Жаңалықтар

Шардара мен Көксарай су қоймайларында жағдай күрделі – министр

Су тасқыны қаупі жоғары. Фото: kursiv.media

Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин су тасқыны кезеңінде Шардара мен Көксарай су қоймайларында жағдай әлі күрделі екенін айтты.

«Жыл басынан бері Шардара су қоймасында және Көксарай су реттегішінде жағдай күрделі. Қазір Шардара су қоймасының суға толуы – 5,1 млрд м3 немесе 98%. Көксарай су реттегішінде – 1,8 млрд м3 немессе 98%. Осыған байланысты Су ресурстары комитетінің тапсырысы бойынша «Қазгипроводхоз» институты тексеру жүргізіп, оның техникалық жай-күйі туралы қорытынды берді. Оған сәйкес жинақтау 1,8 млрд м3 судан аспауға тиіс», – деді министр Үкімет отырысында.

Министр бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрлігіне бірнеше рет хабарланғанын атап өтті.

Шардара су қоймасынан және Көксарай су реттегішінен көп мөлшерде су ағызған жағдайда Түркістан және Қызылорда облыстарына су тасқыны қаупі төнеді.

«Қызылорда облысының солтүстік аудандарындағы мұз қатуды Су ресурстары жөніндегі комитет су шығыны төмен кезде белгілеген. Бұл жағдайды қиындата түседі. Экология және табиғи ресурстар министрлігі (олардың басшылығымен) Шардара су қоймасы мен Көксарай су реттегішінде судың жинақталу барысын бақылау үшін ведомствоаралық жұмыс тобын құру жөніндегі біздің ұсыныстарымызды есепке алмады», деді Юрий Ильин.