Ресейге – шектеу, ал Қазақстанға қайталама санкция қатері бар ма?

Жарияланды
Ресейге салынған санкция зардабы Қазақстанға тиіп жатыр. Фото: www.shutterstock.com

Ресейге қарсы салынып жатқан санкциялар ағыны толастар емес. Бірер күн бұрын ЕО 10-шы санкция пакетін жариялады. Ол бойынша Ресейге экспорттауға тиым салынатын тауар тізімі кеңейіп, енді оның қатарына арнайы техника, бөлшектер мен электронды техника енгізілді.

Сонымен қатар РФ арқылы транзитке тыйым салынды. Қазір тап осы транзитке салынған тыйымның зардабын Қазақстан тартудай ақ тартып жатыр. Польша аумағында 300 жүк көлігі қаңтарылып тұр. Бұдан бөлек, санкция өндіріс пен қаржы секторының сан саласын қамтиды. Ресейдің 121 жеке және заңды тұлғасына санкция бөлек салынған. Соғыстың бір жылдығы қарсаңында АҚШ-та «сый-сыяпатсыз» қалған жоқ. Құрама штаттың жаңа санкция пакетіне металлургия, аэроғарыш, тау-кен, технология және басқа салалардағы бірнеше кәсіпорын, 22 жеке, 83 заңды тұлға іліккен.

Экономист Алмас Чукиннің айтуынша, банк саласына бағытталған санкция секторды біржола тұралатып тастауға қабілетті. 

«Банк саласында секторды тазалау аяқталды. АҚШ, ЕО және Ұлыбритания қалған ірі банктердің барлығының дерлік еуроға қолжетімділігін жапты. Бұл банктер SDN-ға (АҚШ азаматтарына бизнеспен айналысуға тыйым салынған ұйымдардың «қара тізімі» – ред.) ілікті. Банк бәлкім еуро, долларсыз өмір сүре алатын шығар, бірақ «қара тізімге» кіру – бұл жантәсілім ету. Банк жалғыз өзі өмір сүре алмайды. Сбер мен ВТБ әзірге РФ-да жұмыс істеп жатыр. Бірақ қайталама санкция қаупі төне бастады», дейді.

Сарапшының сөзінше, бұл пакеттің бұрынғылардан айырмашылығы – онда көптеген компаниялар, санкцияларды бұзғаны үшін санкцияға ұшыраған жүздеген адамдар бар.

«Санкцияға «Мегафон», «Сколково» да ілікті. АҚШ-та ресейлік алюминийге тыйым салынды десе болғандай – баж салығын 200 пайызға өсіруді қарасырып жатыр. РФ-ға дүрбі, қарда жүретін көліктер, сорғыларды және жүк көліктеріне арналған қосалқы бөлшектерді сатуға болмайды. Осыған дейін түсініксіз болып келген тұрмыстық техникалар мәселесі де біржақты болды. Оған баға шектеуі енгізілді – енді РФ мен Беларуске бағасы 300 доллардан жоғары смартфон, ыдыс жуу машинасы және қысқа толқынды пеш және бағасы 100 доллардан асатын шаңсорғыш, бағасы 750 доллардан асатын тоңазытқыш пен кондиционер сатылмайды. АҚШ үкіметі бұл тауарларды қарулы күштер қажеттілігіне қолданылуы мүмкін қос мақсаттағы дүниелер деп санайды», дейді экономист.

Тәуелсіз шолушы, сарапшы Қуаныш Еділхантегінің сөзінше, қазір ресейлік жүк көліктері Қазақстан нөмірін тағып алып Еуропаны шарлап жүр.

«Қазақстанда тіркелді дегені болмаса олар жүктің барлығын Ресейге тасып жатқан көрінеді. Демек бұған Қазақстан Үкіметі жол беріп отыр деген сөз. Әрине, біз білмейтін жағдайлар бар шығар, қанша дегенмен Ресей мына жақтан қысым көрсетіп, бопса жасап отыр ғой. Тым құрыса «олай істемеңдер» деп көз қылып, қыр көрсетіп қоюымыз керек еді ғой. Оның үстіне Шенген визасын да қазақстандықтар үшін тоқтатты деп жатыр. Виза берген кезде ұзақ процедурамен беретін 30 шақты ел бар екен, енді соның қатарына бізді де қосып қойыпты. Айдаладағы Ресей біреумен соғысты екен деп біз зардап шекпеуіміз керек еді. Бірақ соның өзінде қаншама зияны тиіп жатыр», дейді.

Зардабы тиіп жатқаны расында жалған емес. Тап қазір ЕО елдерінен тауар әкеле жатқан қазақстандық жүк көліктері Польша аумағында тұрып қалды. Иә, мемлекет оларды Литва арқылы шығарып алуға тырысып жатыр. Бірақ бұл Польша, одан әрі Беларусь және РФ-ны басып өтетін транзитіміздің тұяқ серпуі секілді. Себебі ЕО РФ арқылы транзитке толықтай тыйым салды. Демек бізге құрлық жолымен тасымалды әртараптандыруға тура келмек. ATI.SU халықаралық жүк тасымалы биржасы қазақстандық өкілдігінің директоры Рената Зобова бізге берген сұхбатында әзірге Латвия және Финляндия арқылы тасымалдау мүмкіндігі сақталады дейді.

«Транскаспий дәлізін балама маршрут деп қарауға болады. 2022 жылы бұл бағытпен тасымал 2,5 есе өсіп, 1,5 млн тонна болды. Бірақ ол дәстүрлі бағытпен салыстырғанда 2-3 есе қымбатқы шығады. Сондықтан бұл бағыттың өтімділік қабілетін арттырып, порт инфрақұрылымы сапасын жақсартып, шекара процедурарын жеңілдету және цифрландыру керек. Заманауи цифрлық қызметтерді пайдалану жүк жөнелтушілер мен тасымалдаушыларға тасымал кезіндегі өскен шығындарды өтей отырып, өз шығындарын азайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар Таяу шығыс және Оңтүстік Азия елдерімен сауда қатынасында басты каналға айналуы мүмкін «Солтүстік – Оңтүстік» дәлізі де дамып келеді», дейді Рената Зобова.

Саясаттанушы Никита Шаталовтың айтуынша, Энтони Блинкеннің Қазақстанға сапары біз үшін өте тиімді аяқталды.

«Бәріміз АҚШ Мемхатшысы ультиматум қояды деп ойладық. Алайда келіссөз достық райда өтті және ол Қазақстанның Украинаға гуманитарлық көмек жібергенін жоғары бағалайтынын айтып, Тоқаевты Зеленскиймен хабарласып отырған Орталық Азиядағы жалғыз лидер деп мәлімдеді. Ресми Вашингтон біздің позициямызды қолдайды және Қазақстанға ешқандай санкция салмайды. Ең бастысы – АҚШ өңірдегі экономикалық ахуалды шынайы бағалап, ОА-ның Ресейге тәуелділігін түсіне бастады. Біріншіден, Блинкен антиресейлік санкциядан зардап шеккеніміз үшін өтемақы төлеуге уәде берді, екінші жағынан ұзақ уақыт бойы тоқтап қалған тікелей инвестициялардың басталатынын жариялады. Меніңше, сапалы инвестициялық жобалар санкция саясаты үшін тәуір компенсация болар еді. 90 жылдары Ресей берген түрлі гуманитарлық көмек бізге қажет емес. Біріншіден, біз көпвекторлы сыртқы саясатты сақтауға мүмкіндік беретін экономикалық міндеттемелерді орындауға дайынбыз. Екіншіден, біз дамуға мүдделіміз және Вашингтон модернизация мен технологиялар трансферті арқылы ғана аймақтың Ресей Федерациясына тәуелділігін азайта алатынын түсінуі керек», дейді саясаттанушы.

АҚШ Мемхатшысы кеше өткізген брифингте Ресей агрессиясына байланысты ОА елдеріне белсенді қолдау көрсететіндерін жария етті.

«АҚШ Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың былтыр наурызда жариялаған реформа бағдарламасын қолдайды. Біз, әрине, Қазақстан қабылдайтын іс-шаралар мен атқаратын жұмыстарды бақылап, саралап отырамыз. Мәселен, елдегі адам құқығын қорғау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, оның тамырын жою секілді. Сондай-ақ президенттік мерзімге қатысты жүргізіліп жатқан реформалардың орны ерекше. Бұл өзгерістер өз кезегінде Қазақстанды инвестиция құюға қолайлы ел ретінде көрсетеді. Біз 1991 жылдан бері Қазақстан экономикасына 50 млрд доллардан астам инвестиция құйдық. Болашақта да АҚШ тікелей инвестиция көлемін арттыруға ниет білдіріп отыр. Біз жаңа бағыт пен жаңа экспорт нарығын табуға көмектесу үшін 25 млн доллар бөлдік. Ресейлік санкцияның салқыны тиіп отырғанын жақсы түсінеміз», деді Энтони Блинкен.

Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердінің айтуынша, Қазақстанда шындап келгенде қайталама санкция тұзағына ілінбей қалуы ықтимал бірде бір компания жоқ.

«Қазақстанның Ресеймен де, Украинамен де ұзақ мерзімді тарихи байланысы бар. Ұзақ уақыттан бері біздің экономикамыз өзара байланысты және дәл осы себеппен бұл ахуал біз үшін, біздің экономикамыз үшін қиындық тудырып отыр. Бізде қайталама санкцияға ілінбей қалуы мүмкін бірде бір сектор, бірде бір компания жоқ. Біз санкциялардың жағымсыз салдарына ілінбеудің жолын қарастырып жатырмыз. Қазақстан Еуразиялық одаққа мүше және Қазақстан, Ресей және осы одақтың басқа мүшелері арасында ешқандай кедендік шекара жоқ екенін түсінетін шығарсыз. Сондықтан шекараларымыз арасындағы еркін сауда, тауар және қызмет процестерін басқару қиынға соғады. Бірақ сонымен бірге біз ресейлік немесе басқа шетелдік компаниялардың санкциядан жалтару мүмкіндігін болдырмауға тырысамыз», деді СІМ басшысы брифинг барысында.

Оның айтуынша, Қазақстан мен АҚШ арасында қайталама санкциялар қабылдануы мүмкін жаңа кейстер бойынша алдын ала хабардар етіп отыратын ұлттық координаторлар жұмыс істейді.

Сондай-ақ оқыңыз