Ақпан айының қорытындысы бойынша, теңге бағамы 1 АҚШ доллары үшін 445,66 теңгеге дейін 3,2%-ға нығайды. Қазақстан қор биржасындағы сауда-саттықтың бір күндегі орташа көлемі бір айда 103-тен 130 млн АҚШ долларына дейін ұлғайды. Бұл туралы Ұлттық банктен хабарлады.
«Сауда-саттықтың жалпы көлемі 2,6 млрд АҚШ долларын құрады. Бір ай ішінде валюта нарығы сұраныс пен ұсыныс тұрғысынан теңгерімді болып, айырбастау бағамы нарық талаптарына сай қалыптасты. Бағамның нығаюы «салық кезеңі» факторымен және шетелдік инвесторлардың ҚР мемлекеттік бағалы қағаздарға кіруімен де байланысты болды» делінген ақпартта.
ҰБ дерегінше квазимемлекеттік сектор субъектілерінің валюталық түсімін сатуы өткен айда шамамен 295 млн АҚШ долларын құраған. Айта кету керек, квазимемлекеттік сектор компаниялары екінші деңгейлі банктер арқылы валюта нарығында сатуды дербес жүзеге асырады.
«Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферттерді қамтамасыз ету үшін валюта сату ақпанда 590 млн АҚШ долларын құрады. Ұлттық қордан сату үлесі сауда-саттықтың жалпы көлемінен 23%-ды құрады және бір күнде 30 млн АҚШ долларынан аспады. Ұлттық қордың қаражатымен операциялар жүргізу кезінде Ұлттық Банк нарықтың бейтарап қағидатын сақтайды. Бұл шетел валютасын тұрақты және біркелкі сату дегенді білдіреді. Осы тәжірибе валюта нарығына Ұлттық Қор операцияларының әсерін барынша азайтуға мүмкіндік береді» делінген хабарламада.
Ақпаратқа сәйкес, БЖЗҚ зейнетақы активтерінің валюталық үлесін 30% деңгейінде ұстап тұру мақсатында Ұлттық Банк ақпанда биржалық сауда-саттықта шетел валютасын сатып алуды жүзеге асырды, оның жалпы сомасы 226 млн АҚШ доллары на шықты немесе нарықтың жалпы көлемінен шамамен 9% болды.
Ақпанда Ұлттық Банк валюталық интервенциялар жүргізген жоқ.
«Наурызда Ұлттық қордан нақты сату көлемі Қаржы министрлігінің республикалық бюджетке трансферттерді бөлуге арналған өтініміне байланысты болады. Қаржы министрлігінің қажетті трансферттердің сомасы бойынша ағымдағы болжамды бағдарлары негізінде алдын ала Ұлттық Банк теңге түсімдеріне қарай 750-ден 850 млн АҚШ долларына дейін мөлшерде валюта сатуды жоспарлап отыр» делінген ақпаратта.
БЖЗҚ зейнетақы активтерінің валюталық үлесін қолдау үшін наурызда 200-ден 240 млн АҚШ долларына дейін мөлшерде валюта сатып алынады деп күтіледі.
Ұлттық Банк транспаренттілік қағидаты аясында валюта нарығында жүргізілетін барлық операция туралы толық ақпаратты жария етуін жалғастыра береді.
Қысқа мерзімді перспективада теңге динамикасы геосаяси жағдайдың өзгеруіне, ішкі қатысушылардың күтулеріне және әлемдік нарықтардағы жағдайға байланысты болады. Ұлттық Банк теңгерімсіздік жинақталуына жол бермейтін және алтын-валюта резервтерінің сақталуын қамтамасыз ететін икемді бағам белгілеу режимін ұстануды жалғастырады.