Отандық ет өңдеу саласы мен ет экспортын дамытуға не кедергі?

Жарияланды
Фото: kursiv.media

Қазақстан бірнеше жылдан бері жолға қоя келе алмай келе жатқан бір мәселе – ет өндірісі. Фермерлер ішкі нарықты қамтамасыз ете алмай отыр. Осымен бірнеше жыл қатарынан еліміз сиыр, жылқы, құс етін үлкен көлемде импорттап келеді. 2022 жылдың қаңтар-қарашасы аралығында біз салқындатылған, қатырылған еттің барлық түрі бойынша 38,6 мың тонна ет экспорттаппыз. Әрине, бұл 2021 және 2019 (коронадағдарысқа дейінгі жыл) жылдармен салыстырғанда 6,5 және 66,9 пайызға жоғары. Ал аталған кезеңдегі импортымыз экспорттан бірнеше есе асып түседі. Дәлдеп айтқанда – 144,5 мың тонна ет сатып алынған. Соның 88 пайызы – құс еті.

Сарапшылар ахуалдың біртіндеп жақсарып келе жатқанын айтады. Олардың сөзінше, ет экспорты тұрақты түрде ұлғайып келеді. Ал соңғы екі жылда импорт көлемі төмендеді. Ал ет өнімдері бойынша жағдай тіпті күрделі. Былтыр 11 айда Қазақстан сыртқы нарыққа 149 тонна колбаса тасымалдап, 39,1 мың тоннаны сырттан сатып алған. Импорт экспорттан 262 есе көп.

Статистикаға зер салар болсақ, былтыр отандық фермерлер қой еті бойынша халық сұранысын толық өтеген. Сиыр еті бойынша – 98,6 пайызға, жылқы еті бойынша – 97,5 пайызға қамтамасыз ете алған. Бұл ретте елде әлі күнге дейін құс еті (өз өндірісіміз – 67,4 пайыз), консервілер (импорт –  37,9 пайыз) және шұжық өнімдері (шетелдік жеткізілімдер – 39,7 пайыз) жетіспейді.

Отандық ет өңдеу өнеркәсібінің баяу дамып жатуының бір себебін Ет одағының директоры Мақсұт Бақтыбаев былай тарқатады.

«Фермерлерде бәсекеге қабілетті ірі өңдеу кешендерін салу үшін инвестиция жоқ. Тұрақсыздыққа байланысты шетелдік инвесторлар қазақстандық жобаларға қаржы салуға асығатын емес. Мысалы, бізде халықаралық жоғары стандарттарға сай бургер үшін котлет өндіретін елде бірде бір ет комбинаты жоқ. Ондай кәсіпорынды 2020 жылы италиялық Cremonini компаниясы іске қосуы тиіс болған. Бұған қатысты меморандум Ауыл шаруашылығы министрлігімен 2016 жылы жасалған. Алайда ведомство басшысы ауысып кетті де, даму векторы да ауысып сала берді. Сондықтан инвестор жобаны тастап кетіп қалды», дейді Мақсұт Бақтыбаев.

Оның айтуынша, мал басын экспорттауға шектеудің енгізілуі саланың даму қарқынын бәсеңдетіп кеті.

«Үш жылда мал сатып алу көлемі 5 есе азайды, кәсіпорындардың үштен бірі жұмыс істемей тұр. Қалғандары мал сатып алу көлемін айтарлықтай қысқартты. Ет комбинаттарында жұмыс қызып жатқан жоқ. Экспорт көлемінің тарихи максимумы пандемияға дейінгі 2019 жылы байқалған еді. Ол жылы ет түрінде және тірі күйінде ет эквиваленті бойынша 80 мың тонна экспортталды. Пандемия мен экспортқа шектеу енгізілуі салдарынан ішкі нарыққа қысым күшейіп, көтерме баға 20 пайызға төмендеді. Құлдырау тізбегі әрі қарай жалғасты: экспорт жоқ – фермерлерден мал сатып алынбайды – мал басы азайды – шаруалар бизнестен кете бастады. Мәселені түбегейлі шешетін кез келді. Біз субсидиясыз жұмыс істеуге дайынбыз. Бірақ экспорт пен валюталық түсім тұрақты болуы керек», дейді ол.

Ет өңдеу кәсіпорындары қауымдастығының атқарушы директоры Азамат Орымбаевтың айтуынша, бізге сыртқа мал басын емес, ет экспорттауға ерекше мән беру керек.

«Стратегиялық жоспар бойынша ет экспортына басымдық беру өте маңызды. Бір немесе екі тікелей экспорттық арналар негізінен шектеулі және сала үшін үлкен тәуекелдерді тудырады. Біріншіден, өңдеу саласы құрдымға кетеді де, қосымша құн тудыратын терең қайта өңдеу ісі дамымай қалады. Бұдан бөлек, өңдеу, жеңіл өнеркәсіп сияқты аралас салалардың дамымай қалатыны тағы бар. Екіншіден, біз қайта өңдеу ісін жоғалту арқылы осы арнаға тәуелді боламыз, өйткені енді бағаларды біз айтпаймыз, олар белгілейді. Мұндай кезде қандай азық-түлік қауіпсіздігі жайлы әңгіме болуы мүмкін? Шығаратын қорытынды – сату каналдарын әртараптандыру, яғни ет пен жартылай фабрикаттардың экспорттық нарығын максималды түрде көбейту керек», дейді сарапшы.

Қазақстан негізінен өзінің сиыр етін Өзбекстан, БАӘ, ЕАЭО елдеріне сатады. Өзбекстанға сиырдан бөлек, қой мен ешкі етін де белсенді сатамыз. Ал өзіміз Украина, Парагвай, Үндістан, Бразилия, Уругвай, Моңғолия және Аргентинадан ет сатып аламыз. 

Азамат Орымбаевтың пікірімен келісуге болатындай. Мәселен, Өзбекстан Қазақстаннан ет емес, негізінен малды тікелей сатып алуға ынталы.

«Фермер бұқаны тірілей салмағымен сату арқылы тек ет үшін ақша алады. Заманауи ет комбинаттарында малдың терісі мен ішкі мүшелерінен бастап қан, мүйіз, тұяққа дейін барлығы дерлік қайта өңдеуге жіберіледі. Қазақстан тірі бұқаны сата отырып, әрі кетсе 1000 доллар алады. Бұл – еттің бағасы. Ал қалғанының барлығы сатып алушыға тегін барады деген сөз. Өзбекстан малды сойып, субөнімдердің өзінен қосымша 120 доллар ақша табады. Терісінің өзі 20 доллар береді. Яғни, бұл – қосымша өтімділік», дейді Eldala.kz порталының бас редакторы Сергей Буянов.

Фермерлер одағының ШҚО-дағы өкілі Серік Байғалиевтің айтуынша, экспорт мен импорт көлеміне қатысты баланс қажет.

«Ауыл шаруашылығы министрлігі экспортқа шығатын мал санына шектеу қойса, онда әр ауыл өзінің қанша мал экспорттай алатынын білуі керек. Жалпы, фермерлерге ешқандай шектеу болмауы керек. Ел бойынша барлық фермердің экспортқа жіберетін көлемін анықтауымыз керек. Облыс ауданнан, аудан ауылдық округтен, ауылдар шаруалардан санын сұрап алса, белгілі бір мөлшер шығады. Егер ет өңдеушілер тиімді баға ұсынса, онда ешкім малды экспортқа шығармайды. Бұл – нарық. Пайда қайда болса, кәсіпкер сонда барады», деді Серік Байғалиев.

Әзірге көзқарас екіге жарылып тұр. Бір тарап етті өз ішімізде өңдеуіміз керек, экспортқа тірі малды шығармайық десе. Ендігі бір топ ірі малды сатуға шектеу қойылмауы тиіс деген ұстанымда.

Қалай болғанда да салаға үлкен көлемде инвестиция қажет екені түсінікті болып отыр. Бұл бір жағынан фермерлердің сенімділігін оятса, екінші жағынан отандық ет халықаралық стандарттарға да сай болады және экспортқа да кедергісіз, сенімді шығады.

Energyprom сарапшыларының айтуынша, бұған дейін австралиялық Cedar Meat компаниясы да Шығыс Қазақстандағы Аягөз ауданында саламын деп жоспарлаған инвестициялық жобасын аяғына дейін жеткізбеген екен. Компания басшыларының бірі Эндрю Фернихоф 2018 жылы Altay Invest инвестициялық форумында мәміле жасасқан. Бірақ жоба әлі құрылыс кезеңіне жетпеген.

Тағы бір мысал, Біріккен Араб Әмірліктеріндегі корольдік отбасының өкілі Халиф бен Халид  Шығыс Қазақстандағы Бородулихин ауданында ет өндірісі бойынша агроферма құрылысына 45 млрд доллар салуға ниеттенген. Алайда кейінірек инвестордың ойынан айнып қалғаны туралы ақпарат тарады. 

Сондай-ақ оқыңыз