Бүгінгі материалымызда осы туралы айтамыз.

Байқасаңыз, кейінгі кездері телефон нөмірлерін, жақыныңыздың пәтерінің нөмірін, осыдан бес минут бұрын сағат қарағанда неше болғанын есте сақтау қиындап барады. Мұндай басыңыздан өтіп жүр ме? Мұның себебі мынада: бір қарағанда маңызды фактілер болғанымен, оны есте сақтау маңызды емес деп ойлаймыз. Өйткені оны гаджет, компьютерден қарап алуға олатынын білеміз, сондықтан оны жаттауға миымыз күш салғысы келмейді. Дижитал амнезияның қандай кемшіліктері бар? Артықшылықтары бар ма? Талдап көрелік.

Мұны халық арасында «Google эффектісі» деп те атайды. Бұл — адамның күйі. Яғни әлдебір ақпаратты жаттай алмайтын немесе жаттауға тырыспайтын кезі. Өйткені оны кез келген уақытта қарап, біліп алу оңай екенін жақсы білеміз. Осы тақырыптағы ең алғашқы зерттеулердің бірін 2011 жылы Колумбия университетінің профессоры Бетси Спэрроу жасаған екен.  Ол мынадай тәжірибе жасап көреді: қатысып жатқандарға қызық бір факті айтып, оны мәтін файлға сақтап қоюды тапсырады. Содан соң компьютерден бір папка ашып, сол жерге салып қою керек болады. Кейіннен әлгі қатысушылар сол ақпаратты қаншалықты есте сақтағанын тексеру үшін тест сұрақтары қойылады. Сөйтсе, олар фактіні ұмытып қалғанымен, оның қай папкада сақтаулы тұрғанын жақсы білген екен. Зерттеу нәтижесі былай болып шығады: ақпаратты дижитал формада бір жерден тауып ала алатынымызды жақсы білген кезде ол деректің жадымызда қалу ықтималы төмен екен. Спэрроудың айтуынша, біз гаджеттерімізбен симбиоз жасап алғанбыз.

Осыған ұқсас қорытындыны Касперский зертханасы да жасаған. Сауалнамаға қатысқан еуропалықтардың 80 пайызы интернетті өзінің жады мен миына қосымша деп санайды екен. Сондай-ақ, респонденттердің 41 пайызы жұбайының телефон нөмірін жатқа білмеген. Ал 53 пайызы балаларының да нөмірін есте сақтамайды екен. Бірақ бұлар смартфонында қалай жазылып тұрғанын жақсы біледі.  

Бұл деградация ма, эволюция ма?

Цифрлық амнезия заманауи өмірдің темпімен бірдей. Бізге ақпарат «қазір» керек болғандықтан, оны біз естеліктерге құрта алмаймыз. Сандар, контактілер секілді тез табылатын ақпаратты есте сақтау қабілеті төмендейді. Ал ми болса, бәрін жинай беретін режимді өшіреді. Бетси Спэрроу бұл эффектіні дижитал амнезия деп емес, трансактив яғни ұжымдық жады деп айту керек дейді. Өйткені біздің әлденені іздеп Google ақтаруымызды амнезияға жатқызуға келмейді. Яғни біз бәрін түбегейлі ұмытып қалмадық, бар болғаны фокусын ауыстырып, басқаша жұмыс істей бастады. 

Әрине, «Гуглл эффектісінің» кемшіліктері де жоқ емес. Мысалы, біз концентрацияны жоғалтамыз. Microsoft жүргізген зерттеу нәтижесінде 2000 жылдан бері қарай адамның назар салып, концентрация жасау ұзақтығы 12 секундтан 8 секундқа азайған. Бұл мөлшер уақыт өте келе азая бермесе, көбейе қоймас. Ақпараттың үздіксіз ағыны назарымызды бұрады. Былай қарасақ, көп нәрсе білетін секілдіміз. Бірақ бір жағынан әр нәрсені бір шоқып жүреміз. «Интернет миымызбен не істеп жатыр» кітабының авторы Николас Карр болса, біз неғұрлым көп нәрсені есте сақтаған сайын, миымыз жақсы жұмыс істейді деп есептейді. Яғни оның айтуынша, дижитал амнезияның белең алуы бізді уайымға салуы керек деседі. Карр интернеттің кесірінен біліміміз ғана емес, мәдениетіміз де шалағай болып жатыр деген пікірде. 

Қайтпек керек?

Әрине, заман ағымына қарай жүзуден басқа амал жоқ. Бұл эффектіні ауыздықтау да мүмкін емес. Тіпті поэмалар жаттап, түрлі жаттығу жасасаңыз да, интернет әлемінің жадымызға тигізген әсерінен құтыла алмаймыз. Бірақ бұған бола қайғырмаңыз. Адам әлдебір машықты жоғалқан кезде жаңасын бойға сіңіреді. Мысалы, ақпарат ағының көп болғанының пайдасы сол — біз қазір мәтінді бір шолып шыққаннан-ақ оның бізге керек не керек емесін білеміз. Ішіндегі маңызды тұсын тез табамыз. Сыни ойлауға үйренеміз, анализ жасай білеміз. Мектепте де соған сай өзгеріс болып жатады. Мысалы қазір soft skills-ге көбірек мән беріледі. Былайша айтқанда, дижитал амнезияның арқасында шығармашылық ойлауға, креативке жол ашылады. Он жерден 6 не 9 таңбалық сандарды жаттай білсеңіз де, оның өмірде пайдасы тимесе несі жақсы? Болмаса, сіз телефон нөмірін білмеуіңіз мүмкін, бірақ басқа жағынан машықты шыңдаған болсаңыз, маңыздысы да сол емес пе? 

Әйтсе де, әр адам білуі керек, жаттап жүруі керек ақпараттар болады. Олардың қатарында мынадай жеке деректерді ерекше атап өту керек: ең алдымен, өзіңізге ең жақын деген адамдардың телефон нөмірлері, маңызды мекенжайларды білуге тиіссіз. Өйткені өмірде түрлі жағдайға тап болуыңыз мүмкін. Қол астыңызда телефон болмаған жағдайда сол маңызды деректер жадыңызда сарнап тұруы керек. Жалпы алғанда Google эффектісі өмір сапасына айтарлықтай жаман әсер етпейді. Мұны көбіне адаптив механизм деп көрген дұрыс. Яғни миыңызды керек те, керек емес те ақпаратпен толтырмайды. Қоқысқа айналмайды. Мысалы, бүкіл тума-туыстың туған күнін жаттап жүрудің қажеті не? Оның барлығы желідегі парақшасынан, сіздегі күнтізбедегі ремайндерден көрініп тұрмай ма? Ақыры өміріміз смартфонмен тығыз байланысты екен, оны да тиісті қолданып, пайдасын көрген абзал.  

Ал енді «Гугл эффектісі» шынымен есте сақталуы керек ақпаратты есте сақтауда басымдық бере ала ма? Бұған қатысты ғалымдар екіойлы пікір айтады. Бірі мұның жақсы екенін, әбден «компьютерленген», гаджетпен кіндігі байланған қоғамда барынша тиімді жұмыс істеуге көмектеседі деген ойда. Ал енді бірі Google-ға шектен тыс сеніп, технологияларға шексіз сенім артудың өзге қауіпті тұстары бар дейді. Қандай қауіп бар?

  • Тәуелділік. Техникалық жад құрылғыларының басты шарты сол — ол үнемі қол астында болуға тиіс. Яғни болмай қалса, ақпаратты таппай қиналып қалады. Ал бұл болса, гаджетті жанынан екі елі тастамай жүруге әдеттендіретін тәуелділікке әкеліп соғуы мүмкін. Мұның кесіріне келсек, тәуелділік соңы мазасыздық пен стресс тудырады. Әрине, одан бөлек те кері әсерлері бар. Мысалы кей Адамдар технологияға, гаджетке сеніп алғаны сонша, бәрін тек компьютерге сақтайды. Ал ол аяқ асты істен шығып, жүйеде қате бола қалса, жылдар бойы жиналған ақпараттың күлі көкке ұшады. Енді бір адамдар барлық құпия және жеке деректерді құрылғыларында сақтап, алаяқтарға тап болып жатады.  
  • Өмір сапасына әсер етуі мүмкін. Толыққанды өмір тәжірибесін қолдан жіберіп алуы ғажап емес. Онлайн-ақпаратты бір шолып шыққанда адамдар қаптаған мәтіннің ішінен маңызды детальдарды көрмей қалып жатады. Оданқ қала берді Google эффектісі мәтін мен санға ғана емес, суреттерге қатысты бола алады екен. Бұл тақырыпта жасалған мына зерттеу нәтижесіне көз салыңыз. Қатысушылар музейге экскурсияға барады. Сөйтіп екі топқа бөлінеді. Бірінші топтағыларға музейдегі экспонаттарды суретке түсіруге тапсырма береді. Ал екіншілерге бұған рұқсат бермей қояды. Сөйтіп екі топ музейді аралап шығады. Фотоға түсіруге рұқсаты бар топтың есте сақтаған деталі екіншілерге қарағанда әлдеқайда аз болып шыққан. Осылайша, есте сақтау қабілетіне фотосуреттерді пайдалану да әсер ететіні белгілі болған.