Жаңалықтар

Қазақстан автонарығында қытайлық көліктердің қатары артады

Қытайлық брендтердің сатылым қарқыны арта түспек. Фото: Orbis Auto

Exeed дистрибьюциясының Қазақстандағы директоры Борис Сасин 2023 жылы Қазақстан автонарығында қытайлық көліктердің сатылым қарқыны артады деп тұжырымдайды.

ҚХР-дан келген автобрендтер ел тұрғындары арасында танымал. Қазақстандық автобизнес қауымдастығының статистикасына сәйкес, былтыр қытайлық өндірушілер ҚР автонарығындағы үлесін үш есе арттырды: 2021 жылғы 4%-дан 2022 жылы 11%-ға дейін жеткен.

«Қытайдың автомобиль өнеркәсібі қарқынды дамып келеді. Бұл дамудың әсері сол, олар жаңа нарықтарға шығып, оларды жаулап алып жатыр. Бұл процесс үдей түспесе, кемімейді. Біз нарықта Қытайдан келген жаңа брендтерді көреміз. Өте үлкен бәсеке орнап, олар [қытайлық автобрендтер] Қазақстанда да, басқа елдерде де өз үлесін арттыратын болады», деді Сасин.

Orbis Auto (брендтің ҚР нарығындағы ресми өкілі) компаниясы биыл Exeed автокөліктерін сатуды 3 есе өсіруге ниетті. Orbis Auto компаниясының бас директоры Динара Ысқақова осы брендке қатысты жоспарларын айтып өтті.

«Астанадағы Exeed дилерлік орталығының құрылысына салынған инвестиция $3,7 млн құрады. Бұл біздің компания жаңа премиум брендке қандай үміт артып отырғанын байқатады. Алғашқы жылдағы сатылымнан-ақ бұл үмітіміз ақталғандай: Қазақстанда қазірдің өзінде 1 876 автомобиль сатылды. Елордамызда автоорталық ашу арқылы бренд тұтынушыға жақындай түседі», деді ол.

Exeed қазақстандық нарыққа бір жылдай бұрын, 2022 жылдың мамырында кірді. Содан бері ол Қазақстанда ең көп сатылатын брендтердің ондығы қатарынан көрінді Бұндай деректі Автобизнес қауымдастығы келтіріп отыр. Сондай-ақ, көшбасшылар арасында басқа да қытайлық брендтер бар: Қазақстандағы сатылымы тек 2021 жылдың желтоқсанында басталған Chery мен JAC. Соңғысы Қостанайдағы «СарыарқаАвтоПром» зауытында жиналады.

«Былтырдан бері Қытай маркаларының нарықтағы үлесінің артуы – ресейлік зауыттан жеткізілетін еуропалық және жапондық брендтердің танымал модельдерінің отандық нарықтан шығуымен байланысты», деп атап өтті Автомобиль нарығын мониторингілеу және талдау агенттігінің Бас директоры Артур Мискарян.

«Астана Моторс» қазақ мотор компаниясының баспасөз қызметі қытайлық көліктердің танымал болуына көлікті зауыттан тікелей жеткізуден бөлек, бағасына сапасының сай және технологиялық тұрғыда озық болуы әсер етті дейді.

Болашақ жергілікті өндірістің еншісінде

Қазақстанда қытайлық автобрендтер шығаратын көліктер санының одан әрі артуы негізінен жергілікті өндірістің дамуына байланысты болады.

«Қазір кезде Қазақстанда 1 қытай брендінің көліктері шығарылып жатыр. Жаңа брендтер өндірісі жолға қойылғаннан кейін олардың үлесі артады. Өйткені жергілікті өндіріс бағасы импортпен салыстырғанда біршама арзан болады», деді Артур Мискарян.

Алдағы бірнеше жылда Қытайдың бірнеше брендінің көліктері Қазақстанда құрастырыла бастайды.

«2022 жылдың күзінде «Астана Моторс» қытайлық Chery Automobile Company, Changan International Corporation және Great Wall Motor автомобиль концерндерімен меморандумға қол қойды. Қазірдің өзінде өндірістік қуаты жылына 90 мыңға дейін көлік шығаруға мүмкіндік беретін мультибренд зауыт құрылысы басталды. Кәсіпорында 3 қытайлық марканың автокөліктерін дәнекерлеу және шанақ бояуы бар шағын түйін әдісімен шығарылатын болады», деді «Астана Моторс» баспасөз қызметі.

Биылдың өзінде «СарыарқаАвтоПром» базасында қытайлық Jetour брендін шығаруы тиіс. Orbis Auto оған қоса Exeed автокөліктері өндірісін осында орналастыруды жоспарлап отыр. Бұған дейін компания жылына 80 000 жеңіл көлік шығаратын толық циклді мультибрендті зауыт құрылысын бастап жатқанын жазған.