Елімізде өнеркәсіптің өндіріс процесіндегі энергия шығынын азайту жоспарлануда

Жарияланды

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Электр энергетикасын дамыту және энергия үнемдеу институтымен бірлесіп, 2023-2030 жылдарға арналған Энергия үнемдеу саласын дамыту және энергия тиімділігін арттыру тұжырымдамасын әзірлеуге кірісті. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Бұл жұмыс Мемлекет басшысының энергия үнемдеу саясатын өзгерту мен экономика салаларындағы энергия тиімділігін арттыру жөніндегі тапсырмасын іске асыру аясында қолға алынғанын айта кетейік.

Тұжырымдаманы дайындаудағы негізгі мақсат экономиканың басым секторларында (бюджет секторы, энергетика, өнеркәсіп, көлік саларында энергияны тиімсіз пайдалануды төмендету және бұл бағытта халықпен ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу) энергияны тұтыну мен отын-энергетикалық ресурстарды тиімсіз пайдалануды азайту арқылы Қазақстанның ІЖӨ-де қуат көздерінің сыйымдылығын төмендетіп, энергия тиімділігін арттыру үшін қолайлы жағдай жасау.

 Аталған құжатты әзірлеуге Германияның GIZ халықаралық ынтымақтастық жөніндегі қоғамы, Еуроодақтың «SECCA Еуропалық одақтың Орталық Азиядағы тұрақты энергетикалық өзара байланысты қамтамасыз етуді қолдау» бағдарламасы, сондай-ақ БҰҰ-ның Даму бағдарламасы мен Жапонияның JICA агенттігі тартылғанын айта кеткен орынды.

Аталған тұжырымдаманы іске асыру өнеркәсіптің басым секторларында өндіріс процесіндегі энергия ресурстарының шығынын азайтып, бюджеттік сектор мен ТКШ-да қуат көздерін тұтынуды үнемдеуге жол ашады. Осы арқылы өнеркәсіп орындарында өнім өндірудің тиімділігі мен кіріс көлемі артып, тұтастай алғанда экологиялық жағдай жақсарады деп көзделген.

Сондай-ақ оқыңыз