Қазақстанның бірқатар өңірлерінде қордан шығарылған әлеуметтік маңызы бар көкөністер үкімет белгілеген бағадан қымбатқа сатылып келген. Бұл жайлы Премьер-Министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді.
Естеріңізде болса, Әлихан Смайылов азық-түлік бағасын реттеу үшін тұрақтандыру қорларындағы азық-түлікті шығаруды тапсырған еді. Өткен жылдың күзінде форвардтық сатып алу ақылы қорларда сақталған бұл өнімдер халыққа қонымды бағамен сатылуы тиіс еді. Алайда, билік нұсқаулығы орындалмай, азық-түлік сол күйі қымбат бағада сатылып келген. Бұл мәселені шешу үшін Серік Жұманғарин Ауыл шаруашылығы министрлігіне қордағы көкөністердің қандай мөлшерде қалғанын және қалай сатылып жатқанын тексеруді тапсырды.
«Азық-түлік бағасы – бүгінгі күн тәртібіндегі әлеуметтік-экономикалық маңызы бар, басты мәселелердің бірі. Бір апта ішінде өсім 0,3% құрады. Негізінде біз тұрақтандыру қорларын бағаны реттеу үшін құрған едік. Алайда, қорлардан көкөністерді шығару жұмыстары өте баяу қарқынмен жүргізіліп жатыр. Осы орайда, резервтегі азық-түлік көлемі жеткілікті ме деген сұрақ туындайды. Сол себепті, Ауыл шаруашылығы министрлігіне барлық өңірлерде тұрақтандыру қорларындағы көкөністердің бар-жоғын және оның көлеміне тексеру жүргізуді тапсырамын. Сондай-ақ Ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтерінің жұмысы тексерілсін», деген Серік Жұманғарин, басқа жауапты орындарға да резервтен шыққан өнімнің нақты көлемін анықтау үшін фискалды мәліметтер операторы арқылы тексеруді тапсырды.
Сауда комитеті жүргізген мониторингке сәйкес, әлеуметтік маңызы бар көкөністер Астана, Шымкент, Қарағанды және Солтүстік Қазақстан облыстарында қымбатқа сатылған. Оның үстіне көкөністер қажетті мөлшерде және уақытылы шығарылмағандықтан да бағалардың арзандауына сеп болмаған. Оның себебін билік өкілдері қордан шығару жұмыстарының дұрыс жүргізілмеуінен деп түсіндіреді.
«Көп өңірлерде азық-түлікті қордан шығару жұмыстары ретсіз жүріп жатыр. Тұрақтандыру тетіктері жолға қойылмаған. Сондықтан бұл жұмыс нәтиже беріп жатқан жоқ. Кейбір аймақтар келісімшарттарында тұрақтандыру қорынан шығару мерзімі 5 айға дейін созылған. Сонымен қатар ол жерден көкөніс толық көлемде емес, аздаған мөлшерде ғана шығарылады. Ал Атырау облысында 2022 жылдың қыркүйегінен бастап, тұрақтандыру қорларынан шығарылған көкөністер 6 сауда нүктесінде кассалық аппаратынсыз сатылып келген. Ал Алматыда қырыққабатты тек сәуір айында ғана шығару жоспарланған. Біз мұндай қадамдармен маусымаралық тауар интервенциясынан нәтиже көре алмаймыз», дейді Сауда комитеті төрағасының міндетін атқарушы Айдар Әбілдабеков.
Айдар Әбілдабеков қазіргі таңда Тәжікстаннан келісімшарт бойынша ерте пиязды елге әкелу мәселелері қарастырылып жатқанын айтты. Бір қызығы, пияз бағасы қымбаттағанымен, елде пияз тапшылығы жоқ. Неге десеңіз, Абай, Жетісу, Солтүстік Қазақстан және Атырау облыстары Тәжікстаннан ерте пиязды мерзімінен бұрын жеткізуді қажет етпесе, ал Шығыс Қазақстан мен Батыс Қазақстан облыстары оны мамыр айында ғана қабылдайтынын айтқан.