Жаңалықтар

Қазақстаннан Сауд Арабиясына тауар экспорттайтын компаниялар қатары артты

Сауд Арабиясына 34 компания тауар экспортайды. Фото: www.shutterstock.com

Қазақстаннан Сауд Арабиясына тауар шығаратын экспортерлар қатары тағы 19 компаниямен толықты деп хабарлайды АШМ баспасөз қызметі.

Бұған ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті мен Сауд Арабиясының Азық-түлік және дәрі-дәрмек басқармасы арасындағы белсенді ынтымақтастықтың нәтижесінде қол жетіп отыр.

Сауд Арабиясына өнімді экспорттауға құқығы бар кәсіпорындардың тізіліміне  15 қазақстандық ет өңдеу зауыты және 4 бал мен ара шаруашылығы өнімдерін шығаратын компания енген.

Осылайша, тізілімде Сауд Арабиясының аумағына жануарлардан алынатын өнімдерді жеткізе алатын барлығы 34 отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушісі бар.

Қазақстаннан Сауд Арабиясы Корольдігіне ет өнімдерін экспорттауға мақұлданған кәсіпорындардың тізімімен мына сілтеме арқылы танысуға болады.

Қазақстан ет пен балдан бөлек, Сауд Арабиясына нан және ұннан жасалған кондитерлік өнім, ферроқорытпа, сұйық сорғы, арнайы мақсаттағы машиналар мен механикалық құрылғылар, өзге де қара металдардан жасалған бұйымдарды, өзге де қара металдардан құйылған бұйымдар, карбид, геодезиялық немесе топографиялық аспап пен құралдарды, топырақты сұрыптауға және ұсақтауға арналған жабдықты экспорттайды.

Ад Сауд Арабиясынан импортталатын негізгі тауарлардың қатарына тоқыма емес материалдар, құрамында азот бар басқа функционалдық топтармен қосылыстар, сұйықтықтарды немесе ұнтақтарды шашыратуға немесе бүркуге арналған механикалық құрылғылар, қант, бояулар мен өзге де лактар, сулы емес ортадағы синтетикалық полимерлер негізіндегі бояулар мен лактар, өзге де бояғыш заттар, қара металдардан жасалған құбырлар, түтіктер және жіксіз профильдер жатады.

ҚР Сауда және интеграция министрлігінің мәліметі бойынша, Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасындағы тауар айналымы 2022 жылы 16,5 млн долларды құрады, былтырғы сәйкес кезеңімен салыстырғанда 90,5%-ға жоғары (8,6 млн доллар). Былтыр ҚР-дан САК-қа экспорт көлемі 14,2%-ға төмендеп, 4,7 млн долларды құрады.

Сауд Арабиясынан Қазақстанға импорт 2022 жылы 3,7 есе өсіп, 11,8 млн долларға жетті.