Өңірлерге республикалық бюджеттен 7,2 трлн теңге беріледі – Сенатта заң талқыланды

Жарияланды
Фото: Kursiv.media

Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков Сенатта өткен заң жобасының таныстырылымында «2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы баяндады.

Сенат қарауына 2023 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау туралы заң жобасы ұсынылған.

Темірбековтің айтуынша, 2023 жылға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамының көрсеткіштері бұрын бекітілген деңгейде сақталады.

«Бюджет тапшылығының мөлшері жалпы ішкі өнімнің 2,7%-ын құрайды, бұл белгіленген бюджеттік қағидаларға сәйкес келеді. 2023 жылға арналған республикалық бюджеттің кірістері 721 млрд теңгеге ұлғайды», – деді қаржы вице-министрі.

Бюджет шығыны ішінде 672 млрд теңге шығын қайта бөлінді. Соның нәтижесінде 2023 жылға трансферттерді есепке алмағанда республикалық бюджеттің кірістері 14,6 трлн теңге көлемінде жоспарланып отыр.

Айтуынша, бюджеттегі кіріс пен шығынды қайта қарау барысында 2023 жылға республикалық бюджеттегі түсім 1,5 трлн теңгеге ұлғайып 19,3 трлн теңгені құрайды.

Бюджет шығыны 1,5 трлн теңгеге артып 22,5 трлн теңгеге жетеді.

ӨҢІРЛЕРГЕ БӨЛІНГЕН ҚАРАЖАТ

Өңірлерді нығайтуға және инфрақұрылымды дамытуға 240 млрд теңге бағытталады. Оның ішінде қалалар мен ауылдарда ауыз сумен қамтамасыз етуге 109 млрд теңге бөлінген.

«Ауыл – ел бесігі» жобасын одан әрі іске асыруға 55 млрд теңге қарастырылған. Бұл сома 200 ауылдық елдімекенді жаңғыртуға бағытталған.

«Инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамытуға 24 млрд теңге бағытталған. Ірі қалалардың, шағын және моноқалалардың шеткі аймағын дамытуға 27 млрд теңге жоспарланған», – деді қаржы вице-министрі.

Энергетика секторына 144 млрд теңге бағыттау жоспарланған. Жылумен жабдықтау жүйелерін салу және реконструкциялауға – 69 млрд теңге. Жылу, электр энергетикасын дамытуға бағытталатын сома – 74 млрд теңге.

Сондай-ақ азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және ауылдық жерлерде жаппай жұмыспен қамту үшін жағдай жасау мақсатында 233 млрд теңге қарастырылған.

«Қаражат Жамбыл және Солтүстік Қазақстан облыстарының тәжірибесін кеңейтуге, агроөнеркәсіптік кешенді одан әрі дамытуға бағытталады», – деді ол.

Көлік инфрақұрылымы мен логистиканы дамытуға 373 млрд. теңге бағытталады. Оның ішінде:

көлік инфрақұрылымы – 124 млрд теңге;

жылжымалы құрамды жаңарту – 19 млрд теңге;

компанияның жолаушылар вагондарын сатып алу – 163 млрд теңге.

Экономиканың нақты секторын дамытуға 152 млрд теңге қарастырылған. Армияны жаңғыртуға және әскери қызмет жағдайларын жақсартуға қосымша 95 млрд теңге бөлу жоспарланған.

«Мектепке дейінгі білім беру ұйымдары педагогтерінің еңбекақысын ұлғайтуға және колледж студенттерінің стипендиясы мөлшерін арттыруға қосымша шығын көзделген. Студенттік жатақханаларда орын тапшылығы мәселесін шешу, ғылымды дамыту және білім берудің басқа да маңызды мәселелерін шешуге 54 млрд теңге қарастырылған», – деді ол.

Әлеуметтік қорғау саласына бөлінетін қаражат – 234 млрд теңге бөлінеді. Оның ішінде:

халықтың әлеуметтік осал топтарының ішінен 6500 отбасын жалдамалы тұрғын үймен қамтамасыз етуге 63 млрд теңге;

әлеуметтік кодекс шеңберінде іс-шараларды іске асыруға 52 млрд теңге.

«Әлеуметтік төлем, мүгедектігі бойынша жәрдемақы мөлшерін арттыру және жалпы ерекше қажеттілігі бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту жоспарланып отыр», – деді вице-министр.

Денсаулық сақтауды дамытуға қосымша 149 млрд теңге қарастырылған.

«Жалпы 2023 жылы өңірлерге республикалық бюджет қаражаты есебінен 7,2 трлн теңге қарастырылған. Бұл бюджеттің жалпы шығынының шамамен 32%-ы», – деді қаржы вице-министрі.

Сондай-ақ оқыңыз