ҚТЖ Сиянь қаласының құрғақ портында терминал салатын болды

Жарияланды
ҚТЖ Қытаймен әріптестігін кеңейтіп жатыр. Фото: kursiv.media

Қазақстан темір жолы Қытайдың Сиянь қаласындағы құрғақ порт аумағында терминал салатын болды. Осы мақсатта Қытай тарабы 8 гектар жер бөледі деп хабарлайды ҚТЖ баспасөз қызметі.

«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басшылығы 1 наурызда Қытайға ресми сапарлап, қала мэрі Ли Миньюан бастаған Сиань қаласы әкімшілігімен кездескен.

Кездесу барысында көлік маршруттары мен инфрақұрылымды дамыту мәселелері талқыланған.
Тараптар Сиань қаласы Қытайдың ең ірі көлік-логистикалық хабы екенін атап өтті.

«Оның аумағында «Сиань халықаралық сауда-логистикалық паркі» халықаралық құрғақ порты орналасқан. Осы құрғақ портқа жүктердің 40% Қазақстан тарапынан келеді, сондай-ақ мұнда ҚХР-ЕО қатынасымен жөнелтілген контейнерлік пойыздардың жалпы көлемінен контейнерлердің 30% қалыптастырылады», делінген хабарламада.

Кездесу қорытындысы бойынша келісімге қол қойылып, соған сәйкес Сиань қаласындағы Құрғақ порт аумағында терминал салу үшін 8 гектар жер учаскесі бөлінбек.

Сиань қаласының мэриясы «ҚТЖ» ҰК» АҚ-ға жаңа логистикалық жобаны іске асыру бойынша қолдау көрсетуге дайын екенін растаған.

Сиань – Қытайдың солтүстік-батысындағы ең үлкен қала, Шэньси провинциясының астанасы. Сиань округінің халқы 12 миллионнан астам адамды құрайды.

Бүған дейін ҚТЖ мен британдық OneWeb компаниясы Қазақстанның темір жолдарындағы интернет байланысын жақсартуға бағытталған келісімге келген еді.

Сондай-ақ оқыңыз